Наверх

Погода в Астане: 30 марта, день: +2° 6 м/с30 марта, вечер: -3° 4 м/с31 марта, ночь: -5° 4 м/с31 марта, утро: -4° 5 м/с

Ақиқатты ары таза адам ғана айта алады

5065
Фото: Ашық ақпарат көзінен.

Қазір БАҚ – да күн сайын бірнеше қылмыстық оқиғалар жайлы ақпарат беріліп жатады. Кейде осындай жаңалықтарды жантүршігерлік деген сөзбен бастап , онсыз да көпшіліктің алаң көңіліне одан сайын күдіктің  бұлтын сейілтуден гөрі қоюлата түсетіндер де бар. Алайда , өз-өзіне қол салу, жас балаларға зорлық-зомбылық жасау, қасақана кісі өлтіру сияқты қоғамға қауіп төндіретін қылмыс түрлерінің азаймай тұрғаны байқалады. Біз бүгін ҚР Құрметті заңгері,  Парламенттің екі сайланымында депутат болған қоғам қайраткері Ирак Қасымұлы Елекеевпен осы аталған көкейтесті мәселелер жайында сұхбаттасқан едік.

 

- Қазіргі кезде қылмыстық оқиғалардың көптігін, оның ішінде адам өліміне апарып соқтыратын ауыр қылмыс түрлерінің азаймай отырғанына қарап, халық арасында өлім жазасын қолдану қажет деген пікірлер айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз, кезінде өлім жазасына мораторий енгізуді қолдап едіңіз, қазіргі жағдайда оны қайтадан енгізу керек деп ойламайсыз ба?

- Ауыр қылмыс көбейді дегенге мен сенбеймін.1990 жылы 200 мың қылмыс тіркелген болса, бүгінде 350 мыңдай қылмыс жасалғаны тіркеліп отыр. Бұрындары қылмыстың тіркелуі аздау болғанмен, ашылуы жағынан қозғалыссыз қалатындары болған. Қылмыстың кейбір түрлері жасырылып, статистика өзгешелеу жүргізілген.

Қазір олай емес, барлық құқық қорғау саласы, қадағалау органдары бар, құқықтық статистика комитеті жасырмай-ақ жұмыс жүргізу тәсілдерін жаңаша бағытқа сай, заман талабымен өзгертті. Ал қылмыстың қазір бұрын естімеген түрлері пайда болды ,ол банк саласындағы, кибер қылмыстар,тіпті педофильдер де кейінгі кезде шыққан қылмыс түрлеріне жатады.

Тағы бір айта кететінім, педофилдерге қатысты Жамбыл облысында 18 қылмыстық оқиға болса,  зорлық жасаған қылмыскерлердің үшеуі өз әкесі, екеуі өгей әкесі, алтауы көршілері мен таныстары, үшеуі туысқандары , тек екеуі ғана бейтаныс адамдар болып шыққан. Бұдан шығатын қорытынды, жас балаға зорлық көрсеткен айдаладағы адамдар емес, өздері араласып жүрген жақын адамдар екендігі.

Ең үлкен мәселе - үйдегі тәлім-тәрбиеге мән беру керек, маңайыңдағы араласып жүрген адамдардан абайлау қажет. Бұрындары әйел адамдар балаларымен 3 жасқа дейін отырып, олардың тәрбиесімен айналысатын. Мектепке барғанша көз алдарынан қалт жібермей қадағалайтын. Кейінгі кездері көпшілігінің қалалы жерлерде бастарында баспанасы , жағдайлары жоқ болғасын аналар балаларын балабақшаға тапсырып, күтуші тауып, тапшылық жұмыстарынан айырылып қалмайын,ақша тауып несиемді жабайын деп  зыр жүгіріп жүр. Бұл- әрине материалдық тапшылық.

Одан әрі бұл мәселені қазбалай түссек, күн сайынғы телеарналар мен интернеттегі батыстан келген балалардың миын улайтын сериалдар мен фильмдердің    ар жағында  сананы жаулайтын қатігездікке итермелейтін қаншама дүниелер толассыз, тосқауылсыз көрсетілуі де бір себеп деп айтар едім. Бұл енді рухани жұтаңдық.

