Наверх

Погода в Астане: 17 декабря, вечер: -24° 3 м/с18 декабря, ночь: -25° 3 м/с18 декабря, утро: -27° 3 м/с18 декабря, день: -18° 3 м/с

"Айгөлек-ау, айгөлек", жас ұрпаққа не керек?..

1588
Фото: Қымбат Әбілдақызының мұрағатынан.

Бұл сұраққа құр сөзбен емес, іспен жауап беріп жүрген қазақтың қызының есімін дәл қазір бәріміз де «Айгөлек» журналынан бөліп-жарып қарай алмаймыз. Қымбат Әбілдәқызы, оған ешқандай атақ-лауазымды тіркеудің де қажеті жоқ сияқты.

«Мен ешкімнен идея ұрламаймын, тендерге қатысып ақша сұрамаймын,тек балалардың бал қылығын тамашалап, солардың аппақ әлемінен кейбір қылықтарын бойыма жапсырғым келіп тұрады», - деген Қымбат апайдың сөзінен-ақ барлық жаратылысы жарқырап көрініп тұрады.

18 жыл бойы жанкештілікпен 18 мың ақ жүректілерінің болашағын ойлап, намысын қайрап тәуелсіз ел тарихындағы балаларға арналған алғашқы журнал «Айгөлектің» ыстығына күйіп,суығына тоңып жүрген жанның көңіл түкпірінде жатқан көп ойының бір үзігін ғана сіздермен бөліспекпін.

- Сізді көпшілік ұлттың үні қазақ радиосы арқылы, жүзіңізді көрмесе де, даусыңыздан жазбай танитын, сонша жыл қызмет атқарған жылы орныңыздан кетіп, сол кезде ешкім тәуекел ете алмайтын балалар журналын ашуға не себеп болды?

- Бізді 1999 жылы 39 адамды "Шалқар" жабылды деген сылтаумен жұмыстан шығарып тастады. Бұл мен үшін де, қалған әріптестерім үшін де күтпеген, ескертілмеген мәселе болды. Менің ешкімім жоқ еді Алматыда. Өзім мектеп бітірісімен 4 жыл ҚазҰУ - ға түсе алмай, сонда да тауым шағылмай оқуға түсіп, үздік бітірдім, телеарнада 2 жылдай жұмыс істеп жүріп, желтоқсан оқиғасына қатысқандықтан шығып қалдым. Сөйтіп, қазақ радиосына жұмысқа орналастым. Радиоға өте берілген болатынмын, онда

13 жыл істедім. Аптасына 7 хабар жасайтынмын 7 күнде. Шындығына келсек, содан кейін балалар хабарын дәл мендей жүйелі жасаған ешкім жоқ. Балабақша жасындағыларға «Тілашар» радиохабарын, бастауыш сынып оқушыларына «Айгөлек» радиожурналын,"Темірқазық" осылайша мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарап бөліп дайындайтынмын. Жексенбі мектеп оқушыларына  арналған 1 сағаттық эфирім болатын. Оған 5 күн , дүйсенбіден-жұмаға дейін мәдени шолу жасайтын 15 минутты қосыңыз. Тікелей эфирдегі «Қайда бара жатырмыз?» атты хабарымда көкейтесті тақырыптарды көтеретінмін.

