Биыл ШҚО-да кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 9 жоба жүзеге асырылады

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 114 миллиард теңгенің тоғыз жобасы іске асырылады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуі барысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
2010 мен 2017 жылдар аралығында облыста жалпы сомасы 589 миллиард теңгені құраған 43 жоба, оның алтауы (381 миллиард теңге) былтыр жүзеге асырылған.
– Кәсіпкерлікті қолдау картасына енген жобалардың ең ірісі деп Ақтоғай тау-кен комбинатының құрылысын айтуға болады. Бұл өндіріс орны бүгінде әлемдегі алпауыт комбинаттардың біріне айналды. Былтыр комбинаттағы мыс өндірісінің көлемі 90 мың тоннаға ұлғайса, катодтық мыс өндірісі 25 мың тоннаға дейін артқан. Бүгінде комбинатта 650 адам еңбек етсе, оның 350-і ғана негізгі жұмысшылар екенін айтқым келеді. Цифрландыру мен ақылды технологиялар деген осы, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Өскемен арматура зауытындағы жаңғырту жұмыстары аясында кәсіпорында роботтандырылған дәнекерлеу кешені іске қосылған. Ол еңбек өнімділігін 40 пайызға арттырып, шығарылатын өнімнің сапасына берілетін кепілдік мерзімін 36 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды жоба «ТАГ-ТИН» ЖШС-нің майлы дақылдарды (рапс) қайта өңдеу зауытының құрылысы. Аталмыш зауыт импортты алмастыру бағытында жұмыс істейтін болады.
Облыста заманауи технологиялардың көмегімен Бақыршық кен байыту комбинатына қарасты алтын кенішін игеру жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Аталған кеніштің жылына 1,8 миллиард тонна қазба байлығын өндіруге шамасы жетеді. Жоба толық күшіне 2019 жылы енеді деп жоспарланған.
Дереккөз: ШҚО әкімінің ресми сайты.