Наурыз мейрамында 192 қарағандылық отбасы баспаналы болды

Қарағандылық 192 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Пәтерлердің кілтін оларға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов табыстады, деп хабарлайды Объектив.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Берілген пәтерлерді алғашқы болып көпбалалы, мүгедек балалары бар, сондай-ақ толық емес отбасылар алды. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде, әр отбасы үшін баспаналы болу - үлкен арман болып келсе,Наурыз мейрамында сол армандарына қол жеткізген отбасылардың қуанышына ортақ екендігін білдірді.
- Жаңа қоныс - ол тек сіздердің ғана қуаныштарыңыз емес, оған біз де - қала, облыс басшылығы қатты қуанамыз.Себебі Елбасы алдымызға үлкен міндет қойды: аймақ тұрғындарының әлеуметтік өмір деңгейін көтеру. Ол үшін біз жұмыс істеуіміз қажет. Ең басты және қиын міндет - барлық мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, - деді Ерлан Қошанов.
Алдағы оқу жылы қарсаңында жаңа ықшам ауданда 1200 орынға шақталған мектеп ашылады. Үйлердің төменгі қабаттарында емхана мен мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтарға орын қалдырылған.
Күн жылына аулалар абаттандырылатын болады: асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылады, балалар алаңы құрылады.
Барлығы жаңа тұрғын үй кешенінде 1125 пәтер бар. Жыл соңына қарай барлық үйлердің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек.Бүгінгі таңда облыс орталығында 15714 адам баспанаға кезекте тұр.