Қарағандыда мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталықтар ашылды

Қарағанды облысында Теміртау мен Құрма ауылдық округінде мектепке дейінгі балаларға арналған екі шағын орталық ашылды, деп хабарлайды Объектив.kz облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Құрма ауылындағы мектептің жанынан ашылған «Еркетай» шағын орталығы 50 орынға шақталған. Онда қазақ және орыс тілдерінде дәріс беретін әртүрлі жастағы екі топ құрылған.
Шағын орталықты жабдықтауға жергілікті бюджеттен 7 млн теңге жұмсалған. Мұнда мультимедиялық кабинет, робототехника бөлмесі, психолог кабинеті бар.
Теміртау қаласындағы 100 орынға шақталған шағын орталық №22 ЖББМ жанынан ашылды. Білім мекемесіндегі бос бөлмелерді мектепке дейінгі жастағы балаларға беру туралы шешім қабылданған. Мектеп ғимаратында жөндеу жүргізілді, ол жұмыстарға 120 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Енді мекеме жаңа форматпен жұмыс істеп жатыр: «мектеп – шағын орталық».
Қарағанды облысында мектепке дейінгі біліммен 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 98%-ы қамтылған. 2018-ші жылдың соңына дейін 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізуге мемлекеттік – жекеменшік әріптестіктің дамуы септігін тигізуде.