Астанада Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтеді

2 наурызда Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшілігімен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтеді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Қазақстанда алғаш рет өткелі отырған бұндай шара үлкен тарихи оқиға болмақ. Форумға Еуропа мен Орталық Азияның 22 елінен отыздан астам делегат, бас мүфтилер, діни қайраткерлер және ислам ұйымдары мен одақтарының жетекшілері келеді деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, бүгінге дейін Түркия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзербайжан, Румыния, Украина, Латвия, Литва, Эстония, Польша, Мажарстан, Хорватия, Моңғолия және тағы 18 елдің бас мүфтилері форумға қатысатындарын мәлімдеген.
Халықаралық форумда жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, Орталық Азиядағы Ислам тарихы, діни ықпалдастық және өңірлік рухани қауіпсіздік, жаңа замандағы Ислам және Еуропа факторы, т.б. тақырыптар төңірегінде баяндамалар жасалады.
Форумда Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру мәселелесі талқыланып, «Бүгінгі мұсылман үмбетінің келбеті» құжаты қабылданады. Басқосу соңында арнайы қарар қабылданбақ.