АҚШ Конгресс кітапханасы: екі үлкен өрт және қайталанбас триумф

АҚШ Конгресс кітапханасы әлемнің ең ірі кітапханаларының бірі. Оның коллекциясы бүгінгі күні 164 милионға жуықтап, 838 миль кітап сөрелерін құрап отыр. Коллекцияда 470 тілде 38 миллион кітап және басылым, 3,6 миллион аудио материал, 14 миллион құнды фотосурет, 5,5 миллион тарихи карта, 8,1 миллион музыка басылымдары мен 70 миллион манускрипт сақтаулы.
Кітапхана 1800 жылы 24 сәуірде АҚШ президенті Джон Адамс мемлекеттің астанасын Филодельфиядан Вашингтонға ауыстыру туралы заңға қол қойған кезде құрылған. Бұл заңда кітапхананың қызмет ету саласы және кітапхана қорын тек АҚШ президенті, вице-президенті, АҚШ сенатының мүшелері, АҚШ Конгрессінің Палата өкілдері ғана қолдануға құқылы екендігі айтылды. Сондықтан, осы кітапхана "Конгресс кітапханасы" деп аталған.
1814 жылдың тамызында соғыс кезінде Вашингтонды ағылшындар өртеп жібереді. Баға жетпес кітаптары бар кітапхана өртеніп кетеді. Кітапхананың тарихындағы алғашқы өрт осы еді. Соғыстан кейін кітапхананы қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бірақ, кітап қоры толықтай өртенгені үшін кітапхана жұпыны халде болады. Сол кезде АҚШ-тың экс-президенті, әрі библиофил Томас Джефферсон өзінің жарты ғасыр жинаған, әр түрлі тілде жазылған, 6487 томдық жинағын Конгресс Кітапханасына ұсынады.
Оның ұсынысы лезде қабылданды, себебі, сол кезеңде Америкада көп мөлшерде кітап жоқтың қасы еді. Мәміле 23.940 долларды құрады. Сол уақыттан бастап «Конгресс кітапханасының» аты халық арасында «Джефферсон кітапханасы» деп аталып кеткен.
Бірақ, Конгресс кітапханасы 1851 жылы екінші рет өртенеді. Бұл өртте Томас Джефферсоннан сатып алынған кітаптардың басым бөлігі және де кітапхананың барлық қорының 2/3 бөлігі өртеніп кетеді. Бұл шамамен 55000 басылым еді. Тек 1 жылдан кейін ғана мемлекеттік бюджеттен кітапхананы қалпына келтіру үшін 168 700$ бөлінеді.
1850 жылдары Конгресс кітапханасына министрлерге, кейбір ведомстволардың жетекшілеріне, жоғарғы соттың мүшелеріне, саяси партиялардың қадірменді, сыйлы азаматтарына, танымал ғалымдар мен АҚШ-тың жазушыларына, Американдық БАҚ-тың танымал журналистеріне кіруге рұқсат берілді.
Кітап қорын ұлғайту мақсатында 1870 жылғы Конгресс кітапханасының жетекшісі Эйнсуорт Рэнд Споффордтың белсенділігімен мемлекеттік деңгейде заң қабылданады. Бұл заң бойынша, АҚШ-тың аумағында ашық баспада жарияланған кітаптың 1 данасы міндетті түрде Конгресс кітапханаcына берілуі тиіс. Сонымен қатар, кітапхана қорына қаржылай көмектесуге және кітаптарды қайтарымсыз беруге мерзімді басылымдар, фирмалар, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ынталандырылды.
1899 – 1939 жылдары аралығында кітапхананы Герберт Патнем басқарды. Ол кітаптарды сұрыптаудың ыңғайлы жүйесін енгізеді. Өзінің жетекшілігінің соңғы жылдарында Конгресс кітапханасына салынған екінші ғимараттың ашылуын рәсімдейді. Бұл филиалға Конгресс Кітапханасының негізін қалаушы Джон Адамстың есімі берілген. Жаңа ғимаратқа 6 500 000$ доллар бөлінеді.
1930 жылы Джефферсон кітапханасы ұлттық статусқа ие болды. Бұл статус АҚШ-тың бюджетінен бірінші кезекте кітап қорын жинақтауға мүмкүндік береді.
Тарихи қиыншылықтарға қарамастан, қазіргі уақытта Конгресс кітапханасының 1460 орынды 18 оқу залы бар. Кітапхананың библиографиялық басылымдарының ішіндегі ең маңыздысы «ұлттық каталог». Бұл басылымдар 1958 жылдан бастап ай сайын шығып тұрады.
Екі өрттен аман қалған, әлемнің ең ірі кітапханалары санатына кіретін Конгресс кітапханасы бүгінгі күні дамуының ең әдемі кезеңінде. Бұл сөзсіз кітапхананың триумфы!
Кітапханада Гуттенберг библиясы, Америго Веспуччи картасы, өрттен қалған Томас Джефферсонның кітапханасы секілді ескі жәдігерлер де сақтаулы. Кітапхананың әрбір залының стилистикасы көздің жауын алады. Итальяндық ренесанс, мозаика секілді стильдер кітапхана көркін келтіріп тұр.
Кітапхананың есігі келушілерге айқара ашық, өйткені қазіргі уақытта оның үлкен бөлігі музей ретінде сақталып отыр.
Атен Альбина