Наверх

Погода в Астане: 22 октября, вечер: -2° 5 м/с23 октября, ночь: -3° 4 м/с23 октября, утро: -2° 6 м/с23 октября, день: +5° 7 м/с

Тарихты оқытуға жаңаша көзқарас

2668
Фото: Университет мұрағатынан.

Біз  жастардың бойына отаншылдық сезімді қалыптастыру керек деген сөзді түрлі мінберлерде ұран ретінде айтамыз, БАҚ беттерінде көлемді мақалалар жариялаймыз.

Алайда, көп жағдайда айтқан сөзіміз бен жасап жатқан ісіміздегі алшақтық көзге ұрып тұрады. Соңғы 5 жыл көлемінде туған жерін сүюдің, елінің тарихын білудің ерекше үлгісін көрсетіп жүрген Астанадағы бір оқу орны жайлы жиі естіп жүрдім, студенттерін арнайы хабарға қатыстырып, сұхбатын да тыңдадым. Қай салада болсын, қолға алған істі жүйелі жүргізгенде ғана нәтижесін көруге болады. Жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған жастың болашағына темірқазықтай бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды құрмет тұтуға үйретуде өзіндік тың тәсіл ұсынған идея авторы мен ол басқарып отырған оқу орнындағы тағлымды істің  қалай бастау алғаны және жылдар өткен сайын жалғасын тауып, қанатын кеңге жайып келе жатқаны жайлы  баяндаған осы игілікті істің басы-қасында жүрген тарих ғылымының кандидаты Изатхан Мелдешованың  танымдық мақаласын  жариялап отырмыз.

 

- Тарихты оқытудың өзіндік тәсілі идеясын 2013 жылы алғаш ұсынған ҚазГЮУ Университеті Ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Талғат Мақсұтұлы Нәрікбаев.

Ректордың ойынша студентке Отан тарихынан аудиторияда берілген білім, толық білім бола алмайды. Ол өзінің туған жерін, өскен елін сүю үшін, әрі ата-бабасының тарихын білуі үшін – сол тарихи оқиғалар өткен орындармен таныс болуы қажет. Ал тарихи тұлғалардың орнына әрбір студент өзін қоя білуі тиіс. Әр тарих белесіндегі олардың жеңісін де, жеңілісін де әділ бағалай алатындай қасиетке ие болуы керек. Сонда тарихи білім бекиді, патриоттық сезім қалыптасады.

Тарихты оқытудың бұл тәсілі жинақталар білімді үш қабылдау сүзгісінен өткізеді: аудиториядағы түсініктеме (құлақпен қабылдау), тарихи орындарға экскурсия (көзбен қабылдау), білім бекіту – құлақпен естіген, көзбен көрген тарихты сахналау (жүрекпен қабылдау).

Тарихты оқытудың өзіндік тәсілін жүзеге асырушы КазГЮУ Университеті  Жалпы білім беру мектебіне қарасты Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру орталығы болып табылады.

Тарихты оқытудың өзіндік тәсілін меңгерудің алғашқы қадамы,  университет студенттерінің 2013 жылдың 07-14 маусым аралығындағы «Үш би: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би» археографиялық экскурсиясы болды. Билер тарихының ізімен экскурсияға шыққан «Құқықтану» мамандығы 2 курс студенті Ануарбеков Нұрғазы (бүгінде Әділет Министрлігі қызметкері) және «Халықаралық құқық» мамандығы 1 курс студенті Сырым Әбіл (бүгінде магистрант) қалауымен басталды. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасындағы тарихи орындарды: Қазыбек би – Түркістан қ., (Қазақстан Республикасы), Төле би – Ташкент қ., (Өзбекстан Республикасы), Әйтеке би – Нұрата қ., (Өзбекстан Республикасы), Жалаңтөс батыр – Самарқант қ., (Өзбекстан Республикасы) аралап қайту жоспарланды.