Республика бойынша мәдени оқиғалардың бірін қалдырмай шолу жасайтындығымнан болар, атақты жазушылар мен ақындардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына мені шақыратын. Мен өзіме өте сенімді едім, 4 жыл бойы оқуға түсе алмағанымды да ұмытқанмын, одан кейінгі қиындықтар да артта қалды деп ойласам керек, тура 38 жасымда жұмыссыз қалғанымда өң мен түстей болып түк түсінбей қалдым. Ол кезде қазіргідей толып жатқан жекеменшік телеарналар, радиолардың өзі түгіл,ондай түсінік те жоқ еді ғой... Мені сол кезде ҚазҰУ өзім бітірген филология факультеті , «Қазақстан» ұлттық арнасы және Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы  жастар театрының  әдебиет бөлімі  жұмысқа шақырды. Үш жұмыстың қайсысы болсын, маңдайға таршылық етпейтін,  бірақ, көңілім қалғаны соншалық енді біреудің қарамағына жұмысқа бармаймын деп өзіме ант бергенмін, сол жұмыстан қысқарып қалған уақытта. Жұмыстан аспанға көтеріп-көтеріп бір күнде жерге тастап жібергендей, бір күнде ешкімге керек болмай қалдым. Жалғыз менің басыма түскен жағдай емес, жұмысты істей алмағандықтан емес, қайта аптаның бір күнін қалдырмай түгендеп хабар жасап отырып, кеттім ғой  қысқартуға, ешкімге өкпем жоқ мүлде...

Бір сөзбен айтқанда, радиодан кеткесін, «өзімді-өзім іздеуім» басталды.

Содан өзімді-өзім іздеу,өзіме-өзім өшігу басталды. «Жардан құлап жағалауда қалдың, енді көтеріліп көр деп бір Қымбатты бір Қымбат қамшылайды. Үйде әйелдің жұмысы бітпейді екен, Қымбат жұмыссыз үйде бос отыр деп естігесін қонақ ағылды. Осы тығырықтан шығайын деп бір тоқтамға келе алмай, қанша ұйқысыз түндерім өтті. 16 жылда қанша балалар хабарын жасадым, бірде-бір рет қайталап беруге тырыспайтынмын. Балалардың әлемін қызықтадым. Мен бар жоғымды балалар әлемінен таптым. Керемет адамдардың көбісімен жақын араласа бастасаң олардың бойындағы жасанды қылықтарды көресің, жақсы адам дегенімнің бәрінен бұрын байқамаған кемшіліктерін көріп қалатын болдым, олардың бойындағы жалғандық сияқты артық бояуды көре бастадым. Балалар ұлттың болашағы десеңіз,соларды сөйлетіп көріңіз. Оларға сенің лауреат Қымбат, танымал Қымбатың керек емес,балалар әлемінде отырып тазарасыз, шаршап отырып күлесіз. Ойың жаңарады, қаншама туыстарым, пір тұтқан аға-апаларымнан алыстадым. Орыстардың «Веселые картинки», «Дружные ребята» сияқты журналдарын көргенде шіркін- ай, осындай қазақ балаларына неге журнал жоқ деп жүретінмін.Менің сол  арманым болатын.Күйтабақты қайта-қайта тыңдасаң, тоқтап қалатыны сияқты, менің ойыма да сол журнал шығарсам деген ой кіріп алып, шықпай қойды. Жолдасым ішкі істер саласында қызмет істейтін,  күзет бөлімінде,ұлымыз бар. Айтайын дегенім  жолдасым 1999  жылдың күзіне қарай 4 мың доллар  ақша жинады,  4 жерде күні-түні дамыл таппай жүріп, ол ақшаға Алматыда сол кезде от жағып, су тасымайтын дайын пәтер алуға болатын. Бірақ, менің миымда пәтер алудан гөрі журнал шығаруға қанша ақша кетеді дегеннен басқа ештеңе жоқ. Сол саладағылардан сұрастырып жүрмін, жанталасып журналға қанша ақша кетеді, финнің жылтыр бояуы шықпайтын қағазына қанша керек екен, не керек өзім авторлық концепция жаздым 24 бетке оның ішінде танымал беттер, бала білуге тиісті жайттар, «Намысымсың, туған тіл!», «Анам сенсің, туған жер!» қысқасы бір санына типографияның шығынын, арнайы журнал мұқабасын көркемдеуге кететін суретшінің суреттерін қосқанда, тура сол 4 мың  доллар ақша болды. Бәрін  өзім есептеп біліп барып,ойымды жолдасыма айттым. Мен осылай ұзақ ойдың соңында жүрсем, көп өмір сүре алмаймын дедім, сонша жыл оқып-тоқығаным, барлық менің өмірде жеткен нәтижем осы болды ма дедім. Оған журнал шығарғым келетінін айттым.