Ия, қазір педофилдер жайлы жиі айтылатыны соншалық , бейтаныс адам мейірленіп жас балаға жәй қараса да, қуанту үшін кәмпит ұсынса да қорқып, байбалам салатын жәйттер де кездеседі екен. Бұл дегеніңіз, енді ол жағдайдың халық санасына қорқыныш ұялата бастауы ғой. Онда ойлануға тура келеді, кейбір жағдайларда отбасындағы ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңдер,туған-туыстардың арасындағы келеңсіз жағдайлардың да осындай қылмыстың түріне апарып соғатындары бар.

Менің ойымша, 5-6 жастағы балаларға зорлық көрсеткен қылмыскерлерді аяусыз жазалау керек, жасөспірімдер мен кәмелетке толғандар арасында бұл қылмыс түрінде кейде екі жақтың да кінәсі барлығы кездесіп қалады.

Ал өлім жазасына енгізілген мораторий жайына ойыссақ, Елбасы мен ҚР Әділет министрінің орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезімде «шетелдерде осындай тәжірибе бар,біздің елде де уақытша енгізіп көруге бола ма, зерттеңдер», - деп айтқан. Мұны сол кезде ҚР Парламент отырысында талқылап, ол «Хабар» арнасының тікелей эфирінде көрсетіліп, 34 мың адам өз пікірін білдірген болатын. Мораторий енгізілгесін қылмыс көбейіп кетті деп ойламаймын. Жаңа сөзімнің басында айтқандай, қазір қылмыстың жаңа түрлері пайда болғаны рас.

- Парламент қабырғасында қабылданған заңдардың өмірде орындалуына қатысты пікір әр алуан, құқық қорғау саласы мен соттарға сенім азайып кетті, содан барып адамдар өздерін өртеу, өмірлерін қию сияқты әрекеттерге барады деген көпшілік сынына қалай қарайсыз?

«Түймені ұрлаған мен түйені ұрлағандардың» жазасы бірдей болғанын көріп отырған халықтың болашаққа деген сенімі қандай болмақ?

- Біз Конституциямызды сол мерекенің қарсаңында ғана еске аламыз, дәлірек айтсам, 30- тамызда. Әрине Елбасы Жолдауы, 100 нақты қадамды білу, онда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру керектігіне  дау жоқ. Бірақ, бізде азаматтарымыздың өмір сүру кепілдіктері мен міндеттері Ата заңымызда ғана толық көрініс тапқан.

Біздің үлкен идеологиямыз –Конституцияны құрметтеу,оған қызмет ету болу керек. Ата заңымыздың әрбір бабы орындалуы тиіс. Заң бәріне бірдей, министрге де,әкімге де, қарапайым адамға да. Қылмыс жасаса, жазасын өтеуі қажет. Маған көп істерге қатысты адамдар іздеп келеді. Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ, оларға қолымнан келгенше көмектесіп, Жоғары Сотқа дейін қабылдауға жіберемін.

Жаңа өзіңнің сұрағың бойынша, біреуді қылмыс жасаса соттап, ал біреуді сондай қылмысы үшін ақтап алуға болмайды. Бәрі білетін шығар, В.Нидің ісі бойынша Арман Шораев  сол кездегі бас прокурор Жақып Асановқа өз ойын ашық білдіріп, жазды ғой. Оған мән берілді ме, қорытынды шықты ма, өздерің көріп отырсыңдар.

Мәселен, АҚШ Президенті Д.Трамп ол миллиардер тұңғыш президент қой сол елде. Бір журналист оған қатысты әр түрлі жәйттерді жазып кітап шығарған. Сонда Трамп оны шығартпауға қанша күш салса да, кітап шыққан.  Заң бойынша оны шығарған автормен соттасуға болады, ол жарық көріп, ел оны оқығасын соттасқанмен не пайда? Әділдік деген осы, бұл сол елдегі демократияның шынайы көрінісі.

Қазір біздің еліміздегі  білімді, жігерлі жігіттер  әділдік жоқ  деп шетелге кететін болды. Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың  әлеуметтік желіде жазғандарына көпшілік жұрт пікірлерін білдірді, сонда көбісі оны жақсы жағынан бағалайтындықтарын білдірді ғой. Әрине, ол елімізге қайтып оралды, ал сыртқа кетіп жатқандардың бәрі жайлы олай айта алмайсың.  Жақында Саясат Нұрбектің жазбасын оқыдым.Осындай мәселелерден кейін қоғам ойлануы керек.   

