Оңтүстік Қазақстанда өткен жылы 20 мыңнан астам адам отбасын құрған

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы 128 мыңнан астам азаматтық хал актілері тіркелген. Атап айтқанда, 80 мыңға жуық бала тууға, 20937 некеге куәлік берілді. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабеков мәлім етті.
Бұдан өзге, өткен жылы жалпы облыс көлемінде 604 заңды тұлға және 141 филиал мен өкілдік тіркелген. Көрсетілген қызмет түрлерінен бюджетке 19 млн. теңгеден астам мемлекеттік алымдар түсіп, 2016 жылға қарағанда 5 пайызға көбейіп отыр. Сондай-ақ, өткен жылы тіркелген жылжымайтын мүлік саны да артқан.
- Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылдың қорытындысы бойынша жеке және заңды тұлғалардан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге жалпы 150 мыңнан астам өтініш қабылданды. Жылжымайтын мүлікке электронды түрде тіркеу саны 49 мыңнан асқан. Былтырғы жылдың қорытындысы негізінде мемлекеттік тіркеуден 218 379 575,4 теңге алым сомасы өндірілді, - деді Мейіржан Нұржанұлы.