Ақтөбеде сыбайлас жемқорлық пен заң бұзушылыққа қарсы күрес жұмысы күшейтіледі

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы аймақтағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтарды талдау нәтижесі, сонымен қатар ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы болды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық прокуратура басқармасының басшысы Қанат Нахимбековтың айтуынша, 2018 жылдың басынан мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін тәртіптік құқық бұзушылықтардың 87 фактісі анықталды. Олардың жартысынан көбі ішкі істер органдарының қызметкерлері.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық уәкілетті органдардың басшыларына, соның ішінде Ақтөбе облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатовқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, жиын барысында жыл басынан бері облыс аумағында жасалған ұрлық пен тонау туралы статистиканың өсуі байқалатындығы атап өтілді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары ұрланған мүлікті сату орындарын анықтау және жою жөніндегі жұмысты жандандырады.
Сондай-ақ, қылмыстың жалпы деңгейін төмендету мақсатында ағымдағы жылдың 4 сәуірінен бастап облыста «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қалпына келтіріледі.