Наверх

Погода в Астане: 01 февраля, вечер: -15° 3 м/с02 февраля, ночь: -21° 3 м/с02 февраля, утро: -22° 2 м/с02 февраля, день: -11° 2 м/с

Алмас қанжар қын түбінде жатпайды...

3662
Фото: Титақовтардың отбасылық мұрағатынан.

Біздің «Объектив.кz» ақпараттық-сараптамалық порталы Алаш қозғалысының 100 жылдығына бұған дейін филология ғылымының докторы,қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханның «Алаш идеясының Шыңжан қазақтарына таралуы» атты ғылыми мақаласын жариялаған болатын. Бүгін алаштанушы Айдын Ырысбекұлының Алаш автономиясының өмірінен алынып жазылған «Мұрат үшін майдан» атты тұңғыш Алаш пьесасының авторы Мұхтизар Титақов жайлы зерттеу еңбегін назарларыңызға ұсынамыз.   

Бұл бір нысаналы тағдыр шығар. Мен 1989 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының филология факультетінде оқып жүрген кезімде Алаш арыстарының соңғы тұяғы саналатын- Қайым Мұхамедханұлынан дәріс алдым. Алғаш рет «АЛАШ» деген сөзді  де сол кісінің аузынан естідім. Содан бері белгілі бір деңгейде Алаш  тақырыбына ден қойып келе жатырмын.   

2012 жылы Алаш ұлттық-демократиялық республикасының құрылғанына 95 жыл толған тұста мен, Семей қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет істеп жүрген болатынмын. Бастығым- Құсмілия Нұрқасым есімді ұлтшыл азамат еді. Бір күні сол кісі мені шақырып алды да: «Айдын, әкімдіктің жұмысы өз алдына. Сен Алаштанушы ретінде Алашты көтеретін айрықша бір іс жасауың керек!» - деп, тапсырма берді. «Әрине, Құсеке!» - дедім.

Менің көптен бері көкейімде жүрген асыл арманымды  тап басып таныған  Құсекеңе алғыстан басқа айтарым жоқ. Әрі ойлап, бері ойлап отырып: «Көп болса бір айдың ішінде той тойлап, сұхбаттар, форумдар, конференциялар ұйымдастырармыз, газетке жазармыз, бірдемені мың қайталап телеарналарға да шығармыз. Онымен қай  шыңды бағындырып, қай тауды қопарамыз? Бұлар біздің тұрақты жұмысымыз ғой! Мұндай бір реткі іс-шараларды кез келген мектеп, колледж, институттар да атқарып жатқан жоқ па? Одан да ВЧК- ОГПУ-НКВД- КГБ -ҰҚК-нің  рұқсат етілмеген мұрағат құжаттарына қол жеткізудің жолын қарастырайын!» деген тұжырымға келдім.

Ақыры, алыс-жақындағы Алаштанушыларға шығып, олармен шығармашылық байланыс орната бастадым. Алайда, үлкен ізденіспен сұрастыра  жүріп жинаған ақпараттарымның ішінен көңілімді толтыратын бірде-бір дәйекті дерек кездеспеген еді. Баршаңызға мәлім, Алаш мемлекетінің астанасы- «Алаш қаласының» Семейде болғаны. Соның өзі-ақ Семейліктерге екі есе жауапкершілік жүктемей ме? Оны ойласам, аза бойым-қаза болады. «Мен» деген зерттеуші, өлкетанушы, ғалымдардың бәрінің де құлақ етін жеп біттім-ау деймін, қос бірдей Абайтанушы, жазушы ағаларым - Төкен Ибрагимов пен Бекен Исабаевтың өздерін де зәрезап қылған сияқтымын. Бірақ, обалы нешік, олар маған мәңгілік рухани азық болатын құнды дүниелердің көбін айтудай-ақ айтып берді.

Соның бірі-Алаштың пьесасы туралы мағлұмат болатын. Екеуі: «Бұл пьеса бір болса- ҰҚК-де болуы мүмкін» деді, әрі қарай оларды қанша  әурелесем де, осыдан артық, мардымды ештеме ала алмадым. Сөйтіп жүргенімде, бір күні Мұрат Кенемолдин деген ағамды жолықтырып қалдым.