Жоғары сотта қызмет атқарып жүрген кезімде банк басшыларын шақырып,  «ақшаларын төлей алмай жүрген азаматтарға уақыт беріңдер,кәсіптері жүргесін немесе жаңа жұмыстарға орналасқасын қарыздарын өтейді» -деп айтатынмын. Көп жағдайда осындай тығырықтан жол таба алмаған жандар жоғары қабаттан секіріп,өзін-өзі өртеп жандарын өлімге қияды. Оның кейбірі Бас прокуратураның алдында,Жоғары соттың қасына барып, осындай әрекет арқылы өз істерінің дұрыс екендігін, әділдік жоқ дегенді білдіргісі келетін сияқты.

Мен талай азаматтармен сөйлестім, дәлелдеу жағы қиын болуы мүмкін. Әр ана өз баласының іс- әрекетін өз жүрегімен қабылдап, жамандыққа қимайды. Сол кезде сөйлесіп, түсіндіріп, жасаған қылмысы туралы айтсаң бірден райынан қайта қоймаса да, ойлануы мүмкін ғой.  Ал бізде ешкім ондай адамдармен сөйлесуге шықпайды, айтар ойын тыңдамайды. Бұл меніңше, өте мән беруге тиіс мәселе.

Елбасы айтқан жоқ па, «маған жазылған арыз-шағымдарды қайта тексерткен кезде олардың дені дұрыс шешімі шығарылмаған болып шығады»- деп. Сонда ойлап қараңыз, бұған жауапты қанша лауазымды тұлғалар бар, ал халық оларға сенбей, Елбасына жазып жатыр, демек  жауапкершіліктен қашпай,оның бәрін Президентке дейін жеткізбей шешуге болмай ма?

Жүз қылмыстық істің 99-ын дұрыс қарап, тек біреуінен қателессең де ол да бір адамның тағдыры ғой, халық бәрін естіп, қадағалап отырады.

Адамға деген қарым-қатынасты дұрыс жолға қою қажет. Мені қатты ойландыратыны - жол-көлік апаттары.Қаланың ішінде жол жақсы, қадағалау да бар. Облыстарда олай емес қой. Біздегі ең қорқынышты мәліметтерді айтайын, жол-көлік апаттарынан жылына 3-4  мыңдай адам қайтыс болады екен, бұл бір ауылдың халқы, олардың дені 30-35-тегі өрімдей азаматтар.

Бұл не сонда, жол ережесін білмеу ме,түсіндіру жұмысының жүргізілмеуі ме,заңға мойынсұнбау ма? Мен Грузияда болғанда көлігімізді тоқтатты, сондағы қызметкер «алдыңызда ылди жол қауіптілеу,байқап жүріңіздер,баратын жерлеріңізге аман жетіңіздер»- деген ескертуді айту үшін тоқтатқан екен. Ал бізде ше, не айыппұл салу немесе сылтауратып бірдеңе қағып алу үшін ғана тоқтатады...

Айыппұл демекші, халықтың материалдық жағдайын ескермей белгіленген айыппұл көлемін қайта қарап, заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Көп жағдайда қауіпсіздік мәселесіне азаматтардың өздері де кінәлі.

 --  Қоғамда бір шешілмей келе жатқан мәселе, ажырасу мен алиментті өндіріп алуға қатысты. Енді ажырасудың себептері әр түрлі болуы мүмкін, бірақ көп жағдайда баласымен қалған ана бар тауқыметті көтеріп,айлап-жылдап алиментін ала алмай жүреді. Бұл тұрғыда заң әлсіз бе, жоқ оны орындата алмай жүрміз бе? Оны шешудің басқаша баламалы жолдары жоқ па?

- Бұл мәселені Маңқыстауда судья болып жұмыс істеп жүргеннен бастап, көтердім.Ол кезде Совет Одағы кезі ғой. 80-ші жылдарда. Ажырасу көп,оның бар себептерін іздеуге болар, бірақ ең қиыны балаға обал, алиментті өндіріп алғанша, бала тамақ ішпей отырмайды ғой,осы мәселелерді айтып, Алматыға, Мәскеуге бардым. Алимент төлейтін арнайы қор құрайық дедім. Әкесі табылып, одан алимент алғанша сол қордан балаға төлеу керек, кейін оны қайтарып аламыз. Сол мәселені көтергеніме биыл 38 жыл толыпты, Ресей жақында дәл осы заңды қабылдады. Ресейдің экономикалық жағдайы жақсы болғасын қабылдады дейді,бізде де ондай заң қабылдауға болады.