Сол жылдары еліміздің Білім министрі Қырымбек Көшербаев, ҚР ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед еді, жазған концепциямды машинкаға басып апардым, суреттерді қолыммен салып, айдарларын ауызбен айтып бердім, екеуі де жақсы қабылдады. Бюджет бөлінген кезде көмектесеміз деп бір алыс уақытты айтты. Содан кеттім, ол кезде қазіргідей демеуші деген де жоқ.

Жолдасым мені жанымен түсінген болуы керек, келісті. Ақша қолыма тигесін, бәрі адамның пейілінен болар, іске адал кірісуден шығар, журналдың бірінші саны 2000 жылы қазан айында тура мұғалімдер күнінде жарыққа шықты. Журнал керемет болып шықты. Суретшілерге күнге ұмтылған ұл мен қыздың суретін салғыздым. Бұл ісімізді періштелердің періштесі қолдаған шығар. Қазір  мені «Айгөлектің»  редакторы деп жазбайды жарнама болып кетеді деп, сол кезде «Қазақстан» ұлттық арнасы күнде берді, бала тілін білетін,бұрынғы әріптесіміз балаларға журнал ашты,ортамыз «Айгөлекпен» толықты деп. Бәрі мені құттықтады.Сонымен «Айгөлектің» жарнамасы керемет болды. Содан алғашқы қаз басқан дүкендер «АBDI», «Жанна» жиһаз салоны, «Әсем-ай» су шығаратын мекеме, «Фудмастер» бәрі келіп спонсор болуға таласты. Ол кез экономика тұралап Үкімет бизнесмендерге балалар мекемелеріне демеушілік жасасаңдар салықтан 5 пайыз жеңілдік береміз деген. Соған мен жұмысты аяғына жеткізе алатыныма сенген болу керек,бәрі өздері іздеп келді. Редакция құрамымызда суретшілер,сол кездегі авторлар,жазушылар, журналистер руханиятқа шөлдеп қалған болу керек бәрі материал жазамыз деп құлшыныс білдірді.

Мен демеуші болу үшін «АBDI»-ді таңдадым,қағаз бен қалам өзіме жақын болғасын. Оған 3 шарт қойдым, біріншіден, «Айгөлектің» мазмұнына,екіншіден,кадрларға араласпайсыз, үшіншіден, менің өз басымды қарамағымдағы қызметкер деп төмендетпейсіз дедім.

Әбдібек Шарбекұлы Бимендиев «АBDI» АҚ президенті, өте зиялы адам екен, жан-жақты, Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институттың машина жасау факультетін бітірген. Мәскеуде асприрантурада оқып, сонда қызмет атқарған, ауылдан шыққан, сатылап даму, туған ұлтына деген ішкі құрметі, тәрбиесі өте жақсы.

-  Мен сізді білмеймін анам, енем, әйелім, балаларым радиодан сізді тыңдайтын, солардың өтініші бойынша келдім, демеуші болуға, - деген алғашқыда. Сәйтіп, радиодағы өлшеусіз еңбегім маған осылайша көмектесті. 9 жыл серіктес ретінде тілегімді орындады, 1 рет қарсы болмады. Демеуші деген тірек екен ғой, ұшақпен республикамыздың барлық өңірлеріне дейін бардым. Қаражат деп қиналмадым. Әбдібек Шәрбекұлы айтады,сіз де өте ғажап адам екенсіз,тоғыз жылда бір рет не ақшамды көтер демедіңіз, не материалдық көмек алмадыңыз, деп.

