Наверх

Погода в Астане: 01 февраля, вечер: -15° 3 м/с02 февраля, ночь: -21° 3 м/с02 февраля, утро: -22° 2 м/с02 февраля, день: -11° 2 м/с

Тәуелсіздік төл атауларды қайтара алды ма?

5312
Фото: Ашық ақпарат көзінен.

Дәл осы тақырыпты қозғауыма екі мәселе себеп болды. Соның бірі, яғни көңіл қуантарлығы – Алмас Темірбайдың көпшіліктен сүйінші сұрап жеткізгені Көкшетауда орысша атаулы 60 көшенің 58-і қазақша атауға ие болатыны жөніндегі жаңалығы болатын.

Сөзбе-сөз келтірсек:

- Ал, ағайын, құтты болсын! Барып қатысып келдік. Көкшетау, Красный яр, Көкшетау-2 қалашығының көшелерінің атауларын қазақшалау жөніндегі жиналысқа қала әкімдігінің қызметшілері, 12 мәслихат депутаты, қоғам белсенділері және осы Фейсбуктегі 70 шақты қазақтың қыз-жігіттері қатысты. Бұра тартып, өз ата-бабаларының атын ұсынып жатқандар да болды. Біраз айқай-шуда, келіспеушіліктер де болды. Бірақ, нәтижесі жақсы. Көпшіліктің қолдауымен, депутаттардың дауысқа салуымен күн тәртібіне қойылған "Капцевич", "Комсомольская", "Черемушка", "Трудовая" секілді орысша  атаулы 60 көшенің 58-нің атауы "Оқжетпес", "Әлдебек би", "Бапан би", "Үмбетей жырау", "Б. Әшімов" т.б. болып қазақшаланатын болды. Ал қалған 2 көшенің тағдыры кейінгі жиналыстарда шешілетін болды. Бұл да аз жеңіс емес. Басты мақсатымыз орындалды- дейді Алмас.

Ғаламторды шарлап,әр облыстың басылымдары мен әкімдіктердің арнайы сайттарын ақтарып отырып, көңілдегі көп сауалға жауап таба алмасаң да, атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігін байқауға болады.Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, ономастика мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері 2500-ден аса атау өзгертілген. Оның ішінде 1107 білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 23 қала мен аудан атауы, 1361 елді мекен және 20 мыңға жуық көше атаулары қайта рәсімделген. Республикамыздың әр өңірлеріндегі ономастика мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды сараптап көрсек.

Жамбыл облысында тәуелсіздік жылдары мән-мағынасын жоғалтқан 1924 көше, 172 нысан, 146 елді мекеннің атауы жаңартылып, 2005 жылдан бастап 10 жылдың ішінде облыс бойынша 214 көшеге жаңа  есім берілген.

Ал,Оңтүстік Қазақстан облысында 25 жыл ішінде 250 елдімекенге бұрынғы тарихи атаулары қайтарылып, көшелер мен нысандарға атау беру туралы 1500-ге жуық ұсыныс талқыланған.

Алматы қаласында аз уақыт ішінде 158 көшенің аты өзгертіліп, 458 көше жаңа атауға ие болған. Байқап қарасақ, оңтүстік өңірлерде,  қазағы басым аймақтарда бұл мәселе ешбір дау-дамайсыз, рет-ретімен жүзеге асырылыпты.

Керісінше, солтүстік, орталық, шығыс аймақтардағы  жағдай 26 жыл ішінде аса қатты өзгере қоймаған.

1999 жылы халықаралық «Алтай-Дунай» этнологиялық экспедициясына қатысқан кезімде Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарының бірнеше қалалары мен елді мекендерінде болдым.

Астанадан алысқа бармай-ақ, алдыңнан анадайдан көзге шалынатын атаулар өзге елде жүргендей сезіндіреді екен.Тіпті, басқа ат жетпегендей ескісі, жаңасына дейін қалдырмай «Старый Колутон», «Новый Колутон» деп мырзалықпен атаған одан әрі «Вишневка», «Малиновка», «Мариновка» т.б. жалғасып кете беретін елді мекендерді көріп көңілім құлазыған.

«Көш жүре түзеледі» десек, ғасыр ауысып, жылдар жылжыған сайын ескіні-жаңаның ауыстыруы, намысты ұл-қыздардың тынбай атқарған жұмысының негізінде былтыр ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ақмола облысы 300-ге жуық атауды өзгерткен. Бұл мәселеге елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері де түсіністікпен қарай бастаған.Оған дәлел- 20%  қазағы бар Сандықтау ауданының 100 көшесінің атауының өзгертілгендігі.

2016 жылы Атбасар ауданындағы Новоалександровка селолық округі - Бастау ауылдық округі, Новоалександровка селосының атауы - Бастау ауылы, Целиноград ауданындағы Воздвиженка селолық округі - Нұресіл ауылдық округі, Воздвиженка селосының атауы - Нұресіл ауылы болып қайта аталған.