2013 жылдың 8-маусымы күні Астанадан Ташкентке келіп, «Узбекистан» қонақ үйіне орналастық. Қонақ үй терезесінен 1918 жылы ашылған Тұңғыш Қазақ институтының ғимараты көрініп тұрды. Бұл жоғарғы оқу орны кейін, яғни 1928 жылы Ташкенттен Алматыға көшірілген болатын (бүгінгі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, тарихи есеппен алғанда бұл алғашқы Қазақ институтына биыл 100 жыл толады). Біздің алғашқы тарихи орындарға саяхатымыз осылай басталып та кетті...

Қонақ үйге орналасып алғаннан кейін, бірден Төле би жатқан кесенеге бет түзедік. Төле би кесенесі Ташкент қаласының орталығында, интернет желісінде жиі берілетін Шейхантаур кесенесі қасында  екен.

Төле би кесенесі басындағы шырақшы түрімізден, сөзімізден қазақ екенімізді біліп, үлкен дайындық үстінен түскенімізді айтты.

2013 жылы 14-15 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті

Н.Ә. Назарбаев ресми сапармен Өзбекстанға келетіні, араға жиырма жыл салып Төле би кесенесіне  екі ел басшысының зиярат жасайтынын жеткізді. Студенттердің көңілі көтеріліп қалды...

Төле би кесенесіне 1971 жылы ашылған Ташкент қаласындағы алғашқы Ислам институты жақын орналасыпты.  200 жылдық тарихи байланыс жалғап жатқан Ташкент қаласының біраз тарихи және көрікті жерлерін араладық.

Өзбекстан архивімен жұмыс жасау мақсатымыз да бар еді, алдын-ала арнайы дайындалған құжаттарымыз болғанына қарамастан, оны ресмилеу оңай болмады. Экскурсиямызды одан ары жалғастырдық. Жол үстінде 2013 жылдың маусым айына ашылуы жоспарланып отырған Қазақстан Республикасы елшілігінің жаңа ғимаратын көрдік.

Ташкенттен кейін Самарқант қаласындағы, бүгінде Регистан ансамблі атанатын: Ұлықбек медресесі,  Жалаңтөс батыр 1619-1636 жж. салдыртқан Шердор медресесі мен 1649-1660 жж. салдыртқан Тиллакори медресесін тамашаладық, естелікке суретке түстік. Осы қаладағы, телескоп ойлап табылғанға дейінгі Күн және астрономиялық сағаттар орналасқан Ұлықбек обсерваториясына аялдадық.

Бабалар жатқан, табандары тиген жерлерді көріп қайту мақсатымен келгеннен кейін, қала маңындағы Жалаңтөс батыр жерленген зиратқа зиярат жасадық. Шырақшы, адам құлашы жетпес ағашты Жалаңтөс батыр отырғызған деген ақпарат берді.

Қазақтың батыры Жалаңтөс батыр, біз іздеп келе жатқан Әйтеке бидің атасы. Отан тарихындағы 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында Қазақ хандығының қолын басқарған  Жәңгір ханға 20 мың әскерімен көмекке келетін әскербасшы, Самарқант әмірі. Аудиторияда алынған білімнің қаншалықты өмірде сәйкестілігі бар, студенттер өздері саралауға мүмкіндік алды.

Новаи бағытындағы Нұратаға жетпей Әйтеке би жатқан кесенеге тоқтадық. Бұл жерде студенттер Әйтеке би мен Сейтқұл әулие туралы шырақшы берген мәліметтермен танысты. Рух көтеру үшін сөзбен жеткізу аз, оны көзбен көру қажет.

Өзбекстан Республикасының территориясында жатқан қазақтың үш биінің екеуі: Төле би мен Әйтеке би тарихи орындарын көргеннен кейін Ташкент арқылы қайтадан Қазақстан шекарасына өттік. Келесі бағытымыз Түркістан қаласындағы Қазыбек би жатқан орынды көріп, «Үш би» археографиялық экскурсиямызды аяқтау.

Жол бойына студенттер Ташкент қаласының 6 км ғана қашықтықта жатқанына таңданумен, әрі тарихты жақын түсіне бастадық деген пікірлерін ортаға салумен болды...

