Наверх

Погода в Астане: 01 февраля, вечер: -15° 3 м/с02 февраля, ночь: -21° 3 м/с02 февраля, утро: -22° 2 м/с02 февраля, день: -11° 2 м/с

ЕЛ ҚОРҒАНЫ ЕРДЕН БАТЫР

7071
Фото: ашық ақпарат көзінен

Тәуелсіздік күні Ұлытауда Ерден Сандыбайұлына ескерткіш ашылды. Ұлыларын ұлықтай білу-елдіктің белгісі. Жас ұрпақтың туған жеріне, өскен өңіріне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, отаншылдық рухта тәрбиелеуде мұндай тарихи тұлғалардың есімін ардақтап, ескерткіш орнатудың тәрбиелік мәні зор. Өлкетанушы,журналист-жазушыТоғанбайқажы Құлманұлының зерттеу еңбегінде Ерден батыр жайлы жан-жақты қамтылып, баяндалады.   

Ұлытау өңірі – абыздар мен аңыз тұлғалар мекені. ХІХ ғасырда өмір сүрген халықтың адал перзенттерінің аңыз тұлғаға айнала білетін сирек құбылысы Ұлытауда қайталануы – кез-келген ұлттың ұлылары үшін уақыт айырмасы болмайтынын аңғартады.

Жоңғар шапқыншылығынан бастау алатын батырлық пен ерліктің, даналық пен билік құрудың асқан шеберлік үлгісін жасай білген дана да Ұлытау тумасы.  Ол ел намысын, жерінің киесін қорғау жолында амал-тәсілдің шебер үлгісін жасай білген ата-бабалар жолын сәтті жалғаған – Ерден би. Ол – болыс, аға сұлтан, ел қорғаған батыр, дуанбасы. Оның қоғам қайраткері міндеті Ұлытау өңірінде құрылып, жалпақ қазаққа өнеге болған «Төрт босаға» билік құрылымының белсенді басшыларының бірі болған кезден басталады. Ол – тектінің тұяғы, ел қорғаны Сандыбай батырдың ұлы, Жоңғар шапқыншылығында қол бастаған атақты Төлек батырдың немересі.

Оны ерлігі елінің намысын қорғауға арналғаны үшін де замандастары қадір тұтты. Ел еркесі Ықылас, Тәттімбеттей дарындар күй арнады. Мәшһүр Жүсіптің: «Атасын Алаш білген Ерден батыр, Ту ұстап, тұлпар мінген, тігіп шатыр», Орынбай ақынның: «Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей, Көзіме көрінесің келген жерден», – деп жыр арнауы, сол сияқты халқының «Ерден көлі», «Ерден белгісі», «Ерден шыққан төбе» т.б. жер-су атауларын беруі де зор құрметтің белгісі. Ер есімін мәңгі есте сақтаудың дәстүрлі жоралғысы.

Шежіреге сүйеніп сәл әріден тарқатсақ, Әз-Жәнібек ханның тұсында қаһарлы ханның бетіне тайсалмай қарсы келіп, Аққыздай сұлу қызын беруден үзілді-кесілді бас тартқан Қожас бабаның шөбересі.

Қожас бабаның еліне жаққан қылықтарының бірі – қазақ хандарының арасына жік түсіп, елдің жайын емес жеке бастарының қамын күйттеп, биліктің құлына айналған тұста, халқының жағдайын ойламаған ханға қыз беруден бас тартуы. Оның саяси астарының не екенін бүгінгі көзі қарақты саналы жандар түсінсе керек. Ол оқиғаның нобайын Ақселеу ағамыздың Аққыз оқиғасына қатысты тарқатып жазғанын ескеріп, тереңдеп бармай-ақ тізгінді тарта тұрайын. Мол мағлұматқа жол ашамын дегендер оқиға жайлы талдауды менің «Тас-белгі» түйген сырлардың жаңғырығы», деген ой-толғам (Астана, 2015 жыл), т.б. еңбектерімнен танысар деп үміттенемін.