Бұл кісі - «Абай» журналының жауапты хатшысы болатын, біздің өңірге белгілі үлкен зерттеуші және кәсіби журналист. Көп ғалымдардың қолына түсе бермейтін мәліметтер де осы ағамыздан табылушы еді. Екеуіміздің жұмыс кабинеттеріміз бір қабатта болғандықтан жиі ұшырасатынбыз. Менің әңгімелерімнің дені Алашпен басталып, Алашпен аяқталатынынан жақсы хабардар ағамыз ары-бері өткенде маған соғып кетіп отыратын

Мен де ол кісіге ара-тұра барып тұратын едім. Ол уақытта «Алаш апталығын» өткізуді жоспарлап, енді оның бағдарламасын дайындап  жүрген болатынмын. Бірде ағам келе қалды. «Айдын бауырым, мына ҰҚК-де Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін күрес» деген пьесасы бар. Егер, әкімнің атынан хат жаздырта алсаң, жақсы болар еді, мүмкін беріп қалар» демесі бар ма? Сол сәтте аузыма сөз де түспей қалып, қуанғанымнан ағамның қолын қатты-қатты қысып жіберіппін, жүзі алабұртып кетті. Міне, Мұрат ағам осылайша сол бір жұмбақ - Алаш пьесасының атын  атап, түрін түстеп берді. Көп-көп рахмет Сізге қадірлі аға!

Бұрындары, Алаштанушы-ғалымдардың барлығы дерлік Алаш өмірінен тікелей сыр шертетін драматургиялық бір шығарманың болмауы мүмкін емес деп жүруші еді?! Өйткені, Алаштықтардың қалам тартпаған саласы жоқ болатын. Енді, міне, «көктен іздегеніміз жерден табылды» деп, бөркімізді аспанға ата бастадық. Бірақ, ол сондай жеңіл-желпі шаруа болмай шықты.

Біз түгілі ҰҚК-нің аса құпия мұрағатына арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының да әлі күнге дейін, қолдары жетпей- ақ келеді. Жасыратыны жоқ, алғашқыда мен де:«Бұлардың қасында маған не жорық?» - деп ойладым! Бірақ, ой-санаңды тұмшалаған істі бір бастап алған соң, оны тастау, одан да қиын екен.

Содан, неде болса: «Нар тәуекел» деп Мұхтизарды іздеуге кіріскенімде, бірден кедергілерге тап болдым. Біріншіден, айтып көріп едім - әкім келіспеді, екіншіден, барып көріп едім-ҰҚК оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екен. Сол себепті де, бұған 3-4 айдай уақыт жұмсалды. «Шөлі қанбаған адам ақыр соңында құдық қазып тынады» дегендей, әйтеуір дәл сол жолы сәті түсті. Мүмкін, «Алаш рухы» қолдаған шығар. Соған әлі күнге өзім де таңданамын...

Аталған басқарма бастығының міндетін атқарушы С.Әшімовтің ауызша келісімін алғаннан кейін, өзімнің бастығым Қ.Нұрқасыммен ақылдаса отырып, Семей қалалық әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан ресми хат дайындадым. Барғаннан соң, ол жердің қатаң тексеруінен өткізді де, ішке кіргізді. Маған бір сағаттай ғана уақыт берілген еді. Желке тұсымнан біреу, маңдай алдымнан біреу бақылап, қарап тұрды. Менің алдымда жатқан төте жазумен жазылған Мұхтизар Түлікұлы Титақовтың "МҰРАТ ҮШІН МАЙДАН" атты  пьесасының көшірмесі мен «ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСІНІҢ»  көшірмесіне көз жүгіртіп өтуге ғана мұршам жетті.  «Маған қажетті құжаттар – осылар!» дегеннен кейін барып, көшірмелерін қолыма берді.

Бұл баға жетпес құндылықты тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхамедқазы Мұхамадиұлы деген ағама жақсылап аударттым да, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлына алып бардым. Пьесаны оқи бастағаннан-ақ: «Міне, бауырым, «Алаш пьесасы» деген - осы!» деп Алаштанушы ағамыз балаша қуанды. Біраз жерлерін мұқият оқып шықты да, көшірмелерін өзіне алып қалған еді. Кейіннен, бұл пьесаны жарыққа шығарғанымда алғы сөзін  де өзі жазды.

ҰҚК-нен алған  бұл құжаттардың көшірмесіндегі қылмыстық ісінің сұрақ-жауап анкетасына қарағанда, Мұхтизар Түлікұлы 1904 жылы 22 ақпанда Қарақаралыда туған. НКВД ұстаған уақытта Семей қаласы Хлебная көшесі № 18 үйде тұрыпты. Білімі толық жоғары емес. Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтында оқыпты. Партия қатарында болмаған. Тұтқындаған шамада (25 ақпан 1936 жыл) өзі-32, әкесі Түлік – 63, анасы Жамал – 58, інісі Ескендір – 13 жаста екен. Қаламгер «1917 жылдың ақпанына дейін – Қарқаралыда оқыдым, 1932 жылға дейін ара-тұра болмаса әрдайым оқуда болдым» деп көрсетеді. Кесілген сатьясы - әйгілі 58/10. «Мұхтизар ісінде» жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, (қосымша фотосуреті де жоқ) тек, кәсіподақ мүшесінің билеті ғана тіркеліпті. Бұған ол 1924 жылы 6 мамырда кіріпті. Мамандығы - «экономист-плановик» деп жазылған. Мұхтизар шығармасын «4 перделі, 6 суретті музыкалық драма» дейді. Бірақ, НКВД архиві оны әрі-бері жұлмалап, өздерінің идеологиясына дәйек болатын жерлерін қырқып-пішіп, тұтас дүниені мақсатты түрде бүлдірген...