Арыстанбабқа түнге қарай жеттік. Таңертеңгілік Арыстанбабтың сансыз бабын көрдік, құдықтан су іштік. Кесене қасында орналасқан екі мәрмәр тақтайшаға студенттер үлкен қызығушылық танытты, әрі Әл-Фарабидің Отырар және Сирияға (Дамаск қаласы), ал Бейбарыстың Мысырға (Каир қаласы) қатысты тарихты естеріне түсірді.

Арыстанбабтан кейін Түркістан қаласына келгенде түс уақыты болып қалған еді. Біз орналасқан «Түркістан» қонақ үйіне Қазыбек би жатқан Қожа Ахмет Яссауй кесенесі жақын екен. Экскурсоводтар көмегімен кесененің іші-сыртындағы жазулар сырына қанықтық, тарихымызда орын алған хан-би-батырлар тарихына қатысты біраз дерекке көз тоқтаттық.

Экскурсиядан келгеннен кейін жинақталған тарихи мәліметтер негізінде студенттердің сахналық қойылымы сценарийі дайындалып, 2014 жылы «Тарих ізімен...», «Яссауй іліміне құрмет» деген алғашқы сахналық қойылымдар қойылды.

2014-2015 жылдан бастап Қазақстан тарихын оқытудың өзіндік тәсілі аясында, тарихи орындарға ұйымдастырылатын экскурсиялар, тарихи негізді сахналық қойылымдар қою, университетіміздің 1-ші курс студенттеріне берілетін басымдық болып табылды.

Ректор идеясын қолдау, қайта құрылымдалған Жалпы білім беру пәндері Мектебінің директоры Жолаев Рахымбек Қуатбекұлының келуімен жаңа серпін алды.

Студенттер өз қалауларымен еліміздің барлық аймақтарына: Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан бағыттарындағы тарихи-мәдени орындарға экскурсияға шығуға мүмкіндік алды. Сахналық қойылым сценарийлері де студенттердің Қазақстан тарихынан алынған жаңа білімдерін жүйелеу мен бекітуге бағытталып жазылды. Нәтижесінде,

    • 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан тарихи орындарына экскурсия ұйымдастырылды. «Райымбек батыр», және Алаш қайраткерлерінің тарихына арналған «Ақталмаған үміттер», «Күреспен өткен ғұмыр» сахналық қойылымдары қойылды,
    • 2016 жылдан бастап, экскурсияға шығу 2 кезеңді, яғни күз және көктем айларын қамтитын болды. 2016 жылдың сәуірден-мамыр аралығы және қазан айында 1 курс студенттері Алматы облысына, Оңтүстік Қазақстанға, Солтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстанның  тарихи орындарына экскурсияға шығуға мүмкіндік алды. 2016 жылдың 08 желтоқсанында 1 курстың 274 студенті қатысқан «Ұлықтау» атты сахналық қойылым қойылды.
    • 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстан тарихи орындарына экскурсияға шықты. Бұрынғы тарихи орындар маршрутына Ұлытау бағыты қосылды.  Экскурсиядан кейін 2017 жылдың 21 сәуірінде «Баталасу», 2017 жылдың 14 желтоқсанында «Соңғы хан» сахналық қойылымдары қойылды.

  

Экскурсияның ұйымдастырылу жылдары

Экскурсия күндері

Экскурсияның кезеңдік бөлінісі

Экскурсияға қатысқан студенттер саны

2013 жыл

07-14.06.2013

(Ташкент-Самарқант –Новаи-Нұрата-Түркістан)


2


2

2014-2015

оқу жылы

30.04-06.05.2015 (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан)


167

(1-ші курс)


167

2015-2016

оқу жылы

28.04-10.05.2016

(Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан)


305

(1-ші курс)


305

2016-2017

оқу жылы

13-17.10.2016

(Орталық Қазақстан)

115

(1-ші курс)


171

29.04-05.05.2017 (Оңтүстік Қазақстан)

56

(1-ші курс)

2017-2018

оқу жылы

05-09.10.2017

(Орталық Қазақстан, Ұлытау)


120

(1-ші курс)



27.04-10.05.2018 (Батыс Қазақстан)

 

 

Тарихты оқып қана емес, оның өткен орындарын көзбен көрген студенттің жинақтайтын материалы аз болмайды. Мұндай жағдайда, студентке жинақталған білімді жүйелеуге жеңілдік жасайтын, ол – сахналық қойылым. Сахнадағы әрбір-әрекет қимыл бей-берекет болмайды, әрбір сөз орынсыз айтылмайды. Сахна қойылымындағы әрекет-қимылдың тыңдаушы мен көрерменді жетелеп отыратын желісі болады. Студенттерге арналған сахна қойылымдары да сондай желіге құрылады, ерекшелігі қатысушы саны мен семестрлік алынған тарихи мәліметтер, соның негізіндегі жаңа білімді жүйелеу мен бекітуге басты мән берілуінде.  

