Қарағандыда «Оңалту түрмесі» республикалық пилоттық жобасы жүзеге асырылмақ

Қарағанды облысы «Оңалту түрмесі» республикалық пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін таңдап алынды. Ол бас бостандығынан айырылғандарды қайта әлеуметтендіру бағытында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың жұмысын біріктереді,деп жарияланған облыс әкімдігінің сайтында.
Жобаны бастау және жүзеге асыру мәселелері Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңестік органның отырысында талқыланды. Қазақстанда Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2017-2019 жылдарға пробация қызметінде есепте тұрған және темір тордың арғы жағынан босап шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалту Кешендік стратегиясы бекітілген.
- Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру өзекті міндеттердің бірі болып табылады, оны шешу тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бірінші кезекте жергілікті атқарушы және басқа да орталық мемлекеттік органдарға, сонымен қатар азаматтық қоғам институттарына да тәуелді, - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқарушы жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.
Оның айтуынша, бас бостандығынан айырылғандарды әлеуметтік бейімдеуде дамыған елдердің тәжірибесі қолданылады. Ол бостандыққа шығатын тұлғаның еңбек, тұрмыстық және басқа да мәселелерде кешендік көмек көрсету қарастырылады. Ішкі істер министрінің жарлығымен ведомствоаралық жұмыс топ құрылған.
Еуропалық Одақ қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық сарапшы шақыртылған. Пилот ретінде Қарағанды облысының екі мекемесі таңдалған: Қарабастағы АК-159/18 және Долинкадағы АК-159/20.
- Қарағанды облысы бекерден «пилот» ретінде таңдалған жоқ. Оған ҚАЖ департаментінің, жергілікті атқару органдарының, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың бірлесе атқарған нәтижелі жұмысы түрткі болды.
Облыс әкімімен Кешендік стратегияны жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарын атқару бойынша желілік кесте құрылды, - деп атап өтті М.Аюбаев.
2018-ші жылдың сәуіріне дейін жоба Қарағанды облысында апробациядан өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл тәжірибе одан кейін барлық республика бойынша таратылмақ.
ҚАЖД мәліметтері бойынша 2017-ші жылдың 10 айында түзеу мекемелерінен 614 адам бостандыққа шыққан, олар облыстың қалалары мен аудандарына көшіп кеткен.
- 2017-ші жылдың 1-ші қарашасына дейін темір тордың арғы жағынан шыққан және пробация қызметінде жұмысқа тұру үшін есепте тұрғандар саны 530 адам, олардың 276-ы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 49 – әлеуметтік жұмыстарға, 51 – қоғамдық жұмыстарға. 52 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілген, - деп мәлімдеді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Максим Галиуллин.