Атырауда келер жылы тірексіз көпір құрылысы аяқталады

Махамбет ауданында салынып жатқан көпір жаңа көлік дəлізін құруға жəне облыс орталығын кептелістен азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысын облыс əкімі Нұрлан Ноғаев тексерді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпір 180 тонна жүк көтереді, ұзындығы - 860 метр, ені - 13 метр. Кірме жолдың жалпы ұзындығы - 8,5 шақырым. Көпір бірегей құрылым бойынша - толықтай бетоннан, тірексіз жасалған.
Қазір нысанға автокөлік жолы салынып, құрылыс алаңында жұмыс тиімді болу үшін мобильді бетон зауыты орнатылды. Жүретін жол екі жолақтан тұрады, көпір бойында жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған.
Аймақ басшысы жаңа көпір құрылысы өңірдегі шағын жəне орта бизнестің дамуына серпін беріп, автокөліктерге жаңа көлік дəлізін ашатынын атап айтты. Көпір құрылысы 2018 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.