Наверх

Погода в Астане: 17 декабря, вечер: -24° 3 м/с18 декабря, ночь: -25° 3 м/с18 декабря, утро: -27° 3 м/с18 декабря, день: -18° 3 м/с

Нұрсұлтан Назарбаев: Көшбасшы және Нұрлы көш. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.

879
Фото: Ашық ақпарат көзінен.

2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеген еді. Бұл мереке 2012 жылдан бері аталып өтіліп келеді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы. Бүгінгі мерекеге орай, біздің «Объектив. kz » ақпараттық-сараптамалық порталы ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетованың «Нұрсұлтан Назарбаев: Көшбасшы және Нұрлы көш» атты зерттеу мақаласын  назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақ тарихының әрбір кезеңіндегі көші-қонның өзінің ерекшелігі және сипаты бар. Қазақстанды демократияландыру, түрлі саяси реформалардың басталуымен көші-қон үрдістеріне түрлі факторлар әсер етті. Ол: әртүрлі халықаралық келісімдер, шекараны ашу, елге кіріп-шығу еркіндігі. Бұл Қазақстан тұрғындарына өздерінің тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берді. Әсіресе осы фактор Қазақстан тәуелсіздік алған тұста қатты әсерін берді. Мысалы, 1980-ші жылдардың соңы, 1990-шы жылдардың басында немістердің қоныс аударуы байқалды. 1990 жылдың өзінде Қазақстаннан шетелге  79,4 мың немістер, 1,6 мың татар, 1,4 мың белорустар қоныс аударды, сол сияқты кейінірек бұларға украиндар, еврейлер де қосылды. Бұл ертеректе Қазақстанға күштеп қоныс аударған халықтың туған жерлеріне қайтуы және бірігуі болатын. Сондықтан да тарихи отанына қоныс аударғандардың (әсіресе, Германия, Израиль, Ресей) басым бөлігі, әлеуметтік-мәдени және этникалық құндылықтарды басшылыққа алғандар болатын. Оның ішінде жаппай күштеп орналастырылған (крым татарлары, шешендер, ингуштар және басқа), тың игеру кезінде, екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі көшірілген халықтар да болатын. Теріскей өңірге республикаға келген поляктардың 71,8%-ын, 57,6% белорустарды, 55,2% украиндарды, 32,6% орыстар орналастырылған болатын. Орталық облыстарда белорустардың 19,3%, украиндықтардың 14,4%, орыстардың 13,7%, поляктардың 11,8%, ал Шығыс Қазақстанда орыстардың 15,5%-ы, украиндардың 2,9%, белорустардың 4,0%, поляктардың 1,1 % орналастырылды. Осылайша, қазақ өз елінде пайыз жағынан төмен, рухани жағынан қысым көрген елге айналды.

Осындай тарихи кезеңдерде қазақтардың шетелге үдере көшуі, елдің әлеуметтік-саяси жағдайымен тікелей байланысты болғандығы бүгінгі күні құпия емес. Ел тәуелсіздігі сырттағы талай қандастардың жүрегін толқытты, үкілі үміттерін жүзеге асыра, нақты шешімдер қабылдауларына негіз болды. Қандастар патшалық және кеңестік кезеңде қоныс аударған болатын. Алайда, «аққа құдай жақ» ұғымы бекер айтылмаса керек. Жергілікті халықтың қайсарлығы мен тектілігі нәтижесінде, азаттық таңы атты. Заман өзгерді. Күн туды. Тәуелсіздіктің көк туы желбіреді. Тәуелсіздіктің сындарлы жылдары қандастарымыздың қайта елге оралуларына мүмкіндік туды.

1990-шы жылдардың басы қазақ елі сын-қатерлердің бел ортасында еді. Экономикалық әлеуетті қалпына келтіру, демографиялық қалып орнату, саяси қатынастарды ретке келтірудің бір мезгілде кешенді қолға алынуы, ең маңызды қажеттілікке айналды. Дәл осы кезеңде қандастарды қабылдауға да мемлекеттік қолдау қажеттілігі күн тәртібіне қойылды.