Осыдан он жылдай уақыт бұрын сот орындаушыларының есебінде алименттерді өндіріп алудан жиналған 3 млрдтай ақша болды. Сол кезде Үкіметке қаулы шығартып, қор құрайық деп едім,ол ақшаны Қаржы министрлігі алды, сонымен ол мәселе шешімін таппай қалды.

Алиментті төлемеудің тағы бір қыры, ол айырылысып, ақшасын төлеп тұрғасын, баласын көрсетіп тұруға міндетті.  Бізде бұл мәселеде тағы бір қиындық, әр нәрсені сылтауратып,баланы кездестірмейтін әйел-аналар бар, ол ішіп келеді т.б. жағдайларды желеу етеді. Сосын әкесі ақыр баланы көрсетпесең, алиментті де төлемеймін деп шығады.

Қор құрылса, алиментті төлеуден сонша қарыз жиналмас еді, ана да баласын өсіруге қаражаттан қиналмас еді, ал әкесін тапқасын ол ақша өндіріліп, мемлекетке қайтарылады,заң арқылы.

- Сіз депутат болып жүргенде, сот саласында қызмет атқарғаныңызда немесе журналист болып жүрген кезіңізде өзіңізге халық тарапынан өтініш көп түсті?

- Сот саласында қызмет атқарғанда да, әділет министрлігінде жұмыс істесем де, депутат болғанда да жұмысымда жаңалық енгізуге тырысамын.

Ізденген адамға жұмыс табылады. Депутат болған кезімде айтар ойымды ашық жеткізетінмін, бес жыл бойы үндемей отырып кететіндер санатынан емеспін. Екі шақырылымда депутат болдым. Халық сеніп сайлағасын,олардың айтқандарына құлақ асуың , мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізуің керек. Жаңаөзендегі оқиға кезінде әріптестеріме айттым, басқа елдің депутаттары біздің елдегі жағдайды айтып отырғанда, біз қарап отырғанымыз жарамас, бәріміз барайық,бәрімізді болмаса да, біріміздің сөзімізге олар құлақ асар деп. «Оларға жауапты министрлік бар,біз өрт сөндірушілер емеспіз,бәріне жетіп баратын»,- деп қолдамады көбісі. Ақыры, ол мәселе ушығып, аяғы неге соққаны белгілі...

- Соңғы кездері құқық қорғау саласында, прокуратура мен сотта кадрлардың  ауыс-түйістері болып жатыр,сот ашықтыққа негіздеп жұмыс атқаруда,сіз қалай ойлайсыз,бұдан қандай да бір нәтиже күтуге бола ма?

- Мен Елбасының кадрларды осылай ауыстырып тұратын саясатын қолдаймын, бір адам сол орында көп отырғасын кей кезде немқұрайлыққа жол береді немесе көп мәселеге мән бере бермейді. Ал жаңа орынға барғанда жұмысын көрсету , жаңашылдық енгізу , қордаланған жәйттерді жасырмай айтып, шешімін табу керек  қой. Балама пікір айтатын,өзіндік көзқарасын білдіретін мамандарды қудаламаған жөн. Өзім ондай жандармен қызметтес болғанда, жанашырлықпен сын айтқан азаматтардың қызметін көтердім, айтқан ойын сол жерде жүзеге асыруына септігімді тигіздім.

Жаңа журналист болған кезде халық жиі өтініш айтты ма деп қалдың ғой. Ия, депутат болған кезде, Сот саласы мен Әділет  министрлігінде қызмет еткенде де азаматтардың өтініштеріне немқұрайлы қараған емеспін, қабылдау да өткіздім, жеке де сөйлестім. Ақыл-кеңесімді де бердім. Журналист болып, «Хабар» арнасында бес жыл «Көзқарас» бағдарламасын жүргізген кезімде аптасына бес рет тікелей эфирде болды 80 пайызы , сол жылдарда 800-дей хабар дайындаппын. Ол да менің журналистикаға қосқан үлесім. Танымалдылық деген депутат болған кезімнен бар, ойымды жасырмай айтып , сұхбат беріп жүрдім,  ал өзім сұхбат алғанда көрермендер айтар бағасын, талай өзекті тақырыпты көтердік. Елге барғанда , той –жиындарда адамдар  Ирак келді деп танып, қолымды алып,төрден орын ұсынып жатады,ол менің жылдар бойы жинаған абыройым мен еткен еңбегімнің арқасы шығар деп ойлаймын.