Ақмола облысының бұрынғы Гусарка, Дорофеевка, Елизаветинка, Ильинка, Рождественка деп жалғасатын орыс атауларының орнына Кенесары, Наурызбай, Олжабай, Қабанбай, Аңғал батыр, Қарауыл Қанай би сияқты халқымыздың біртуар ардақты ұлдарының есімдері берілген.

Дегенмен, әлі де Андреевка, Еленевка, Мариновка, Калиновка, Ивановка сияқты атаулар облыс аумағында аз емес.

Осыдан 6 жылдай уақыт бұрын Павлодар мен Петропавловск қалаларының атауын өзгерту мәселесі жиі көтеріліп тұрған кез болатын. Сол қаланың бірінде арнайы қоғамдық пікірлерді жинап дауыс беретін сайт ашылды деп барлық әріптестеріміз біріміз қалмай Павлодардың тарихи атауын қайта берсін деп дауыс беріп,қарап отырсақ қайта-қайта таразы басы басқа  жаққа ауып барады. Соңында аты-жөні қазақша жазылғандардың даусы қабылданбайтынын байқап біз де қулыққа басқымыз келген. Сөйтсек,бір электронды мекен-жайдан жіберілген дауыс қайта қабылданбайды екен.

Сонда хабарымызға келген қонағымыз Қымбат Әбілдақызы біздің ісімізге риза болып, мені де қосыңдар демесі бар ма?!

«Апай, ол үшін атыңызды орысшалау керек десек, мейлі кім десеңдер де бәрібір, қаланың атын өзгертсек болды деп,ақыры апамыз Катя  деп дауыс беріп, бір орын алға жылжып қуанғанымыз бар.

Содан бері де ол мәселе сан көтерілсе де, қасаң түсініктен аса алмағандардың кесірінен бе, өзгелердің көңіліне қарағаннан ба, кім білсін, бөркімізді аспанға атып қуанудың ауылы алыстап тұр.

Әзірге кемшін тұстарымызды көшелер атауымен түгендеп, көңілімізді демдеп жүріп жатқан жағдайымыз бар. Осы тұрғыда 26 жыл ішінде біз қанша алға жылжыдық, кері кеткен тұсымыз неден болды , алда не істеуіміз керек деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Ономастика мәселесімен айналысатын республикалық комиссия бар,арнайы заң да қабылданған. Жыл сайын республикамыздың әр облысында аталған мәселенің шешімін іздеп, түйінін тарқатуға тырысатын арнайы конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстел отырыстары өткізілген.

Онда айтылған салмақты пікірлер мен атқарылып жатқан іске қатысты сындарлы ойлар да аз емес. Қазақ тілді басылымдар бұл мәселені айтуындай айтып, жазуындай жазып-ақ келеді. Осы жерде республикалық ономастика жөніндегі комиссияның мүшесі, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің бір басылымға берген сұхбатынан үзінді келтірейін:

- Астана мен Алматы қалаларында, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ілгері басқанымен, Шығыс, Солтүстік, Батыс және Арқа өңірлерінде жер-су атаулары әлі де сол бұрынғысынша қалып келеді. «Әсіресе, Қарағанды, Павлодар қалаларында, ономастикалық тұрғыдан қарағанда қоғам да, саясат та өзгермегендей, қып-қызыл, әлі Ильичтің рухында тұр. Өскемен, Қостанай, Петропавл жағында әлі де жағдай жетісіп тұрған жоқ.

Өздеріңізге белгілі, елімізде бұл тарапта мораторий жарияланды. Бір есептен бұл жақсы болды деп ойлаймын. Бұл шара бізді «Көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға қою» деген сорақылықтан құтқарды. Алайда, бір нәрсені айта кету керек. Соңғы кездері кейбір азаматтарға берілетін астарға қатысып жүрміз, сіздер де ондай жиындарға қатысқан боларсыздар. Сонда бір байқалатын жағдай: келсін, келмесін дүниеден өткен жандарға дереу көше, мектеп атын беріп, есімін есте қалдыру шарасын жасау жиіледі. Бұл тағы да баяғы дау-дамайға қайта жол ашуы мүмкін.

Республикалық Ономастика комиссиясына еліміздің бірқатар аймақтарынан әртүрлі ұсыныстар түсіп, соның бәрі егжей-тегжейлі талқыланып, шешім шығарылады. Келген ұсыныстардың бәрі бірдей өткізілмейді. Мысалы, бір облыстық тубдиспансерге кісі атын беру мәселесі кері қайтарылды. Бірқатар елді мекендер мен мектептерге кісі атын беру ұсыныстары да нақтылауға жіберілді. Бұл нені көрсетеді?

