Оңтүстік Қазақстанда асфальт-бетон өндіру зауыты салынады

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында грециялық инвестор сағатына 200 тонна асфальт-бетон өндіретін зауыт салмақ. Аудандағы индустриалдық аймақта салынатын зауыттың жобалық құны 1 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы облыс әкімінің сайтында жарияланды.
Құрылысы келер жылы басталатын асфальт-бетон өндіру жобасының инвесторы грециялық NIOVI S.A компаниясы құрылтайшысы болып келетін «Soldatos» ЖШС-нің бас директоры А.Шынтаевты облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қабылдап алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінде мемлекет тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтқан әкім Оңтүстік - экономикалық әлеуеті зор, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін атап өтті.
«Облыста 11 индустриялды аймақ пен жеңіл өнеркәсіп бағытындағы бір арнайы экономикалық аймақ бар. Облыста инвестиция тарту және инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсететін аймақтық даму институттары жұмыс жасайды. Институттар кәсіпкерлерге кеңес береді және қаржылық пен инфрақұрылымдық көмек көрсетеді», - деді өңір басшысы.
Өз кезегінде сөз алған компания басшысы бұған дейін ауданда мобильді асфальт зауытын іске қосып, Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан инспекторлық жолдарға асфальт беріп келгенін жеткізді. Сонымен бірге ол екінші желісін келер жылдың жаз айында аяқтауды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, «Soldatos» ЖШС-нің инвесторлары Мақтаарал ауданындағы жобадан бөлек, Сарыағашта сағатына 150 тонна, ал Түркістан қаласында сағатына 200 тонна асфальт-бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.