Қазақта тектінің тұқымы деген сөз тегін айтылмаса керек, сондықтан аға сұлтан Ерден жайлы мағлұматты елдің тарихқа алауыздық жасамайтын ары таза  көнекөз қарияларынан тыңдаған ләзім. Өйткені, Ұлытау, Кішітауды жайлаған Балталы, Бағаналы руларының арасында «Сандыбай салған сара жол, Ерден тоқтаған көл» деген қанатты сөздер сақталғаны мәлім. Ағайынды Төлек пен Тулақ Жырық руына ғана емес, тұтас елге есімі жайылған батырлар. Төлек баласы Сандыбай Түрікпен әскерінің басшысы Қараджа есімді батырды жекпе-жекте 16 жасында жеңіп батыр атанып, өз заманында қарадан туып, хан болған ерлердің бірі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер», – дегенді сөз реті келген соң айта салмағаны анық. Мұнда елі үшін жас мөлшерін талғамастан жауына қарсы шауып елге өнеге болған ұлы тұлғалар ғұмыр кешті. Жас Сандыбайға разы болған Барлыбай хан батасын беріп:

- Руың да, ұраның да Сандыбай болсын! – деген екен. Дуалы ауыз, киелі батырдың, айтулы шешеннің батасы қабыл болып, Сандыбай ұрпағы өскен, дәулеті тасыған қазіргі Бағаналы еліндегі іргелі әруақты нәсіл.

«Төрт босаға» – бодандық бұғауынан құтылу мүмкін тірлік екенін мойындатқан, қазақтың кім екенін аңғартқан батыл қадам, өткен ғасырдың соңындағы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі бағдаршам болған саяси құрылым. Ол – патша өкіметі хандық жүйені жойған шақта тарих санасына шықты. Оның жөн бастар – басшысы, ақылшы-уәзір – биі, қол бастар – батыры, тоқтам салар – ақсақалды абызы болды. Сырт көрінісін осылай жабдықтаған олар ішкі құрылымын да бекіте алды. Ел іргесін сөктірмеді, жерін өзара шартты түрде бөлісіп алып, жат  жаудың табанын тигіздірмеді. Осыған қатысты Нәжіл Қыпшақ Рахмет Шашанбайұлы соңына мынадай аталы сөз қалған: «Бағаналының мәйегі ұйып, төрт босағасы тең тұр ғой. Үлкені Кәдір би – ол пірі ғой. Шегір биі, Бабыр – мырзасы, Сандыбай – батыры ғой. Төртеуі төрт міндетті атқарып, елін тең ұстап тұр. Олар басқаға теңдік бермейді».

Мұнан түйіндеріміз: Елімізде хандық билік бастаулары қазақ қоғамында өзіндік маңызы барын әрдайым ескеріліп отырған. Онда елдегі демократиялық жүйенің қағидасы билер, билер алқасы, құрылтай арқылы жүзеге асты. Хан сайлануы да осыған бағынды. «Төрт босаға»  құрылымы бұл мәселеге баса назараударды. Оның нақты көрінісі жайлы ғалым Жарқынбек Әбікенов «Хандық биліктің бастауларының қазақ қоғамындағы маңызы» мақаласында ашып талдаған: «Барақ, Әбілхайыр хандар мұралану жолында моңғолдық дәстүрді қолдаса, Керей мен Жәнібек сұлтандар жергілікті халықтың дәстүрін өздері қабылдап, мемлекеттік жүйеге енгізеді. Жаңадан құрылған Қазақ хандығында моңғолдық дәстүр бойынша Барақ ханның ұлы Жәнібек отыруы тиіс болса, жергілікті дәстүрдің ықпалымен Керей таққа отырады. Осылайша, моңғолдарға дейінгі Дешті Қыпшақ тайпаларының әдет-ғұрыптары толығымен тек қарапайым моңғолдық этникалық элементтердің ғана емес, сонымен бірге Шыңғыс ұрпақтарының күнделікті өмірі мен ел билеу, билікті мұраланудағы дәстүрлеріне де терең сіңеді. Ал жаңадан құрылған мемлекет, – Қазақ хандығы – толық қанды халықтық мемлекет болып есептеледі». («Әбікенов Жарқынбек «Хандық биліктің бастауларының қазақ қоғамындағы маңызы», Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, аға оқытушы , «Ақмешіт апталығы» газеті, №21, 18.03.2015 жыл).

Ерденнің ерлігі – жауға шауып, елге олжа салуымен емес, оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен санасының алғырлығында. Ол елдік мәселеде дұшпанын қалай сүріндіруді білген. Оған ағаларының, «Төрт босаға» қайраткерлерінің, сенгені сондықтан. Оның кейбір пендешілік еркелігіне де сол үшін кешіріммен қарап, бетінен қақпаған. Ол Шығыстың даналық сөздерін көкірегіне тоқып, өткеннің кәделісін бүгінге ұқсата білгендігі үшін де кемеңгер атанған.

