Наверх

Погода в Астане: 21 ноября, вечер: -2° 3 м/с22 ноября, ночь: -2° 4 м/с22 ноября, утро: -2° 4 м/с22 ноября, день: +5° 4 м/с

Астанаға келіп «Абайды» іздедім...

2686
Фото: Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Біз алғаш 2010 жылы кездестік. Шығыстан шыққан ақын қыз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызының «Донор және тек», «Құрсақсыз ана» философиялық поэмаларын оқып, оның шығармашылығының ерекшелігін ұғынғандай болғанмын. Әрине, Астанаға біреу арман қуып келеді, біреу жұмыс іздеп, енді бірі атағымды шығарсам деп, мансап қуып келетіндер де бар. Ал, Алмахан Астанаға келіп «Абайды» іздедім дейді. Әрі қарай Алмахан жүрегіндегі «Абайды» бірге іздеп көрейік.

- Сіз, Астанаға осыдан жеті жыл бұрын келдіңіз. Оған дейін қайда қызмет істедіңіз, Астанаға келе сала «Абайды» іздеуіңізге не себеп болды?

- Оған дейін 1992-2010 жылдар аралығында 18 жыл Семейдегі Абай музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Музейде жүргенде күнделікті қызметімді атқарып, өткізіліп жатқан жұмыстарға өз үлесімді қосқан шығармын, бірақ дәл Астанаға келгенде ғана Абайдың құдіретін сезінгендей болдым. Алдымен, қаланың білім басқармасына барып сұрасам, онда отырған қыздар: «бізде Абайды әр мұғалімдер өздері оқытады, арнайы бекітілген жоспар ештеңе жоқ», - деп шығарып салды. Солай, іздей-іздей, Қазақстан-Ресей университетінен бір-ақ шықтым. Ондағылар бізге қазақ тілі кабинеті керек деді, мен оған қосып «Абай» орталығын ашсам деген ойымды айттым. Солай жүріп, 2 ай шамасында кабинет деп бастағанмен ашылуына  келген үлкен кісілер оны Абай орталығы деп кетті.

Осы жерде бір айта кетерім, ұлы ақынның мұрасын зерттеп, танып-білу мақсатында жоғарғы оқу орындарында алғаш рет арнаулы пән ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында 1942-43 оқу жылдарында М.О.Әуезовтың ұйымдастыруымен Абайдың әдеби мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеу басталған болатын. Содан 4 жылдың ішінде қаншама Абайтанушылар қаулап шықты ғой, қазір тек Мекемтас Мырзахметов аға қалды, келесі жылы ол кісі 90-ға келеді. Мекемтас аға 1992 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында орталық ашқан, ол да 4 жыл жұмыс істеп, қаржы жоқтықтан жабылып қалды. М.Әуезов айтқан ғой: «Абай-мұхит,мен одан қасықпен алдым», деп, сонда біз ше?

- Сіз, Астанадан «Абай» орталығын аштыңыз ғой, бас-аяғы аз уақытта қаншама жұмыстар істеп үлгердіңіз, бірақ орталық тағы 4 жылдан кейін жабылды, солай емес пе?

- Жаңа айттым ғой, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы Қазақстан-Ресей университетінің жанынан ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылды. Абайдың ақындық айналасы, шығармашылығы, Абай жинаған мұралар негізінде қазақ этнографиясымен тығыз байланыса қалыптасқан бұл орталық кейін кеңейіп, екі залға ұлғайды.Алғашында университеттің қазақ әдебиеті мұғалімдерін тартып, кейіннен оған Астанадағы мектептердің мұғалімдері қосылды. Орталықтағы барлық жауапкершілікті өзімнің мойныма алдым. Жыл бойы байқау, семинарлар өткізіп одан 1, 2 орын алған оқушыларды, студенттерді «Ұлылар мекеніне саяхатқа» апардық. Егер мұғалімдер Абайға қатысты жаңашылдықпен сабақ өткізсе, жаңа бағыт ұстанса оларды да саяхатқа апарамыз деп, бәрі де сондай қызығушылықпен жұмыс істеді. Мұғалімдерге өзім курстық сабақ жүргіздім. Сонымен қатар, ешбір ақшасыз маған көмекке ЕҰУ-нің ғалымдары Серік Негимов, Ғарифолла Есім, Омар Жәлел келіп сабақ жүргізді. Қалай риза болмассың?! 32 сағат курстық сабақ соңында сертификаттар табыстап отырдық. Сонымен  4 жыл ішінде тәуелсіз еліміз үшін руханиятқа аса қажет болып отырған «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының бастамасымен «Абайтану курсы», «Ұлылар мекеніне саяхат», «Абай биігі - ұлт биігі», «Әнді сүйсең менше сүй» бағдарламалары Астана үшін де ел руханияты үшін де аса қажет бастамаға айналды. Аталған университетте екі бөлмелі экспозициялық зал, 3 мыңға жуық тарихи жәдігерлер мен деректі фильмдер жиналып, жеті мыңның үстінде қала жұртшылығы мен студенттер қатысқаны да тарих қойнауына енгізілді десе де болады.