Бірақ, қазіргі күні бұл анкета жауабын толықтыра түсетін басқа да деректер табылды. Мәселен, Мұхтизардың Ескендірден басқа Мұхтар есімді бауыры мен Қамар, Айтбану деген қарындастары бар екен (бұл үшеуінің өмірін сақтау үшін, тергеушіден әдейі жасырып қалған сияқты - А.Ы.) және екі бірдей жоғары білімі болған. Атап айтқанда, Ташкент қаласындағы Орталық Азия мемлекеттік университетін (САГУ) заңгер мамандығы бойынша және Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар, Семей өңіріне танымал мықты адвокат, ақын-импровизатор және ғалым-аудармашы кісі-тұғын. Өзінің қысқа ғұмырында соңына «Сары Арқа» атты поэмасы мен «Алаш Орда» деген кітабын және грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған жиһанкез» атты поэмасының аудармасын, орыс ақыны Иван Крыловтың мысал-өлеңдерінің аудармаларын (соны қазақшалаған) жазып қалдырған.

Аталған туындыларының бірі - «Сары Арқа» поэмасы Ресейдің Москва қаласындағы Ленин атындағы кітапханасының «сирек кітаптар қорында» сақтаулы жатқан көрінеді. Біздің елден ол жаққа барған бірнеше ғалым-адамдар сол қолжазбаны (мүмкін көшірмесі) көздерімен көрген және оқыған. Бірақ, не фотоға түсіруге, не көшіріп алуға, не алып шығуға  оларға рұқсат бермей қойған сыңайлы. Солардың бірі- Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының оқытушысы болған Кенжебеков Мұратбек деген тарихшы-ғалым болатын. Міне, осы ғалым диссертациясының жұмысымен Москваға барғанда, аталмыш кітапханадан ойда-жоқта Мұхтизар Титақовтың «Сары Арқа» поэмасына тап болып, оны оқып шығып, таңырқаған.

Кейіннен, осында келген соң, Мұхтизар туралы төңірегіндегі зиялы қауым өкілдерінен ақырындап сұрастыра бастайды ғой. Содан, ол кісіні білетін және көрген адамдардың бірі - жазушы Оразбаев Балтабекке кездесіп, «Мұхтизар керемет ақын болған екен ғой, мен ол кісінің осындай шығармасын оқыдым, сен оның ақын болғанынан хабарың бар ма еді?» дегенде, ол: «Мен оның мықты адвокат болғанын және жазушылықпен айналысатынын  білуші едім. Өйткені, ол кісінің әкесі Түлік те оқымысты адам болды ғой» деген екен.  

Сол Ленин кітапханасында болған тағы бір жерлесіміз - Мұрат Сапорұлы деген белгілі азамат Мұхтизардың қарындасы Роза Мұхтарқызына жолыққанда, оның осы аталмыш шығармасы - «Сары Арқа» поэмасы жөнінде айтқан.

 

Сары Арқа

Арқаның алтын таңы шабақталып,

Сарғайып сары белден бұлтты жарып.

Қызарып ұядан күн қияға өрлеп,

Көзіме нұр төгеді тұрған барып.

 

Арқаның жазғы кеші жанарланып,

Жібек жел аңқып иісі самалданып.

Көрдің бе, деп қызыл күн көзін салды,

Торғындай түрін төккен жүз құбылып.

 

Арқаның шалқар көлі жатыр көлбеп,

Құс ұшып, қаз қаңқылдап көкте өрлеп.

Қаршыға ытып кеткен қолдан ұшып,

Түсірген үйректерді теуіп, сермеп.

 

Арқаның жазғы көші жайлауға өрлеп,

Салтанат, сәніменен жатыр көлбеп.

Ән шырқап, қыз-бозбала ен далада,

Жортақы жүйрігімен жарыс сермеп.

 

Өкінішке қарай, Мұхтизардың шығармашылығы түгілі оның өмірбаяны туралы да  мәліметтер әлі бір ғылыми жүйеге түсірілген жоқ.