Сабыр Шәріпов таңдамалы шығармаларында мынадай оқиғаны келтіреді. Ауылға келген ұлықты даланың жарты патшасы атанған Ерден бірден қабылдамай ыстық күн  астында күттіріп қояды. Паңдықты көрмейсіз бе?! Шын мәнісінде, паңдық Ерденге керек пе еді? Өйткені, бұл аса қатерлі ойын ғой. Ендеше  Ерденнің «ақ патшаға қыр көрсетуіне» жол болсын? Ол тұста ауыл молдалары: «Ақ патша – Құдайдың жердегі өкілі» демеуші ме еді? Ендеше, патшаның оң көзін бақырайтып «күнсітіп қоюды» не дейміз?  Сабыр Шәріпов: «ол елге көрсетілген қыры», «Ерден халыққа қадірін арттыру үшін істеді» дейді. Сенейік пе, сенбейік пе? Бұл тым қисынға келмейді.

  

Елдің айтуынша, 1822 жылы патша Жарлығынан соң, Ерден 19 жыл болыс болған, ал 1841 жылы төрт болыстың үстінен қарайтын «төбе болыс» болды. Оның соңы аға сұлтандыққа ұласады. Ой жүгіртейік.

Біріншіден, қызмет бабында Ерденнің өзі де патшаға тәуелді. Оны солар сайлап отыр. Сондықтан ол патша өкілін әуелі өзі алдынан шығып қарсы алуға міндетті.

Екіншіден, патша тұрмақ, оның өкілі де ауылдың кез келген болысын орнынан ығыстырып жіберуге құдіреті жететінін Ерден жақсы біледі. Өз басын қатерге тігетін басқа себеп болмаса көзсіздікке Ерден бармаса керек-ті.

Үшіншіден, Ерденнің алдауына түсіп өз беделіне нұсқан келтіретін патша өкілі де ақымақ емес. Ол да көзі ашық қызметкер.

Төртіншіден, мұны Ерден жалғыз өзі ұйымдастыра алмас еді. Демек, оған жақтас адамдар ықпал еткен. Елдік мақсат осы тұста бой көтереді. Ерденді тәуекелге апарған «қазақ халқының патшаға деген наразылығына» қосқан өзіндік қарсылық үлесінің белгісі. Орыс жандайшаптарының ішінен де сатқындар табылуы мүмкіндігін тексеріп көрді. Сонда, Абай айтқан: «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып...» – деген тірлік аңғарылып қалады. Бұл алдағы күнге үміт артуға болатын жалғыз жіптің ұштығы еді. Демек, «Төрт босаға» өз саясатын «жалғай алады» деген сөз-тін.

1862 жылы «Аға сұлтан» сайлауына «Ұлытаудан Сандыбайдың Ердені, Орынбайдың Жанайдары түссін!» деп ел дүрліге бастаған кезде, Уәлінің Шыңғысы өз ұлы, атақты ғалым Шоқанды (Мұхаммедқанафия) әзірлеп жатыр» деген сөз тарайды. Ел пікірі екіге бөлінеді.

Содан, «Төрт босағаның» игі жақсылары бас қосады. Араларында арнайы қалап шақырған Жанайдардың баласы Мейрам, Қыпшақ Өтен палуан да бар екен. Сонда Бабыр би айтып, Шегір би қоштап, ауыз бірлік жасасыпты:

 – Шыңғыс төре тұқымы, баласы Шоқан – халықтың ұлы. Ілімі – ұшан-теңіз. Бірақ, оның «бірағы» бар. Орыспен жағаласып өткен Хан Кененің «қиянатты ісін» олар ұмытпайды. Ендеше, оның көзі ашық «бөлтірігін» таққа қайта отырғызбайды. Кейін көресіздер ғой, тереңді шетке қағар заман әлі алда. Хан ұрпағынан халықшыл ұл туса, соңына ертіп, лаң туғызбасына кім кепіл? Сіздерге ой салып, ақыл құрап отырғанымыздың мәні сонда.

Көзі қарақты ел азаматы, биліктің дәмін татып, іргедегі орыс пен алыстағы шығыс елін аралап, оқуын тауысқан білімпаз Жанайдардың Мейрамы арамызда отыр. Елге керегі – білек пен жүрек бірлігі. Қалауымызды дұрыс көрсеңдер, Шыңғыс пен біздің Бағаналының ертеден алыс-берісі бар. Айтсақ, сөзіміз өтер. Орыс та тізгінін тарта ұстайды. Ол жайында сараланылды.

