Наверх

Погода в Астане:21 октября, вечер: +5° 6 м/с22 октября, ночь: +2° 4 м/с22 октября, утро: -2° 3 м/с22 октября, день: +5° 4 м/с

Хас талантқа қамқорлық қажет

2062
Фото: Ашық ақпарат көздерінен алынды.

Жұмыста отырып, бір материалды аяқтап тастайыншы дегенімше, телефоныма түскен хабарлама ойымды бөліп жіберді. Ашып қарасам, кезінде Жезқазған жерінде ширек ғасыр музыкалық училищені басқарған Қуандық Стамбакиев ағамыздан келіпті. Қысқа ғана, бір мәселеге қатысты менімен қалай жолығуға болатынын өтініш қылып жазып жіберіпті. Сөйлесіп, жұмыс орнымды, қай кезде келуіне болатынын айттым. Әрқашан өзі үшін емес, өзгелердің қамы үшін шырылдап жүретін жанның мені іздеуінің сыры мынада екен:

— Жезқазғанда жұмыс істегеніңде де осындай мәселелермен келуші едім, айып етпе, айналайын. Күн сайын көз алдымда ауруы меңдеп бара жатқасын шыдап отыра алмай, өзіңді іздедім. Сен білуге тиіссің, былтыр  ғана шығармашылық кешін өткізген. Астанадағы барлық өнер ұжымдары оның шығармаларын ойнайды, өзі композитор, әрі дирижер Мұқаметқали Тіналинді айтып отырмын. Ауыр дертке шалдықты, қазір үйінде. Жағдайы нашарлап бара жатқасын, өнердегі, өмірдегі құрдасым, қатты қадірлейтін досым, ең негізгісі ерекше талант иесі, аңқылдаған осы Арқаның бір азаматы ғой.

 Тағдырдың жазуы шығар, осы дерттен айыға алмай тұр. Қазір жұбайы Айгүл музыка мектебінде сабақ береді. 2004 жылы дүниеге келген ұлдары Бахтияр мүгедек болып туған. Жатақханада тұрады бәрі, Мұқаметқалидың ауырғанынан бастап жатақханада жайсыз болғасын пәтер жалдап тұрып жатыр. Үйдің кезегінде 3 мыңыншы ма, әйтеуір бар көрінеді. Содан бәрін көріп отырып, қолымнан не келеді, ең болмаса  талантты жанның тағдырына алаңдайтын біреу табылар, қала басшылығы естісе көмектесер деген үмітпен өзіңді іздеп едім. Мұндай кездерде көпшілікке жеткізетін журналистер ғой…

Қуандық ағай осылай аз уақыттың ішінде бар айтарын айтып жеткізіп, қалғанын саған тапсырамын, қолымда бар құжаттары осы деп сары папканы қолыма ұстатты.

Қолыма ілінген алғашқы материал «Астана ақшамы» газетінде былтырғы жылы жарияланған журналист Азамат Есенжолдың «Арқаның арқалы перзенті» атты мақаласы. Мұқаметқали Хасенұлының жастайынан өнерге құштарлығын, өнер жолындағы жетістіктерін, шығармашылық жолынан негізгі оқиғаларды оқырманға жеткізген. Былтырғы өткен композитордың «Есілім-еркем» шығармашылық кешінен дайындалыпты. Оқи отырып, мақаланың түйінді сөзіне көзім түсті:

— Өмірде үн-түнсіз ғана жүріп, туған жұрты үшін қыруар іс бітіріп жүрген азаматтар бар. Солардың бірі — Мұқаметқали Тіналин. Шығармашылық кеште композитордың құшағы гүлге толып тұрды. Сондай сәтте Қадыр мырза әлі ағамыздың «Ескерусіз қалмасын бір ісі де, талантты қадірлейік тірісінде» деген шумағы ойыма келді», — депті.

40 жыл өнер өлкесінде  жүріп, өскен өңірінің мәдениетінде өзіндік қолтаңбасы бар, елімізде ғана емес, шет елге гастрольдерге шыққан өнерпаздарымыз шығармаларын орындап жүрген, талай жандар «Біздің дала» деп әнін әуелете шырқаған Мұқаметқали Тінәлин жайлы өнердегі әріптестері де, қатар жүрген достары да, соңынан ерген шәкірттері де оның өнер жолы жайлы ақтарыла сыр шертері анық. Ал дәл қазір науқасы дендеген талант иесіне, құр жылы лебіз емес, шынайы қамқорлық қажет.  

 

Біздің анықтама:

63 жасқа биыл толған, барлық саналы ғұмырын, яғни өмірінің 40 жылдай уақытын туған жерінің өнерін өркендетуге арнаған жанның өмірбаянына үңілсек:

1979 жылы туған жері Ақмолаға оралып, жас жеткіншектерді өнерге баулиды. Алғаш Ақмолада ұлттық аспаптар оркестрін құрған. Осы жылдар ішінде талай тамаша туындылар жазып, қаншама шәкірт тәрбиелеген.

40-тан астам әннің авторы, қазақ ұлттық аспаптарға арналған күйлері мен шығармаларын айтпағанның өзінде, 200-ге тарта оранжировкасы бар, «Наз» би театрына арнап «Нұрғиса» хореографиялық қойылымын музыкалық көркемдеген де  осы Мұқаметқали Тіналин болатын.

Мектепті бітірісімен Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына домбырашы мамандығына түсіп, концерт орындаушысы, мұғалім, дирижер кәсіби біліктілігі бойынша аяқтайды.

Жас ұрпақтың қамы үшін «Балаларға базарлық» әндер жинағын шығарыпты. Астананың өнеріне қосқан үлесі үшін 2014 жылы «Мәдениет  саласының үздігі» төс белгісімен марапатталған. Нұрғиса Тілендиевті айрықша құрмет тұтқан оған Нұрғиса ағамыз көзі тірісінде, шығармашылығына ризашылығын білдіріп, батасын берген екен.

Оценить материал
0