Төрт жыл ішінде тұрақты дәстүрге айналған «Ұлылар мекеніне саяхат» бастамасы бойынша 147 адамды Семей жеріне апарып, Ұлылар мекеніне экскурсиялық-танымдық саяхат ұйымдастырған осы орталық екені аян. Қазір ойлаймын, сол кезде қалай қорықпай қаншама оқушы, мұғалімдерді автобуспен ешқандай жол қиындығын ескермей апардым деп. Жолда біреуі ауырып қалса, әлдеқандай жағдайлар болса, көзсіз батырлық екен ғой бәрі...

Жол бойына М.Әуезовтың «Абай жолындағы» тарихи оқиғаларды баяндаған жерлеріне тоқтап, кітапта жазылған Абайдың балалық шағы өткен жер,Ақшоқы, бәрін аралап көзбен көріп қайтқасын, олардың бәрі Семейге кіре сала Шәкәрім көшесіне орналасқан кітап үйіне автобусты тоқтатып қойып, «Абай жолы» мен  Мұхтар Әуезовтың шығармаларын сатып алғанда, алғашқы кездері көзіме жас келетін. Оқушылар ата-аналарының берген аз ғана ақшасына «Абай жолын» алып қайтар жолда аса бір қимас дүниесіндей аялап келе жатқанын көзіңізге елестетіп көріңізші?! Ондай сәттен кейін сапарды ұйымдастыру кезіндегі сабылысты да,сан шақырым жол ұзақтығын да елемей кетесің, келе сала жаңа жұмыстарға құлшына кірісетінмін.

- Астанаға келгенде алдымен білім басқармасына барғанда, олар Абайды өз бетінше әр мұғалім оқытып жүр деген жауап алыпсыз, ол кезде «Абайтану» мектептерге енгізіле қоймаған болатын. Одан кейін төрт жыл бойы елорда мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне орталықта «Абайтану» курстарын жүргіздім дедіңіз, ал қазір ол пән қалай оқытылып жатыр?

- Абайтану 2012 жылдан бастап жеке пән ретінде мектеп бағдарламаларына енгізілгенмен, әлі күнге оқулығы не әдістемелік құралы қалыптасқан жоқ. Ең өкініштісі, М.Әуезов қалыптастырып кеткен Абайтану ғылымын тек зиялы қауым мен ғалымдар аясында зерттеп келеміз. Ал, жастардың Абайын, мектеп оқушыларының Абайын, баланың тілінде жеткізе алмай келеміз. Сондықтан да күні бүгінге дейін Абайтану оқулығы мен бағдарламасын, әдістемелік құралын жүйелі түрде қалыптастыра алмай келеміз.

