Наверх

Погода в Астане: 26 июня, ночь: +13° 4 м/с26 июня, утро: +18° 6 м/с26 июня, день: +20° 9 м/с26 июня, вечер: +13° 6 м/с

Ұлытау ұлы тұлғаларын ұлықтауда

3658
Фото: Ашық ақпарат көздерінен.

Үш жүздің басын қосқан,татулықтың тал бесігі атанған қасиетті Ұлытау өңірі осы айда ел есінде қалар үш маңызды мәдени шараны өткізді. Оның бірі жақында ғана Сәтбаев қаласында ұйымдастырылған «Текті өнердің төресі-терме» республикалық жыршы-термешілердің сайысы болатын.

Бұл шараның республикаға есімі  кеңінен танымал ақын, жырау Шынболат Ділдебаевтың атындағы Кеншілер сарайында өтуінің өзі үлкен ғибрат аларлық іс.

«Сырда туып,қырда өстім» деп жырлаған, сан сайыста Жезқазған жерінің намысын қорғаған, бір ғана «Шындық туралы» толғауының өзі еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер сүйер жанның көңілін жаулаған өзі кенші, өзі жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың Ұлытау өңірінің өнерін дамытуда еңбегі зор екенін көпшілік қауым жақсы біледі.

Кезінде Ақтөбе мен Жезқазған арасында өткен республикалық айтыста: «Ақтөбені білсе білер барлық жұрт, Жезқазғанды Галактика біледі» - деп суырып салған жырын әлі күнге қала халқы мақтанышпен еске алып жүреді.

Сондықтан бұл игі шара оған республикамыздың барлық өңірінен арнайы келген өнерпаздардың көңілінен шыққаны жайлы айтылып,жазылды.

Ал бүгінгі абыз баба, аңыз жырау, тарихта ерекше орны бар - Кетбұқаға Жезқазған төрінен алып ескерткіштің бой көтеріп,салтанатты ашылуының өзі жас ұрпақтың өткенге ой жүгіртіп, тарихи тұлғаларының есімін жадында сақтаумен қатар, елдіктің белгісіндей көңілге жылылық ұялатады. 

Ескерткіштің салтанатты ашылуына  Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев, облыстық мәдениет бөлімінің басшысы Еркебұлан Ағымбаев,  алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай,тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев, «Төлегетай» қорының төрағасы Қайрат Мусин,Жезқазған өңірінің тумасы,қоғам қайраткері М.Көпеев т.б. арнайы қонақтар келіп қатысты. 

Бұл игілікті шара Төлеген Бүкіров басқарған "Қазақтың Кетбұқасы" қоғамдық бірлестігінің қолға алуымен, қала әкімдігі мен "Қазақмыс корпорациясының қолдауымен жүзеге асқанын да айта кеткеніміз жөн.Тарихи тұлғаның ат үстіндегі қоладан құйылған еңселі ескерткішінің биіктігі — 10,5 метр. Ат үстіндегі жыраудың ескерткіші Октябрь Секемановтың жетекшілігімен Астанада жасалған. Скульпторшы мамандар Асқар Нартов пен Серік Рүстембеков. Ескерткіші, тұғыры және барлық жұмыстары 81 млн. теңгеге түскен бұл игі істің қаржылай салмағын "Қазақмыс" корпорациясы мен ондағы ұлт мүддесіне жанашыр азаматтар көтерген.

Ал үшінші маңызды шара, дәл бүгін Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында ашылған Жанат Хаджиев атындағы бірінші аймақтық театрлар фестивалі.

Бұл жолғы фестиваль тікелей С. Қожамқұлов театрының бастамасы бойынша өткізіліп отыр. Біздің ұсынысымызды әр аймақтағы әріптестеріміз қолдап, ат салысқанына ризашылығымызды білдіреміз. Фестивальге барлығы  7 театр келіп қатыспақ. Осы ізгі шара арқылы театр атты киелі өнердің үлгісі мен үрдісін жаңғыртып, биікке асқақтата көтерген айтулы режиссер, дарынды тұлға Жанат Хаджиевті еске алу, есімін ұлықтай отырып оның қайталанбас ерен еңбегін насихаттау, кейінгі жас таланттарға үлгі ету — басты мақсатымыз, дейді театр директоры Еркебұлан Жұмакенов.

Оның айтуынша,фестивальге келген өнер ұжымдары негізінен кезінде режиссер Жанат Хаджиев дайындап, қолтаңбасын қалдырған қойылымдарды әкелген.

Жанат Хаджиев Жезқазған театрының атағы елімізге кеңінен танылуына, үш рет республикалық театрлар фестивалінің осы өңірде ұйымдастырылуына үлкен үлесін қосқан, театр өнерінің өркендеуінде қайталанбас қолтаңбасы бар талант.

5 күнге созылатын фестивальде Ғ.Мүсірепов атындағы  академиялық жастар мен балалар театры Т. Ахтановтың «Ант» спектаклін қояды. Бұл қойылымды кезінде Ж. Хаджиев дайындаған болатын. Ж. Аймауытов атындағы Павлодар қазақ музыкалық-драма театры да Ж. Хаджиевтің режиссерлығымен сахнаға шыққан Е. Төлеубайдың «Оян қазақ... Ойлан қазақ!» спектаклін ұсынбақ.

Фестивальға қатысушы құрметті қонақтар қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғанат Жақыпбай, өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті Меруерт Жақсылықова, С. Қожамқұловтың қызы Мәриям Серәліқызы, Мәскеуде бірге оқыған щепкиндік бір топ түлектер бар.

Сонымен қатар, облыс мәдениетінің өркендеуіне айрықша үлес қосқан Рымбала Омарбекова, облыстық мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Алмагүл Өсерова, ұзақ жыл театрдың басшысы болған Майра Серкебаева және басқа да құрметті қонақтар келіп қатысуда.

Осылайша,Ұлытау елінен, Жезқазған жерінен атағы аңыз болған абыз жыраудан бастап, өнері мен өмірі жас ұрпаққа өнеге болар талантты тұлғаларын еске алған тағлымды шаралар бастау алып жатыр.

 

Оценить материал
0