Алғашқы 2014 және 2015 жылдардағы сахналық қойылымдарда: Ермұхан Бекмаханов ролін ойнаған Мәди Ибраев (бүгінде 4 курста), Бауыржан Момышұлы ролін ойнаған Темирлан Медербекұлы (бүгінде 3 курста) ерекше шығармашылық танытып еді. 2016 және 2017 жылғы қойылымдар бойынша, бүгінгі 2 курс студенттері: «Ұлықтау» қойылымындағы Қасым хан ролін ойнаған Сапарбаев Бахиддин, Бұрындық хан ролін ойнаған Қожабеков Қажымұрат, «Баталасу» қойылымындағы Бөгенбай батыр роліндегі Нұрсұлтан Нұрғали, Қабанбай батыр ролін ойнаған Ақылбек Көптілеу, Гәуһар роліндегі Мусаева Салтанат, Хоча роліндегі Жанерке Куншаева болды. Ал 2017 жылды қорытындылаған 1 курс студенттерінің «Соңғы хан» қойылымында Кенесары хан ролін ойнаған Жәнібек Рыспай, Ағыбай батыр роліндегі Шарафадин Диасты атау орынды. Әрбір жылдарда сахналанған қойылымға қажетті дыбыстық видео-аудио монтажын да студенттер өздері дайындайды, атап айтқанда: Қуаныш Балғожинов, Жамиева Жансая (бүгінде 4 курста), Құндыз Иманбаева (бүгінде 3 курста), Сабек Абылай, Байғұл Шыңғыс (бүгінде 2 курста), Елубай Серікбол, Уразов Шынтас (1 курс).

2013 жылдан басталған тарихты оқытудың өзіндік әдісі, биыл бесінші жыл жалғасып келеді. 2017 жылы жарияланған Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бізге кең кеңістік ашып бергендей. Елбасының: «Бiз – ұлан-ғайыр жерi мен аса бай рухани тарихы бар елмiз. Ұлы Даланың көз жеткiзгiсiз кең-байтақ аумағы тарихта түрлi рөл атқарған... Мәселе елiмiздегi ескерткiштердi, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтiруде тұрған жоқ.

Идеяның түпкi төркiнi Ұлытау төрiндегi жәдiгерлер кешенiн, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейiн, Тараздың ежелгi ескерткiштерiн, Бекет ата кесенесiн, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетiсудың киелi мекендерiн және басқа да жерлердi өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында бiртұтас кешен ретiнде орнықтыруды меңзейдi» дейді.

Ректорымыздың басшылығымен біз де осы бағытта өз үлесімізді қосып келеміз. Жақсы маман дайындаудан бұрын, елін, жерін сүйген азамат дайындау салмақтырақ болса керек. Өткенін білген ұрпақ, болашағына батыл  қадам жасамақ.

Медешова Изатхан,

КазГЮУ Университеті Музейі директоры, тарих ғылымының кандидаты.

 

 

Біздің анықтама: Медешева Изатхан Белғожақызы  

1988 жылы Абай атындағы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту Орденді педагогикалық институтының тарих факультетін «тарих және қосымша кеңестік құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Тарих ғылымдарының кандидаты, 07.00.09 - тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

ҚР Президенттік Мәдениет Орталығының Қазақстан тарихы ғылыми бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің Бас ғалым хатшысы қызметтерінде болды.

2008 жылдан КазГЮУ Университетінің Музей директоры. Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру Орталығының аға оқытушысы, тарихи тақырыптағы студенттер қойылымының сценарийін құрылымдаушы.

Оценить материал
0