Осындай олқылықты толтырған «Абайтану» орталығы қала мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары мен мектеп оқушыларына әдістемелік құрал ретінде де, Абайтану пәні ретінде де үздіксіз қала мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Біз орталықта Астана қаласындағы оқу орындарының басшыларының сұранысы бойынша 36 сағатқа негізделген «Абайтану» курсын жүргіздік. Арнайы курсқа Астана қаласындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары мен колледждердің ұстаздары қосымша білім алды. Аптасына үш рет өткізілген сабақ барысында М.Әуезовтың 70 жыл бұрынғы курстық бағдарламасын қайта жандандырып, Абайдың өмірі, шығармашылығы, зерттелуіне байланысты тақырыптар қамтылған болатын. Әлі де маған орталық жабылғаннан кейін де мектеп мұғалімдері жиі хабарласады. Мен қолымнан келгенше мұғалімдермен бірігіп жұмыс істеймін. Қазір кейбір мектептер оқулық жоқ деп, кімнің жүктемесі аз соған факультативтік сабақ етіп те жүргіздірте бастаған. Бұдан нені байқауға болады, болашақта әркімге итеріп жүріп, әрең енгізілген бұл пән мектеп бағдарламасынан алынып тасталынады. Сосын кінәні өзгеге арта саламыз.

- Орталық жабылғанына үш жылдай уақыт болды, осы уақыттарда оны қайта ашуға, ғимарат тауып, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік болмады ма?

- Орталық Қазақстан-Ресей университетінің жабылуына байланысты өз жұмысын тоқтатты. Менің орталықтың ашылған күнінен бастап,4 жыл бойы өз ғимараттарында орналастырып, барлық шығындарын көтеріп, не керегінің бәрін әперіп, жоғарыда айтқан «Ұлылар мекеніне саяхат» кезіндегі барлық қаржысын төлеген университет ректоры, академик Зейнолла Молдахметовке алғысым шексіз. Бұл кісінің мамандығы-химик, әдебиетке түк қатысы жоқ сала ғой, университеттің өзі инновациялық деп аталады, солай бола тұрса да, қатысы бар адамдар қол қусырып отырғанда «Абай» орталығына көп еңбек сіңірді. Күні бүгінге дейін орталықтың барлық жинаған дүниелері екі залдың сол университеттің ғимаратында жинаулы тұр. Біреуге бір орындығыңды қалдырсаң да, не алып кет деп, не шығарып тастайды қазіргі уақытта. Қашан жаңа ғимарат табылып, орталық ашылған күні әкетерсіз деп сақтап отыр. Мен де өз тарапымнан қол қусырып отырған жоқпын, әдетте біздің қоғамда қайраткерлер көп қой, ал орталық орын таппай отырғанда қол созған бірі болған жоқ. Бір ғана Елеусін Сағындықов бұрын сенат депутаты болған, кісі келіп, біраз ғимарат іздеп, көмектесті. Өзің көшіп барғанмен,оны ұстап тұруға қаржыны қайдан табасың? Қалалық мәдениет басқармасына да бардым, «Абайдың» орталығына Астанадан бір бұрыш тауып бере алмады, «Бейбітшілік пен келісім» сарайынан бір-екі бөлме берсе немесе әскери музейден, іздесе ниет болса,табылар еді ғой. Кімнің алдына барсаң да, Абайға Семейде музейі бар емес пе, әр қалада ескерткіштері тұр, көшесі бар атында, фильмдері түсірілген,спектакльдері қойылып жатыр деген жауап айтады. Сол кезде ойлаймын млрд. тан аса халқы бар Қытай Конфуцийге әлемнің 250 елінен институт ашқан, тіпті Қазақстанда 4 институт, 3 орталық ашып алған. Сол 250 институты бір-бірін қайталамай, жүйелі жұмыс істейді екен. Біз бір мұражайды көре алмай отырмыз. Осы күнге дейін қанша Абайтанушы бар екенін де білмейміз. 1962 жылы Абайдың 125 жылдығы қарсаңында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық беріле бастап еді, ол да тоқтап қалды. Бұрын еліміздегі жалғыз телеарна Абайға байланысты хабарларды жиі беріп тұратын,қазір туған күні қарсаңында болмаса қаптаған телеарналардың бірі жүйелі ештеңе көрсетіп жатқан жоқ. Абайдың 308 туындысы бар, соның бәрін демесек те, 200 хабар жасауға жететін дүние табылар еді ғой. Біз әбден жеңіл жолға үйреніп алғанбыз, ал Абайға жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Үлкен деңгейдегі жиындарда да,үлкен мінберлерден де Абайдың сөзінен үзінді келтіріп сөз бастағанымыз жөн-ақ, құр өлеңін жаттап айту оңай шығар,бірақ бұл жолда қайраткерлікпен жұмыс істеу қажет. Тәуелсіздік алған кезде ұлы Абайды өз биігінен құлатпау керек. Кей кезде өзімнің туған жерім Шығысыма да ренжіп қоямын. Абай барлық қазаққа ортақ десек те, кәсіпкер азаматтар бас болып, бір коттедждің орны ғой, өздері сондай Астанадан ғимарат салып,қаржыларын шығарса болар еді деп, өзге елде  бірнеше кәсіпкерлер қаржыларын қосып, тарихи тұлғаларының тұрған үйлерін музейге айналдырып,шетелден келген қонақтарға көрсетіп отыр.