- Сіз осылайша , өзіңіз аңсаған әлемнің алтын кілтін таптыңыз,бұрынғы ақын Қымбат, батыл Қымбат бәрін-бәрін ақ жүректілерге деген махаббатқа ауыстырдыңыз,ал баланың жанын түсіне білу оңай емес қой

- Журналдың алғашқы санын шығарғаннан бастап, баланың хатымен сырласа отырып, сол баланың отбасындағы жайлылық пен жайсыздықты біліп тұратын болдым, олардың салған суреттеріне қарап отырып, суреттің бояуынан-ақ олардың көңіл-күйлерін ажырата аламын. Баланың хатын өтірік қорыта алмайсыз, баланы алдауға болмайды, өзіңнің ойыңмен бір сөзін өзгертсең , мына хатты мен жазбадым десе ұят болады ғой.Суретінің өзін жинақтап қарап, қай сыныпта оқитынын біліп қана қол тигізерсіз. Тым әдемілеп қою да алмайсыз,бәлкім кейбір балалар бұл суретті мен салдым деп мақтануы мүмкін,бірақ оларды өтірікке тәрбиелей алмайсың, менің қызметкерлерім өз ойларымен жазғысы келеді, мен балалардың хатын өзім қорытамын. Үлкенше ойлап, өз пікіріңді оларға таңуға болмайды, әрқайсына жас ерекшеліктеріне қарай ойната отырып,ойланту керек. Жас ұрпақтың намысын қайрап,тәуелсіз санамен өсіру керек. Шаңдары қазір қалсын,намыстың шоғы тұтансын деп  сілкіп аламын. Шығармашылықтан шаршап отырып қуанамын, балалар суреттері сондай шынайы.Менің кәсіби суретшілерім салған  суреттер салоннан шыққан сұлулар сияқты,  ал балалар салған суреттетрде адам тілімен айтып жеткізе алмайтын тазалық бар.

Шашылған қағаздан шаршап тұрып, бала жазған бір хатты оқып, рахат табамын. Мені қызықтыратыны - менің әлемім , ешкім кіре алмаған таза әлемге кіріп кеттім. Бүгін №70- мектептен кездесуден келдім, өзімді  қандай  бақытты сезінгенімді  айтып тауыса алмаспын. Мектепке кіргеннен бастап,барлық бала менің жазған өлеңдерімді жатқа айтып тұр.Менің әке туралы жазған өлеңімде:"Әкеңе көңілің толмаса,Көрсет, сен,асқаныңды Көрер ем,әкең болмаса- тайсалмай тасқаныңды! Қарарсың жұртқа ұялмай,Әкеңді сыйла құдайдай! ,Сен- Абай болсаң,қанекей- әкенің бәрі Құнабай!»,- деп ой түйетінім бар, сол өлеңді бір бала керемет оқыды,сөйтсем, ол баланың тағдырына өлең өз әсерін тигізген екен, ата-анасы ажырасып жүргенде, баласы анасына сол өлеңді оқып беріп, райынан қайтарып, әкесіне қайта қосылған көрінеді. Баланың өз аузынан естіп, көңілім босады. Ауыл баласы мен қала баласының айырмашылығы бар. Ауылдың алай-дүлей боранын көрмеген қала баласы ондай өлеңді құр жаттағанмен, жанымен беріліп түсіне қоймайды. Ал,керісінше ауыл баласын жеңіл-желпі өлеңдермен қала әлеміне жетелей алмайсың.

Ұлытаудан Сабина өз хатында: «Жазғы демалысымда Алматыға бардым, біздің Ұлытауымыз Алматыдағы тауды көргенде кішкентай ғана болып қалды,бірақ рухани жағынан,тарихы жағынан менің Ұлытауым ерекше» ,- деп жан жүрегімен адалдықпен  бейнелеп жазған. Айгөлектің 36 бетін аялап бесігін дұрыс тербетіп, жас ұрпаққа қажетін тауып берсем деп ойлаймын. Маған ешқашан тендер бермейді.Тендерді ұтып алып, олар тарапынан тікелей бақылап отыратын тақырыптарды ұсынсам,оқырмандарымнан айрылып қаламын. Балалардың аппақ әлемін  саясатқа араластырып кірлеткім келмейді. Менің әлемім-менің ақ жүректілерім!