Дегенмен де, қолда бар аз-кем мағлұматтарға сүйене отырып, Мұхтизардың  жеке өмірі жайында айта кетпесем болмас. Ал, қалғанын, болашақ зерттеу жұмыстарының еншісіне қалдыра тұрайық!

Оның әкесі- Түлік Төребайұлы Титақов ақын, жазушы, аудармашы адам болған. Өткен ғасырдың басында Семейдегі әскери-губернатордың тілмашы міндетін атқарған.(бірнеше шығыс тілдерін және орыс тілін жақсы білетін)Кейбір деректерге қарағанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Хатшысы қызметінде болған көрінеді.(Қартайып, біраз жасқа келіп, 1940 жылы Семейде өмірден озған).

Ал Мұхтизардың Алаш Ордамен байланысы болғаны себепті, оның өмірінің астан-кестеңі шыққан. Үнемі қуғын-сүргіннен қашып, бой тасалап, Ташкент, Новосібір, Алматы сияқты біресе ана қалаға, біресе мына қалаға тіпті, Якутия жаққа да еріксіз кетуге мәжбүр болып отырған. Анасы Жамал: «...Қайда жүр екен, қарағым?» - деп, қайғыдан қан жұтып, үнемі күрсініп отыратын көрінеді. «Бұл ұлтшыл, Алашшыл» деген сылтаумен соңына шырақ алып түскен НКВД-ның  кесірінен, ел қатарлы отбасы бақытын  көруге де мұршасы болмаған. Үйленген, бірақ  қайта-қайта  тұтқындалып, жиі соттала  бергеннен соң, ондай берекесіздіктен әбден мезі болған әйелі ақыры кетіп тынған. Тағы да үйленген, тағы сол сценарий қайталанған. Әйтеуір, қайран Ер өзінің 53 жасында 10-11 рет отбасын құрса да, бір қайтқан бағын қайта қайтара алмаған сыңайлы.

1953 жылы Сталин өлгеннен кейін, ұлттық интеллигенцияға қарсы мақсатты түрде  жүргізіліп келген «жылан жорығы» сәл де болса саябырси бастады. Бірақ, мүлдем тоқтатылмады да...

Алайда, бұл кезде «халық жаулары» саналған ақылмандарымыз түгелге жуық атылған болатын, сотталғандарының дені еңбекке жарамсыз еді, ал сау шыққандарының бойын әлдеқашан үрей билеп  алғандықтан, олардың көпшілігінің өмірі трагедиямен аяқталды. Мұхтизар да сондай тайғақ кешулі тағдыр тауқыметін басынан өткерген  құрбандардың бірі еді! Ол кісі 1957 жылы  қайтыс болды, сүйегі  Семей облысының Аягөз қаласындағы  мұсылмандар қорымына  жерленді. Биылғы 2017 жылы Алаш автономиясының құрылғанына 100 толуы қарсаңында  арысымыздың басына ескерткіш-белгі қойып, ұрпақтары білген дұғасын қайырып, тәу етіп жүретін киелі орынға айналдырсақ, атамыздың әруағы  да риза болар еді...

Мұндай тұлғаларды халыққа таныту- мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабылданып, насихатталуы тиіс мәселе. Сондықтан, қаймана қазақ жұрты, жүрегі  «ҰЛТЫМ» деп соққан азаматтарымыз- Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жылап отырып  оқып, ғылыми айналымға түсіру үшін, күш қосуымыз керек. Арманда кеткен  Алаш арыстарының бірі - Мұхтизар Түлікүлы Титақов жайлы тәптіштей айтар кез әлі алда.

 

 

 

Айдын Ырысбекұлы, 

алаштанушы 

 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сараптамалық кеңесінің геральдист-сарапшысы, алаштанушы. 1971 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы), Ақсуат ауылында туған. Алаш мұрасын зерттеу ісімен 1989 жылы студент кезінен айналысқан. Алаш қайраткерлері жайлы зерттеп-зерделеген 300-ге тарта ғылыми-публицистикалық мақалалардың, 1 деректі фильм cценарийінің авторы және режиссері (Үшаралдың батыры).

«XXI ғасырдағы Алаштың ақжолы» ақжолы», «Биобиблиографиялық жадынама», «Жас-Ай» жылнамасы  жинақтарының құрастырушысы және «Мәрт азамат», «Алаштың құнын қалай қайтарамыз?» «Алаш жолы», «Тау тұлға», «Алаш апталығы», «Абайды білмесең, адам емессің», «Алаш тағылымдары», «Академиктің Семейге келуі» кітаптарының авторы.

Оценить материал
0