Тағы бір айтарым, бір ауылда бірнеше рудан құралған ел тұрады. Мектеп біреу-ақ. Пәлен деген рудың мықтысына мектеп атын беру туралы ұсыныс жасалатын болса, қалған ағайындар «біздің де мықтымыз бар еді, ол неге еленбейді» деп қиғылық салады. Соның салдарынан алақандай ауылда үлкен дау туады. Мұндай жағдайды күнде көріп те жүрміз. Республикалық БАҚ редакцияларына келіп түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі осы мәселе төңірегінде туындайды. Сондықтан, жергілікті ономастикалық комиссия мүшелері ел ішінде орынсыз дау-дамайдың туындап кетуінен сақ болғаны абзал.

Нұртөре Жүсіп елдің көңілдегісін дөп басып айтқан,оған алып-қосарымыз жоқ.

Саясаттанушы Айдос Сарымның да осы мәселеге қатысты айтқаны мен келтірген деректері алдыңғы ойды жалғап тұрғандай:  

«Ең сорақы, масқара дерек мынадай: елімізде 352 көше әлі күнге дейін Ленин есімін иеленуде. Сонымен қатар 372 Октябрь, 267 Совет көшелері бой түзеп, жұрт санасын улап жатыр. Ресми деректерге сенсек, Қостанайдағы көшелердің 15 пайызы, Қызылжардың – 12 пайызы, Өскеменнің – 18 пайызы ғана қазақшаланған. Мұндай жағдай, шынын айталық, қазақшылығымызға сын. Ономастика саясатын іске асыру үшін атқарушы билік ең алдымен қазақ зиялыларына, ғалымдарына, ұлтшыл белсенділерге арқа сүйеуі керек. Мораторий мерзімі аяқталған бойда әрбір жерде қоғамдық штабтар жасақталып, олар 1990 жылдардың басындағыдай белсенділік пен ауызбіршіліктің үлгісіне айналуы тиіс.»

Бірін-бірі толықтырған қос пікір иесінің, екі ұлт жанашырының айтқан ойлары көңілге қонарлық, келтірген деректері де ойлантарлық. Бұл республикалық басылымдарда соңғы уақыттарда жарияланған сұхбаттардан үзінді, яғни көтеріп отырған тақырыпқа тұздық десек те болады.

Енді елордасы Астанадағы көше атауларына оралайық. Өзім осында қоныс аударғаныма 20 жыл толғандықтан бұл мәселені әріптестеріммен бірге қаншама уақыт көпшілік назарына ұсындық, дәл қазір ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болғанын Астаналықтар жақсы біледі деп ойлаймын.

Қалалық тілдерді дамыту басқармасының деректерінде көрсетілгендей, Астанада Керей,Жәнібек хандар, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Кенесары, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбайұлы, Ақтамберді жырау, Біржан сал, Абай, Мұхтар, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Смағұл Сәдуақас, Жұмабек Тәшенұлындай тарихи тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әлемдік тұлғалар, әдеби кейіпкерлер, аналар, жер-су атауларымен аталатын даңғыл, көше, тасжол, қысқа көше, орамдар және  Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің атына 1 даңғыл, 26 көше , Алаш деп аталатын тасжол бар екен.

Жоғарыда осы тақырыпты қозғауыма екі себеп барын айтып, оның жағымдысын, яғни көңіл қуантар Алмас Темірбайдың  жеткізген жаңалығынан бастап едім. Ал, сол күні бір жұмыспен асығып таксиге мінгенімде, көлік жүргізушісі : «сізді баратын жеріңізге тез жеткізу үшін толған қатындарға берілген көшемен алып барайын»- дегені.  Жасы отыздардағы көлік иесіне жалт бұрылып, алдымен қай өңірден екенін сұрап білдім де, оған:

- Солтүстікте дүниеге келсең де бауырым, халқыңның тарихын білуге тиіссің, Көкшетауда өмірге келген Шоқандай ғалымның әжесі Айғаным, Ақмолалықтар есімін әнге айналдырған «Дударайдағы» Мариям Жагорқызы, бар қазақтың құрмет тұтатын Зере, Қарашаш, Айша бибі т.б. көшелерге есімі берілген аналар жайлы жаңағы сөздеріңді бұдан былай айта көрме, - дедім асқан сабырлылықпен көкейіме кептелген көп сөзді әрең тежеп.

Ішімнен сол аяулы аналарға осы көшелердің атын беруде қаншама адамның еңбегі бар, бұрынғы атаулардан арылу үшін қаншама тер төгілді, қағаз жазылды, ал тәуелсіздік кезінде өмірге келген ұрпақтың бірінің айтып тұрғаны мынау деген ой қылаң берсе де, алда атқарылар қыруар істің білімсіз бірдің емес, бірлікті мыңның күшімен бітеріне сендім...

Оценить материал
0