- Сіз атақ-даңқсыз да танымалсыз,көгілдір экран бетінде қазақ тақырыбына әңгіме қозғалса,қандай бағдарламаларға қатыссаңыз да көбі батып айта бермейтін мәселелерді  түсінген жанға қазақы сөздің құдіретімен еш жасандылықсыз жеткізесіз,бірақ өзгелер секілді шығармашылық кеш өткізіп, кітап шығарып, тұсаукесеріне шақырып жатқаныңызды көрмеппін,неге?

- Елу жасқа  келгенімде Әбдібек Шарбекұлы  «Айгөлекті» жеке отау етіп шығарып, осынша еңбектің иесі деп бүкіл құжатын атыма аударып берді, қиналсаңыз көмекке әзірмін деді. Екі кітабыңызды шығарып берейін деп те айтты.Бірақ, мен жазған өлеңдерімді жинап көрген емеспін,шабыттана жазамын,ешкімнен кем де жазбайтын шығармын, ал өзіме, шығармашылығыма деген уақыттың бәрін «айгөлектің жолына құрбан қылғанмын». Менің көп уақытым журналға жаздыру сияқты ұйымдастыру жұмысына кетеді.Рас, мойындау керек,  «Айгөлек» «Роспечаттың» катологына енген еліміздегі жалғыз журнал,18 жыл шыққан уақытының 12 жылында сол биігінен түспей келеді. Ол жерде мұндағыдай тамыр-таныстықтың керегі жоқ, оларға менің Қымбат екенімнің де қажеті шамалы, оларға журналдың сапасы қажет.

Нарық кезінде біз сияқты білімді, кітап оқуды бақыт санайтын маман азайған уақытта журналға жаздыру деген де сұмдық саясатқа айналып кетті. Елдің бәрі ғаламторға көшті деген сылтау, журналға жазылу жайлы ата-аналарға айтыңдар деп құтыла салу, мұғалімдердің бұрынғыдай беделінің жоқтығы бәрі кедергі болады.Соған қарамастан, «арпа ішінде- бір бидай»,-демекші республикамызда мұғалімдер бас болып, Жаңаөзен, Қызылорда, Қарағандының 4 ауданы, Астананың  мектептері «Айгөлекке» жақсы  жазылады.

Жұмыс сұрап балалар басылымы оңай деп келетіндер көп,бейнетін көріп қашып кетеді.Тағдырыма мың шүкір, көгілдір экранның да  пайдасы зор,  өзімнің қазақ туралы ойым мен түсінігім көмектеседі, диванда жатып,әр арнаны бір қосып отырғандар мен қатысқан хабарларды  аяғына дейін көріп едік, осындай ұлтын сүйетін,қазағым деп жаны күйетін адамның шығарған журналы да осал емес шығар деп жазылады.

Байлыққа да, атаққа да «Айгөлекті» айырбастамас едім

Мен өзім әлеуметтік желіде жоқпын.Телефон шұқып,жан-жағына қарамай отыратындардын қорқамын.Кейбір адамдар келіп,осынша ақша береміз естелік кітабымды жазып берші дейді,шешендік өнер мектебін ашып берейік,сіздің атыңызды естіп-ақ жиналатындар көп дейтіндер де бар.

«Айгөлекті» шығарған 18 жыл ішінде барлық жазған өлеңдерім де, шығармашылығым да бәрі соның жолында, тіпті ешкім қайтарып бере алмайтын қимас уақытым да...  

Солай бола тұрса да, өзімді бақытты санаймын. Ұлттық баспасөзге жазыламын,кемінде үйіме 6-7  басылым келіп тұрады, бірін шолып оқырмын, бірін толық оқырмын, бірақ өзім барда менің почтама, үйіме қазақтың газет-журналдары келіп тұруы тиіс.