Шоқан – есті жан, ғалым, оның жолы сол, оның үстіне естуімше, билікке де аса құштар емес. Ол бәрін біліп отыр екен. Көтермелеу үшін шарға түсуді қолдапты. Ендеше, мына Мейрамның білімі мен Ерденнің білек күшін біріктіруді ойлайық. Бірі-бас, бірі-жең болса, соңынан халқын ертсе, оң болар еді дейміз. Бұған не алып қосарларың бар? – депті.

–  Әуелі бұл мәселеге Мейрамның көзқарасын білейік.

– Екінші Ерден мен Шыңғыстың қазіргі ара-қатынасы қалай?

– Мейрам өз пікірін өзі айтады ғой. Шыңғысқа келсек, мәмілеге келгенімізді жасырған жоқпыз ғой, әлгінде айттым. Кенесары қылығын әрі қойғанда, Ерденмен шәлкес келемін деп Шыңғыстың өзі шаңырағын аз шайқалтпағанын білесіздер. Сібір генералы Ерденнің сөзін сөйлеп тұр. Елдікке тартып, халық қамын ойласақ, ақ патша өкілдеріне қарсы келіп, сөзін айтар бір туар Ерденді кейін сырып, басқа ұсыныс саламыз, – деп шамырқандырып, ел ішін дүрліктіріп алмаймыз ба? Ақыл тезіне салу себебіміз де осыдан.

– Онда мақұл. «Ер шекіспей бекіспейді» деген үлкен мақсатта табысып жатса, біз неге кейін тартайық.

Сол жолы «Ерденді аға сұлтандыққа сайлау мәселесі мәмілеге келіп еді» дегенді айтады, көне көз қариялар. Ерден мен Шыңғыс арасындағы шиеленіс жайында кейін Шоқан өз еңбегінде жазғаны мәлім. Шоқанның дауысты көп ала тұра, кезекті Ерденге беру мәні содан. Мұнда басы ашық мәселе: Шоқан сол тұста сырқатқа шалдыққан еді. Ағайын арасына егес салған оқиға табиғи өрістеді. Патша өкіметіне Шыңғыс әулетінде қарсы адамдар болды. Соның бірі – Ғазиз. Ол – Абылайханның шөбересі, Уәлиханның орнына Орта жүзге хан болып сайланатын Абайділда (Ғұбайдолла) сұлтанның Болат деген баласының ұлы. «Кейіннен штабс-ротмистр Ғазиз Уалиханов пен қайын атасы Тезек екеуінің патша өкіметі тарапынан күдікке ұшыраған жайы, оларға «Жетішәр ханы Жақыпбекпен байланыс құрдыңдар» деп айып тағылғаны Шоқан атына телініп, бірқатар шатыстыруларға ұрындырды» (Жарылқап Бейсембайұлы, жазушы, шоқантанушы, «Шоқан әлемі», «Қазақ әдебиеті» газеті, 18 маусым, 2010 жыл, 4-бет).

Ендеше Шоқан қазасына байланысты өсек-аяңға да орын жоқ. Шоқан мен Ерденді жауластырудың да реті шамалы. Осы оқиғаны кеңестік саясаткерлер өз пайдасына жаратып, хан тұқымы мен Ұлытаулықтар арасына жік салуды жүзеге асырып бақты. Бірақ, ғалым Шоқан Уәлихавновтың өзі: «Ұлытау жерін мекендеген аса күшті, халық саны да өскен, бай Бағаналы руын басқарған Ерден Сандыбайұлы – өте ықпалды феодал», – деп оны елдік істегі еңбегін мойындап кеткенін ешкім ескергісі келмеді. Ол заңдылық десе де болады. Өйткені, бұл саяси құрылым – патша режіміне наразылық белгісі, елдікті, бұрынғы салт-дәстүрді сақтап қалудың оңтайлы жолы болды. Оны Шоқан көрегендікпен танып білді, қолдады». («Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт», /Тоғанбай қажы Құлманұлы/, Астана, «Мастер По» ЖШС, 2012 жыл.)/

Тарихшы Мұрат Әбдіров «Шенді шекпен» атты мақаласында: «Қарадан шығып, хан атанған екінші бір тұлға хорунжий Ерден Сандыбаев. Ол қоқандарға қарсы 1856 жылы соғыста айрықша көзге түсіп, алтын медаль алған» деп жазғаны тарихи тұлғаларға деген ақиқатқа зер салғаны. («Ақиқат», №3, 1997 жыл).

