Екі мұсылман елі криптовалютаны пайдаланбақ

Біріккен Араб Әмірлігі Сауд Арабиясының Орталық банкісімен екі елдің арасындағы ақша аударуда криптовалютаны пайдалану турасында уағдаласты. Бұл туралы ҚМДБ сайтында жарияланды.
БАӘ орталық банк жетекшісі Мүбәрак Рашид әл Мансұридің мәлімдеуінше, аталған екі елдің криптовалютаны пайдалануы блокчейнге негізделеді.
Бұған дейін әлемде криптовалюта дүрбелеңі орын алғанда аталған екі елдің орталық банктері криптовалютаға сенімсіздікпен қарайтындарын мәлім еткен болатын.
Биылғы шілде айында Саудияның орталық банкі биткоинмен сауда жасаушылармен күресетінін ескертіп, криптовалютаны реттеу және қадағалау мүмкін еместігін алға тартқан еді. Енді криптовалютаның табиғаты мен технологиясын игеру қажеттілігін көтеріп отыр.
Криптовалютаның қатерлі жағы көп болғанына қарамастан виртуалды болғандықтан онымен сауда жасау, қаржы аудару, т.б. операцияларды орындау қолайлы, шығыны аз әрі уақыт үнемдеуге болады. Араб елдерінің бас қаржы мекемелері осы жағын ескергенге ұқсайды.
Тағы бір айта кететіні, криптовалютамен сауда жасауға екі елдің аумағында тыйым салынған, тек трансшекаралық қаржы аударымы үшін ғана пайдаланады.