Өзімді бақыттымын деп санаймын, «Айгөлек» журналына жазылған әрбір бес баланың бірі маған анасындай сезініп,өлең арнайды,бес сурет салған баланың біреуі менің мұрнымды пұштитып суретімді салады. Кездесуге барғанда ел,жер,Отан,ана,тәуелсіздік жайлы қанша өлеңім бар екенін өзім білмесем де,балалар жатқа айтып,алдымнан шығады. Он сегіз жылда он сегіз мың оқырмандарымның ішінен,болашақта он сегіз әділдіктің бетіне тура қарай алатын,тәуелсіздіктің қадірін білетін,туған жері мен ана тілін сүйетін жас өсіп шығарына сенемін.

Абыройды ешқашан ақшаға айырбастауға болмайды,ақшаға сатылмайтын құндылықтарды,қазақтың өзінен алғанын өзіне қайтаруым керек деген ұстаныммен өмір сүремін. Жердегі жұлдыздардың ішкен-жегенін, жүрген-тұрғанын жазып ақша тауып,бедел жинағаннан гөрі, ақ жүректілерімнің арқасында солар сияқты тазалықты бойыма жинап жайраңдап жүремін,жарқылдап күлемін.  

Радиодан кеткен кезімде менің барлық хабарымды үзбей тыңдап жүретін Қызылордалық Шағадат Жүсіп тоғыз ауыз өлең шумағын жазып іздеген екен, соның түйінді төрт жолы есімде қалыпты:

«Сен неге естілмейсің, Қымбат дарын,

Жаныңның жайып тастар қымбаттарын,

Радиоң тоқтаусыз сөйлеп жатыр,

Сені іздеп отырмын,тыңдап бәрін

Сен өзі,тірісің бе,Қымбатжаным?»  

Иә, ұлттың жоғын түгендеп жүрген қайсар қазақ қызын, 18 жыл уақыт бұрын тыңдарманы осылай іздесе, бар тәрбие мен тәлімін 36 бетке жарқыратып  жайып салып отырған  «Айгөлектегі» анасындай аяулы жанмен кездесуді, сүйікті басылымдарының әрбір санын ақ жүректілері асыға күтеді.

 

Біздің анықтама

Қымбат Әбілдәқызы – 1959 жылы 1 сәуірде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, С.Сейфуллин аулында дүниеге келген.

Мектепті 1975 жылы үздік аяқтап, ҚазҰУ-нің филология факультетіне түсіп, 1984 жылы қызыл дипломмен аяқтады. Сол жылы  Қазақ телевизиясының жастар редакциясына журналист ретінде жұмысқа қабылданды. 1987 жылы Қазақ радиосына редактор-стилист, комментатор қызметіне шақырылды. 2000 жылға дейін балалар бағдарламасынан бастап, алғашқы тікелей эфир хабарларын жүргізу сеніп тапсырылған қызметкер болды.

2000 жылы өзінің авторлық тұжырымдамасымен алғашқылардың бірі болып, тәуелсіз балалар басылымы «Айгөлек» журналын ашуды қолға алды. Жарыққа шыққан 18 жылдың аралығында «Айгөлек» журналы республикадағы ең үлкен таралымға қол жеткізіп, оқырман сұранысындағы басылымға айналды. «Роспечать» арқылы Ресей аймағына таралатын бірден-бір балалар журналы болды.

Қ.Әбілдәқызы 2002 жылы қоғамдық еңбегі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «ҚР Мәдениет қайраткері» атанды. Сондай-ақ ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Америкадағы биографиялық институттың зерттеуі бойынша әлем әйелдері ішінен таңдалған «ХХІ ғасырдың көшбасшы әйелі» кітабына есімі енді. Ал, ақын ретінде балаларға арналған «Ар бесігім, армысың!», «Ай сайын өсіп келемін» жыр жинақтары – Қазақстан Жазушылар Одағының жыл қорытындысында балалар әдебиеті бойынша тәуелсіздік алғаннан бергі шыққан ең үздік кітап ретінде бағаланды. «»Тіл жанашыры» ретінде де құрмет белгісімен марапатталды.

 

Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.

 

Оценить материал
0