Кенесары хан мен оның қанды көйлек қас батырларының Ерденді құрметтеуі тегін еместігін дәлелдей түседі. Кезінде «Парасат» журналы Академик Мұхамеджан Қаратаев пен әдебиет зерттеушісі Мұхамедрахым Жармұхамедовтың «Өшпес өнеге» деген мақаласы жарияланды.

«Қырғыз елінен абыройсыз елге оралған Ағыбай батырға Арғын ағайыңдар Балқаш көліндегі «Тайатқан-Шұнақ» аталатын жерден қыстау салып береді. Батыр қартайған шағында «қонысты Ағыбайдан қайтып алу керек» деп, жансыздарды батырдың аулына аттандырады.

Ағыбай батыр «қырып-жоюға» келген қырық жігітті тұтқынға алып, баялыш шапқызады. Сұрағандарға: «Сол баялышпен өртеймін» – деп жауап береді. Істің насырға шапқан соң, елдің кісілері Сандыбайдың Ерденіне өтініш айтады. Ерден сәлем бере келіп, біраз күн қонақ болады, жүрерінде.

Қайта-қайта сұрап қоймадың, көңілімді білгің келсе, қолыңдағы жаман туыстарыңды босат, біздің тілек – ел амандығы ғой, – депенінде Ағыбай санын бір соғып:

– Ай, Ерден-ай, артықсың-ау, кеше Кенесарыға ермедің, қарауыңнан әскер бермедің. Біз өліп қала жаздап қашып құтылдық, – деп тұтқындағы жамандарды босатып қоя берген екен. («Парасат» журналы, 1991 ж. желтоқсан).

Ойлаған жанға сонау Бетпақтың шөлінде жатқан Ағыбайға Ұлытаудың Ерденін алдырып, есті мен есерді әдемі жарастыруда қаншама мән жатыр? Қас батыр қаһарланып: «Жаман пасықтардың бәрін өртеймін» – деп сес көрсеткенде, Ерден: «өз бауырың – өз қолың, адам өз қолын кесе алар ма? Қайсыбірін өртеп тауысасың? Елдің амандығы қымбат. Қолыңды былғап қайтесің, ойлан! Шиеленістің түйінін табу қиын. Оны жаттан ізде!» – деген ишарамен сабырға шақырады. Ой түйіні: Жауға сілтер қылышты жақыныңа суырғанда не опа табамыз? Міне, бабалар ісі кейінгілерге осылайша үлгі болды.

Ерден мықты саясаткер, терең ақыл иесі болды. 1860 жылдары жер иелігін Ресей патшалығының ресми заңдастыруы тұсында әр атаның баласына жеке қыстауды бекітіп беру міндетін кең көлемде жүзеге асырған аға сұлтан Ерден Сандыбайұлының кемеңгерлік жұмыстарының бірегейі.

Малы азға, жері көптің артық жерін, малы көптен жері аздарға қоныс алып берген. Арқаның аязында көн етік қолайсыз деп, шағын былғары шеберханасын салдыруы, атақты тау базарын ашуы, сауда-саттықты жандандыруының құндылығы бүгін де жоғары бағаланады. «Елді кім болса, сол басқарса, домбыраны кім болса сол тартса, онда ол – өнер емес» деген Ерденнің фәлсапа ойын кім теріске шығара алады? Ондай аталы сөзі ел ішінде жетерлік, демек, оның кемеңгерлігіне күмін келтіру де күнә. Оны әлі күнге мойындай алмай өкпеге ерік беріп, сөз қашыратындар арамызда әлі де бар. Ол жат саясаттың ағымын ұқпағандардың саяз ойлылығы.

Рухани жаңғыру – өткеннің өңін айналдырып, қайта түптеу емес. Олардағы тәлімді оқиғаларға талдау жасап, саясат былығынан аршып алу!

Тоғанбай қажы Құлманұлы

Журналист-жазушы

Біздің анықтама: 

 Тоғанбай қажы Құлманұлы, журналист, публицист, жазушы.Туған өлке тарихын зерделеп, ғылыми деректерге негіздеуде тынбай еңбектеніп келеді. Бұған дейін де біздің «Объектив.kz» порталында «Кетбұға абыз» зерттеу мақаласы жарияланған болатын.

11 кітаптың авторы, 4 жинақтың құрастырушысы. Ұлытау өңірінің тарихын

зерттеп, «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт», «Ұлы даладағы Кішітаудың қырандары» , «Тас белгі түйген сырлардың жаңғырығы» атты кітаптары оқырман тарапынан лайықты бағасын алған.

Оценить материал
2