- Биыл елордасы Астанаға - 20 жыл. Сіз осыдан 20 жыл бұрынғы Ақмоланы көрдіңіз, қазір көз алдыңызда не өзгерді, Астаналық тұрғын ретінде өміріңізде қанша еске аларлықтай оқиғалар болды?

-  Мен  Ақмола астана болады деген сөзге күдікпен қарап, сенбегендердің қатарында болдым.  Ол шешімді біздің алдымыздағы депутаттар қабылдаған.

Алматыны дамытудағы Қонаевтың еңбегін айтамыз ғой, ол кезде салынған құрылыстарды, әсем ғимараттарды. Ал Астанада да қыруар істер атқарылды, халықтың қаншама еңбегі мен үміті бар бұл Астанаға. Елбасы халықаралық қарым-қатынаста елімізді дүниежүзіне танымал етті.

Астана  20 жылда салынды, әлемге танылды. Болашағы алда. Біз әрқашан алға жылжуымыз керек. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу,ол құр жалған сөз бен ұран емес. Басқа мемлекеттердің ол қатарда болғысы келмейді дейсің бе, ең негізгісі- жан басына шаққандағы ішкі өнім мөлшері өсуі тиіс. Әрбір азамат 2-3 мың доллар жалақы алса, басында баспанасы болса, жағдайы болғасын жан-жағына қарайды. Қазіргідей айлығы шайлығына жетпей,өзін-өзі асыраудың өзі уайым болса,несиесін төлей алмай тірлік кешіп жүрсе, оған қоғамда белсенділік таныт,әр бастамаға үн қос,сайлаудан қалма деп талап ете аламыз ба?

Мен заңгер ретінде айтарым, болашаққа сенім қалыптастыру үшін ең алдымен әр адам Ата заңды құрметтеу керек, 98 бапты жатқа біліп, оны бұзып отырған шенеуніктен қаймықпай, талап етсін. Заң адамды қорлау үшін емес, қолдау үшін жазылып, қабылданады. Оның орындалуына бәріміз жауаптымыз.

Қазір үлкен бір істі қолға алып жатырмыз. «Байтақ болашақ» деген экологиялық альянс құрылған. Әміртаев Азаматхан басқарады.Құрметті президенті Олжас Сүлейменов. Сонда кеңесшімін. Еліміздегі әрбір азаматқа таза ауа,таза тамақ, таза су керек. Өмірде әрбір ісіңде де сондай тазалық болғаны дұрыс.

Жағымпаздыққа жаным қас. Үш баламның бойына соны сіңіріп өсірдім.Бәрі де ел қатарлы қызметтерін атқарып жүр. «Болашақпен» оқыды,  кіші ұлым Ержан «Самрұқ- Қазынада» трансформация саласының маманы,бір ұлым Ғалымжан Шымкентте ӘӨК –де  орынбасар , қызым Гүлжан «Қазтрансойлда» жұмыс істейді.  Ешқайсы үшін лауазымды қызмет сұрап барып, жұмысқа орналастырған емеспін, өзім бәріне қалай қол жеткіздім ,олар да солай өз еңбектерімен елге танылып, жұмыс істесін деп ойлаймын.

Қоғамда әділдік болу үшін, жалтақтамай өз пікірін еркін жеткізе алатын азаматтар көп болуы керек. Ал ақиқатты тек ары таза адам ғана айта алады.

 

Біздің анықтама 

Ирак Қасымұлы Елекеев

1947 жылы 20 мамырда Гурьев облысы, Құрманғазы ауданының  Ганюшкин ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін бітірген (1977), заңгер-құқықтанушы. БАҚ-да жарияланған көптеген мақаланың авторы. Маңғыстау облыстық әділет бөлімі бастығының орынбасары, Гурьев облыстық әділет басқармасының бастығы,  ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымында депутат (1999, 2009), ҚР Мәжіліс Аппаратының бастығы, ҚР әділет вице-министрі, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі, ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімгерлігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімгерлігі жөніндегі комитеттің төрағасы, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. ҚР Еңбек сіңірген заңгері, Атырау облысының Құрметті азаматы.

Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.   

Оценить материал
0