1990 жылдардың басында бұрынғы қалыптасқан әлеуметтік құрылымның ыдыраған, мемлекеттік құрылымның өзгерген тұсында, халықтың өмір-тіршіліктерінің болашақтағы әрекеттерін жоспарлау мәселесіне келгенде, Қазақстан дағдарысты күй кешті. 1990 жылдардың ортасында әлеуметтік құрылымды қалыптастырудағы келеңсіздіктер: әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, жұмыссыздықтың өсуі, «ауыл-қала» бағытындағы жүйесіз көші-қон легінің өсуі көрініс берді. Оған қоса, құндылықтар жүйесінің дағдарысы, әлеуметтік саланың төмендеуі көрініс тапты. Облыстардағы шағын қалаларындағы экономикалық әлеуетті сақтап қалу, еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуды тұрақтандыру да күн тәртібінде тұрды. Дәл осындай жағдайда шетелдегі қандастарды тарихи Отанына шақырып, оларды орналастыру және бейімдеу әрекеттеріне қаржы қарастыру, оны жүзеге асыру, үлкен жауапкершілік пен тәуекелді қажет етті. Мәселе тек қаржыда болса да, жақсы ғой. Оның екінші қыры болатын. Қандастарды Отанға қайтару үрдісін негіздеу. Экономика әлсіз, саяси қатынастарда өзге мемлекеттермен терезесі тең емес, оған қоса ел іші қаншама этнос өкілдерінен құралған. Түпкі мәнін түсінбей, ел ішінде этносаралық қақтығыстарға да жол беруге болмайды. Бұл - біріншіден. Екіншіден, халықаралық қауымдастыққа қандастарымызды көшірудің нормативтік-құқықтық негіздерін әзірлеу қажет болды. Міне, осы тұста Қазақстан Республикасы Президентінің ел ішінде және халықаралық ұйымдармен қатынаста дипломатиялық шеберлігі көрініс тапты. Ол шетелдегі қазақ диаспорасының басқа диаспоралардан ерекшелігін негіздегі. Өзге диаспоралардың басым бөлігі эмиграциялық үрдістер салдарынан болса, шетелдегі қазақ диаспорасының қалыптасуының негізі – күштеп, қуғын-сүргін салдары екенін мәлімдеді. Сол сияқты Министрлер кабинеті мен халық депутаттар Кеңесіне республика көлемінде еңбек ресурстарына сұраныстағы нысандарды анықтауға тапсырма берілді. Соның нәтижесінде алғаш Семей облысының Абай, Мақаншы, Таскескен, Шұбартау аудандары Моңғол Халық Республикасынан 300 отбасын түпкілікті орналастыра алатындығын мәлімдеді. Осылайша, көшті 1991 жылы шілде айында МХР-нан 893 отбасы бастап, олар Талдықорған, Семей, Қостанай, Алматы облыстарына орналастырылды

1991 жылдың 18 қарашасында Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерге жұмыс істеуге тілек білдіруші төл ұлт өкілдерін Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» қаулысы қабылданды. Бұл келісімшарт негізінде көшіріп әкелген қандастар келгеннен кейінгі, алғашқы негіздемелік құжаттардың бірі болатын. Қандастарды тарихи Отанына шақырудың құқықтық негіздері Мемлекет басшысының сауатты  үйлестірушілік шеберлігімен қысқа мерзімде тұжырымдалды. Әдетте, біз нарықтық экономикаға Қазақстан енгеннен кейінгі Президенттің алғашқы жұмысы экономикалық реформа жариялады деген ұғымды қабылдап алғанбыз. Мәселенің байыбына барсаңыз, Н.Назарбаев ҚР Президенті болып сайланғаннан кейінгі қолға алған алғашқы қадамы, өзінің алыстағы қандастарына Арнаудан басталғанын ескере бермейміз. Преидент өз жұмысын адам құндылығынан, жоғын түгендеуден бастаған-ды. 1991 жылдың 31 желтоқсан күні радио арқылы алыста жүрген ағайындарына ақ тілегін арнады: «Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін! Аспанымыз әрқашан ашық болсын! Сіздермен ата мекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік! ... Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!». Мұнымен қатар осы жылы Қазақстан ғарышқа алаш азаматын тұңғыш рет ұшырды, тарихи тұлғалардың рухы ұлықталды, Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағы Батыры атағына ие болды. Осылайша, Қазақстан халқының қуанышын алыстағы ағайынмен бөлісті әрі әлем халқының алдында мәлімдеме жасады. Осыдан бастап, көш легі басталды. Алыс-жақын щетел қазақтары атынан хаттар келіп түсе бастады.