Мен де осы мақсатта қала әкіміне жазған өтінішім негізінде 2014 ж. маусым айында «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жеке ғимаратын салу жөнінде жер телімін беру мүмкіндіктері қарастырылған. Орталыққа берілетін жер телімі қалалық жер жоспарлау бөлімінің сызбасымен белгіленіп, бақылауға алынған. Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде Абайтануға жер беру мәселесі қарастырылған болатын. Ол кісінің қызмет ауыстыруына байланысты бұл мәселе сол күйі аяқсыз қалды.

Абай шығармашылығын әлем мойындап,даналығына бас иіп жатқан тұста ел тәуелсіздігін алған жиырма алты жыл уақыт ішінде елордасы Астанадан Абайға бір орталық аша алмай отырғанымыз өкінішті.

Қазір осы мәселелерді шешу үшін алда атқарылатын жұмыстар көп. Болашақта жұмысын ақтай алатын «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне экскурсиялық саяхат жасау, мектеп бағдарламасына сәйкес оқулықтар шығару, Абайтанушылардың қатарын толықтыру, Абайтанудың мектеп бағдарламасындағы орнын қалыптастыру мақсатында елеулі жұмыстар атқару үшін Орталықтың өз алдына жеке мекеме болып қалыптасуы уақыттың өзі мойындатып отырған заңдылық. Осы істердің жүзеге асуына Алла сәтін салса деп отырмын.

Әр қазақтың жүрегінде өз Абайы бар. Ал, ол Абайды елдің жүрегі- Астанадан іздеп тапқан, жас ұрпақтың жүрегіне сәуле түсіріп, үміт отын жаққан, тұңғыш Астанадан Абай орталығын ашқан қазақтың қайсар қызы Алмахан алда өзі бастаған істі соңына жеткізетініне сенемін.

Әңгімелесіп болып, қоштасарда ғимарат ішіне сән беріп тұрған жасанды гүлдерге көз салған Алмаханның: «Қанша көзді қызықтырса да жасандылық өмірге сән бере алмайды. Тамырынан нәр алмаған ұрпақ та сондай» деген сөзінен кейін оның Астанаға қоныс аударғаннан кейін жазған «Кіндік тамыр» поэмасы есіме түсті...  

 

Біздің анықтама

Алмахан Мұхаметқалиқызы. Семейдегі педагогикалық институтының тіл-әдебиеті факультетінің түлегі. Еңбек жолын Жаңасемей ауданы “Ақиқат” газетінде тілшілік қызметтен бастаған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Республикалық, облыстық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. Семейдегі Республикалық Абай қорық-мұражайында 1992 жылдан бастап, 18 жыл ғылыми қызмет  істеген. 2010 жылы – Астанада, Қазақстан-Ресей университетінде тұңғыш рет «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын ашқан. 1999 жылы “Жансая”, 2002 жылы “Тылсым сыры”, 2003 жылы “Жыр-ғұмыр”, 2007 жылы «Шабыт шағымы», 2009 жылы «Мұң - менің мәңгі ұстазым» атты жыр жинақтары жарық көрген. “Шәкәрім”, “Құрсақсыз ана”, “Донор және тек”, «Алтынның буы», «Кіндік тамыр», «Еркін елдің ер қызы»  поэмалары бар.

 

Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.

 

 

Оценить материал
0