Астанада «Ғылым және білім - 2018» XІІI студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтеді

2018 жылы 12 сәуірде сағат 10.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі «Ғылым және білім - 2018» XІІI студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтеді, деп хабарлайды Объектив.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан ғылымының күніне арналған форумды Еуразия ұлттық университеті және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырып отыр.
Конференцияның негізгі мақсаты - студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту, қазіргі заманғы ғылымның өзекті мәселелерін шешу, болашақ әріптестер арасындағы байланыстарды нығайту.
Сонымен қатар Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Қазақстанның инновациялық даму мәселесін көтере отырып, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі жаңа дәуірге сай болу жағын қарастырады.
Іс-шараға 1000-ға жуық адам қатысады деп жоспарланған, олардың ішінде қазақстандық мектеп оқушылары мен студенттер, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Венгрия, Польша, Украина және Латвияның жас ғалымдары бар.
Конференцияның пленарлық бөлігінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры - Сергей Тоқтаров, Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар Темірбекова, ЕҰУ Жас ғалымдар Кеңесінің төрайымы Индира Рыстина құттықтау сөз сөйлесе, Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері Илья Корольков, ЕҰУ жалпы биология және геномика кафедрасының доценті міндетін атқарушы Ольга Булгакова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ радиотехника, электроника және телекоммуникация кафедрасының оқытушылары Іңкәр Шоғанова мен Ақжібек Амирова арнайы баяндама жасайды.
Шара аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, ҚР ҒЗИ және Жас ғалымдар кеңесінің төрағалары қатысуымен семинар-кеңес өтеді.