1992 жылдың 29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында, 33 елден өкілдер келген Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы жұмысын бастады. Мәжілісте сөз кезегіне шыққан Дәлелхан Жаналтайдың (Түркия) көзіне жас ала, былайша сезімін жеткізген болатын: «Мен бұл күнді көремін деп ойлаған жоқ едім. Құдайға шүкір, өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ!». Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы ретінде бір ауыздан сайланды. Ол қазақ диаспорасының қалыптасуы – зерделі жанды таң қалдыратын құбылыс ретінде, әрбір үш адамның біреуі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халықты атаудың қиын екенін атап өтті. Себебі әлемнің 40-тан астам елінде қазақтар өмір сүруде. Осы Құрылтайда Президент Н.Ә. Назарбаев ағайын туыстарға сырын ақтара сөйледі. Даланың да, қаланың да әбіржулі күйінің уақытша екенін, шат тірлік орнайтынына сендіріп, қазақстандықтардың ұлы жолға шығып, арманды сапарға аттанғанын атап өтті. Бастысы, қолда тәуеелсіздіктің көк туы, елтаңбамызда – киелі шаңырақ, алға жетелейтін – қанатты пырақтар екенін сеніммен айтқан болатын. Иә, ол кезеңде басты капитал - асқақ сенім ғана еді. Демографиялық саясат саласы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселелерін шешу қажет болды. Ауыл тұрғындарының денсаулығына, ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларына қамқорлық жасау мен қолдауға қатысты даму басымдылықтарын мемлекеттік деңгейде анықтау мәселесін шешу қажеттілігі туындаған тұс. Осының бәріне қарамастан, қандастарды тарихи Отанға көшіріп әкелуге басты басымдылық берілді. Оған қоса, осы кезге дейін қазақ диаспорасы өкілдерін орналастырып, олардың ұлттық тілі мен салт-дәстүрін дамытуға мүмкіншілік берген шет мемлекеттердің басшылығына ризашылығын білдіруді де жадынан шығарған жоқ. Бұл да ерекше қасиеттілік. Қандастарға оралман мәртебесін беру, азаматтығын реттеу, ел ішіне бейімдеу үрдісі де түрлі өмірлік тәжірибелер арқылы іске асып отырды. Жан-жақты сараптмалық зерттеу нәтижесінде көші-қон заңы мен тұжырымдамалар қабылданды. Көші-қон жүйелі қалып ала бастады. Мысалы, 1991-2005 жылдың бірінші жартысы аралығында шетелден (Моңғолия, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Түркіменстан және басқа ТМД елдерінен) Ақмола облысының Ақкөл, Аршалы, Астрахань, Атбасар, Бұланды, Егіндікөл, Есіл, Ерейментау, Жақсын, Жарқайың, Қорғалжың, Сандықтау, Целиноград, Шортанды, Зеренді, Щучинск, Еңбекшілдер, елді мекені мен Степногорск және Көкшетау қалаларына 5289 оралман отбасылары орналасты.  

Мақсатты шараларды сапалы және толыққанды орындау мақсатында 2005 жылдың қараша айында Президент «2005-2007 жылдарға арналған шетелде тұратын отандастарды қолдаудың Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарғысына қол қойды. Сол сияқты басқа да заңнамалық актілер тарихи маңызға ие болды. Олар: «Тұрғындар көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңы, 2001-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының Салалық бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 27 желтоқсанда бекіткен «2005-2007 жылдарға арналған оралмандар иммиграциясының квотасы туралы»  Жарлығы, Репатриант (оралман), реэмигрант, қоныстанушы, мәжбүрлі қоныстанушы мәртебесін анықтау тәртібі туралы Нұсқау бекітілді. Қандастарымыздың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлерге Үкiметтiң 2009 жылғы 8 мамырдағы № 674 қаулысымен «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітіліп, іске асырылды. Жақында «Көші-қон Заңына» жаңа толықтырулар енгізілді. Түйткіл мәселелер туындағанмен де, көш легі тоқтаған емес. Мысалы, 2016 жылы елімізге  16 мың оралман отбасы келіп қоныстанды. 1991-2017 жыл аралығында миллионнан аса қандастар тарихи Отанына оралды. Олардың басым бөлігі 61,5 %-ы Өзбекстаннан, 14,3 %  Кытайдан, 9,3 % Моңғолиядан, 6,8 % Түркменстаннан, 4,6 %  Ресейден және 3,5 % өзге елдерден келіп орналасқандар. Оралмандардың Оңтүстік Қазақстанда  - 21,2%-ы, Алматы облысына – 16,3%, Маңғыстау облысында – 13,0%, Жамбыл облысында – 9,4%  және басқа аймақтарда – 40,1% орналасқан. 2016 жылы оралмандарды орналастырудың жеті аймағы белгіленді. 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 8 752 қандастарымыз көшіп келіп, оралман мәртебесін алды.

Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы - қандастарымыздың тарихи Отанға оралуымен басталды. Бұл – факт. Айтуға жеңіл болғанмен, көш жүгі оңай болмайтыны бәріңізге мәлім. Бір анығы, көштің жүгін ғана емес, біртұтас ел жүгін жұрт болып көтеруіміз керек. Бастысы ата-бабалар арманы орындалды. Ширек ғасырда бел буып, туған жерінің топырағын басамын дегендерге жол ашылды. Ғасыр тауқыметін тартып, ата-аналарының аманатын орындаған қандастар көші – «Нұрлы көшке» айналды. Олардың ішінде тәуелсіз Қазақстанның жасампаздығына үлесін қосып жүрген қандастарымыз, ұлт мақтаныштары да аз емес: Жандарбек Мәлібеков, Зардыхан Қинаятұлы, Майра Мұхамедқызы, Ислам Жеменей, Нәбижан Мұқаметжанұлы, Досан Баймолда, Дүкен Мәсімханұлы, Қанат Ислам, Төлеубай Нығарбайұлы, Жасан Зекейұлы сияқты тағы басқа ел таныған азаматтар. Осының барлығы «Нұрлы көштің» жұлдызды тұлғалары. Барды бағалау – басты парызымыз.

Шындығы керек, Мемлекет басшысы өз сөзінде тұрды. Тұңғыш Құрылтайда қандастарына мемлекетіміздің гүлденуіне өздерің куә боласыңдар деген болатын. Өздеріңізге мәлім, 2017 жыл - тарихи жылға айналды. Қазақстан жыл басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне енді. Алматыдағы «Универсиада-2017» спорт ойындарына 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысты. Ең бастысы, Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып, әлем деңгейіндегі іс-шара - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмені, Астана қаласында өткізді. «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасын таныстыру аясында, 2017 жылдың 17 қазан күні ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Қоғамдық сананы жаңғырту: Нұрсұлтан Назарбаев моделі» атты халықаралық конференцияның өтуі де, рухани мұраны жаңғыртуға өз үлесін қосты.

Қазақ халқының алдында қашан да ұлттық мұратқа жету басты нысана. Отбасы тәрбиесінде, жүрген ортамызда бір күндігімізді місе тұтпай, ұлттық дәстүр мен тілімізді сақтасақ, асыл қасиеттеріміз ардақ тұтсақ, атамекенге деген сенімді әлпештей білсек, туған халық алдында перзенттік парызымызды өтей білсек деген, ұлы мұрат тұр. Бұған итермелейтін заманауи жаһандық сын-қатерлер. Оған жұтылып кетпеу үшін де күрес керек. Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқын ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты, ұлы құндылықтарға жетелеп келеді. Біз де көштен қалмауға ниеттіміз. Заманауи тарихтың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы көштің» бастау көзінде болғанын қаперде ұстайық, ағайын!

 

Құндызай ЕРІМБЕТОВА,

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Біздің анықтама   

Құндызай Мырзашқызы Ерімбетова, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты . Әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров) атындағы ҚазМУ-дың 1984 жылғы Тарих факультетінің түлегі. 150-ден аса мақалалары ғылыми журналдар мен ақпараттық ғаламтор беттерінде жарияланды. 1995 жылғы «Қазақстанның ауыл - село тұрғындары және КСРО мемлекетінің көші-қон саясаты (1960-1980жж.).ғылыми брошюрасы, 2009 жылы  «Қазақстандағы кеңес мемлекетінің көші-қон саясаты (1960-1990жж.)» монографиясы жарық көрді. 2009-2011 жылдар аралығындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткізілген Халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференциялардың материалдар жинағының редакциялық алқа мүшесі. 2015 жылы Вена қаласында жарық көрген «Sustainable economic development of regions» атты ұжымдық монографияның авторлық құрамына енген. 2016 жылы екі кітаптан тұратын «Қазақтың тарих ғылымы. Академик Анна Панкратова», ал  2017 жылы «Тарих толқынындағы тағдыр. Шәбден Ералиев» монографиялары жарық көрді. Білім және ғылым министрінің мақтау қағаздары, сертификаттар және дипломдармен марапатталған.

Оценить материал
0