Наверх

Погода в Астане: 14 апреля, ночь: +2° 4 м/с14 апреля, утро: +6° 5 м/с14 апреля, день: +17° 6 м/с14 апреля, вечер: +9° 4 м/с

Қазақ әліпбиі – мемлекеттің басты құндылығы

2118
Фото: Ашық ақпарат көзінен.

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына  өзгеріс енгізді. Осыған сәйкес, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа редакциясы бекітілді. 

Елбасы Жарлығымен өзгертілген латын графикасының жаңа нұсқасына байланысты біз ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетованың пікірін ұсынамыз.

Қазақстан ХХI ғасырда Еуразиялық кеңістікте аспан асты және күншығыс елдерімен қатарласа, Стратегиялық бағыттарын нақты белгілеп отырған  - Ұлы дала елі. Бұл мәртебеге жету үшін тәуелсіздік жылдары аса зор күш- жігер жұмсалынғаны мәлім.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев, латын әліпбиіне көшу идеясын 2012 жылдың 14 желтоқсан күні «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған кезде айтқан болатын. 2017 жылдың 12 сәуірінде «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау қажеттігін» мәлімдеді. 

Қазақ тілінің құндылығын бұрмалайтын артық қаріптерді алып тастау жолдарын іздестіру және төл емле-ережелерді қалпына келтіру оңайға соқпайтыны белгілі. Алайда, қазіргі техниканың тілі дамыған заманда бар мүмкіндікті пайдалану арқылы діттеген міндетке жетуге болатындығы айқындалып отыр. Қазақ тілі үндестігін бұзбай-сызбай толық сақтайтын фонемаларды қалай жасаймыз? Дәл осы сұрақтар аясында тіл ғылымы саласының ғалымдары жылдар бойы айналысып, жұртшылыққа негізгі нұсқаларын ұсынды. Мұны түрлі сала ғалымдары және жұртшылық талқылауына ұсынды. Қоғамдық пікірлер ескерілді.

Тіпті шетелдік сарапшылар да үн қосты. Мәселен, Әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мусабеков «жаңа әліпби - ұлттық бірегейлікті нығайту, мемлекеттік тіл ретінде деңгейін күшейту» десе, Хангук шетел тілдері университетінің профессоры Сон Ен Хун оның «корей студенттерінің қазақ тілін жылдам үйренулеріне көмектесетіндігін» білдіреді.

Бундестаг халықаралық істер жөніндегі комитеттің парламенттік хатшысы Андреас Ян: «латын қарпіндегі әліпбиге көшу – жастар үшін зор мүмкіндіктер» екенін жеткізеді.  Мимар Синан Түрік мемлекеттік өнер университетінің профессоры Абдуақап Кара мұның «рухани өрлеу және бүкіл әлемде тұратын қазақтар әліпбиінің бірлігіне кепілдік беретінін» ашып көрсетеді. Қазақстан үшін латын жазуына көшу жаңалық еместігін айта келе, оның табиғи заңдылық екенін айтады. Және бүкіл құжаттаманы ауыстыру сияқты кезеңдік күрделі жұмыстарды Қазақстанның ойдағыдай атқаратынына сенімді. Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Франсис Етьен болса, бұл аударма үдерісін жеңілдетіп, мемлекеттар арасындағы қатынастарды жақындастыруға септігін тигізетіндігін сөзге тиек етеді. Латвиядан Еуропарламент депутаты, Андрей Мамыкин: «Қазақстан латын жазуына көшуге көптен дайындалып келеді және Президенттің соңғы жолдауы сенсация емес. Ұлт көшбасшысы ретінде, дәл қазір сол өзгерістерді жасаудың уақыты келді деп шешті. Бұл алға басушылық – көптеген еуропалық саясаткерлерге үлгі боларлықтай».

Расында, алдымызда рухани төңкерістің тұрғаны және ол тағдыршешті мәселе екені айқын. Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың бастау көзі болмақ. Ол қазақ тілінің халықаралық сипатына жол ашатындығы сөзсіз.

Тіл – ұлттың жаны. Тіл – біріктіру құралы. Жазу қарпі, яғни әліпби – халықтың дүниетанымын білдіретін айғақ дүние. Әліпби - білімге, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне, оның келешегіне әсер ететін маңызды фактор. Қазақ тарихындағы бірнеше мәрте жазу графикасының (көне түркі, араб, латын, кириллицаға) ауыстырылу салдарының нәтижесі, өздеріңізге мәлім. Жаңа қаріптегі әліпби, Қазақстанды өркениет бағытына бұратынына сенімдіміз.

Рухани жаңғыру жолында, мысалы ағылшын тілі - әлемдік ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесуіне қолайлы мүмкіндік береді. Бірнеше тілді меңгеру, әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне жол ашады. Білімді мыңды жығады. Осы орайда, латын әліпбиі, шет тілдерді меңгеруге оң септігін тигізбек. Ендеше, мұның барлығы заманауи жас буын өкілдерінің болашағы.

Қазақстан үшін латын қарпіндегі әліпби – әлемнің ақпараттық кеңістігіне кіруге, озық технологиялар мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады. Қазақстандықтардың рухани-мәдени әлеуеті деңгейін нығайтады. Бірте-бірте қазақ тілі бауырлас түркітілді елдермен жақындай түседі.

Үш тұғырлы тіл арқылы, қазақ тілінің халықаралық сипат алуы, инновациялық техникалық құралдардың тілін меңгеру жеңіл болмақ.

Бұл – қазақстандықтарды, түбі бір түркі елдерімен туыстық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, ел мен елдің ынтымағын арттырары сөзсіз. Бұл – ауқымды дипломатиялық қатынастарға, өркениеттік рухани-мәдени қатынастар мен діни конфессияаралық үндестіктердің қалыпты дамуына ықпал етеді. Сонда ғана бабалар аманатын абыроймен көтеріп келе жатқан Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясы тек қазақстандықтарға ғана емес, адамзат үшін қажеттілігі айқындала түседі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әліпбиін бекіту – заман талабы. Біз шекарамызды шегендеп алдық, рәміздерімізді бекіттік. Ал, Қазақ елінің ерекшелігін білдіретін төл нышаны, мемлекеттіліктің негізі – ана тілі.  Латын қарпі негізіндегі, қазақ әліпбиі  - басты құндылығымыз. Жаңа әліпби – әлемдік өркениет өрісіне апарар тура жол.

Оценить материал
0