Наверх

Погода в Астане: 12 декабря, вечер: -13° 3 м/с13 декабря, ночь: -12° 4 м/с13 декабря, утро: -13° 4 м/с13 декабря, день: -14° 4 м/с

Үлкен үйдің кішкентай мәселесі болмайды

1924
Фото: "УЮТ» тұрғын үй кешені ҚБ Басқарма төрағасы Гүлзифа Әбілова.

Әр адам өзі тұратын үйдің өмір сүруіне қолайлы, отбасына жайлы,әрі қауіпсіз болғанын қалайды. Миллионнан аса тұрғыны бар елордасындағы әрбір тұрғын үй кешендерінде орташа есеппен мыңнан аса адам тұрады. Көп жағдайларда сол кешендерде көлік қоятын тұрақтардың жоқтығы,балалар ойнайтын аулалардың жабдықталмауы т.с.с айтыла-айтыла құлақ жауыр болған мәселелер жайлы жиі естиміз. Ал,олардың шешімін кім іздеуі керек, пәтер иелері кооперативі(ПИК) тұрғын үй шаруашылығын модернизациялау бойынша нақты жұмыс жүргізуге дайын ба? Қазіргі кездері тұрғындар өздері бастамашы болып тұратын үйлерін қоғамдық бірлестік құрып басқару жүйесіне көшіп жатыр.Оның тиімділігі неде? Міне,осы сауалдарға жауапты Астана қаласы, Есіл ауданында орналасқан «УЮТ» тұрғын үй кешені қоғамдық бірлестігі Басқарма төрағасы Гүлзифа Құмарғазықызы Әбіловамен болған сұхбаттан таба аласыздар.

-  Сіздің салынғаннан бастап, проблемалық нысандар қатарында болған, мәселесі көп, әйел адам үшін мазасыз саналатын жұмысты,үлкен жауапкершілікті мойныңызға алуға не себеп болды?

- Өзіңізге белгілі  біздің тұрғын үй кешені 2009 жылы пайдалануға берілген.Келер жылы 10 жыл толады. Алғашқы кезде жаңа салынған үйде көп мәселе туындамауы мүмкін. Бұған дейінгі  КСК «Байқоңыр» ЖШС төлеген ақшаны алды да отырды. Қандай мәселені айтып барсақ та, жылы жауып қоя салатын. Содан үйдің тұрғындарынан құрылған бастамашы топ жиі жиналып,олардың алдына нақты шарттар қойдық. Барлық жекеменшік пәтер иелерімен кездесіп, жиналыстар өткіздік. Ал,олар болса біздің жиналуымызға кедергі келтіргеннен басқа ештеңе істемеді.Ақыры, істі сотқа жеткізіп, тұрғындар жеңіп шықты.Бір жылдай жүрдік соның бәрі ретке келгенше. Сонымен, 2014 жылдың 1қарашасында біздің тұрғын үй кешені алғашқылардың бірі болып үйді ортақ мүлік(кондоминиум) тіркетіп, қоғамдық бірлестік құрып, Басқарма сайлап, өздері басқаруға көшті. Басқарманың  18 мүшесі бар, яғни үйдің 15 подъезіндегі меншік иелерінің біреуі мүшелікте бар.Басқарма тұрғындарға жалпы жиналыс арқылы есеп береді. Біздің қоғамдық бірлестіктің алғашқы басқарма төрағасы болып Сәуле Төлепбергенқызы Әшірбекова 2 жыл жұмыс істеді, қаншама қордаланып қалған мәселелерді шешті. Басқарма мүшелері Сәкен Мұқанұлы,Әділбек Нұрпейісов,Қанат Хасенов,Азамат Қалымбетов,Володя Баринов,Сергей Кан,Қапима Айманова бәрі қолдарынан келгенше барлық мәселелерді шешуге ат салысты. Сәуле 2 жыл жарғы бойынша жұмысын жүргізіп, тұрғындарға жиналыс өткізіп есеп берді. Оның есебінде барлық атқарылған жұмыстар толық көрсетілген, біздің  ЖК УЮТ тұрғындарына арналған сайтта тұр. Содан кейін отбасылық жағдайына байланысты,төрағалықты ер адам басқарсын деп Салауат Сазанбаевқа өткізді. Салауаттың өзінің негізгі жұмысы болғандықтан, алты айдан кейін өз өтінішімен кетуге шешім қабылдады.Сонымен,кешен тұрғындарымен өткізілген жиналыста мені Басқарма төрағалығына сайлады. Осы үй берілгеннен бастап, барлық мәселелерді білесіз,барлық бастамашы топпен бірге жұмыс атқардыңыз,соны соңына дейін жеткізу сіздің ғана қолыңыздан келеді деп сенім артқасын бас тарта алмадым. Сөйтіп,өткен жылдың 1 шілдесінен бастап осы жауапкершілік жүгін арқалап келемін.

- Астанада «УЮТ» сияқты кешенді  тұрғындар өздері басқаруға алғандар бар ма, олармен бірлесіп жұмыс істеп көрдіңіздер ме? Тар аулалардан кей кездері жедел жәрдем, тіпті өрт сөндіру сияқты қызметтердің көліктері сыймауы мүмкін,ол жалғыз бұл үйге емес,көпшілігіне тән мәселе екені рас қой,кез келген қауіпті жағдайдың алдын алуға жұмыс жүргізу қажет емес пе?

- Дұрыс айтасыз. Астанадағы көптеген тұрғын үй кешендерінің проблемалары бірдей. Осы бағытта біз сияқты 13 кешен тұрғындары қоғамдық бірлестік құрып, үйлерді өздері басқаруға алған. Жаңа ғана сіз келгенде көрдіңіз жиналысымызды, біз сол бірлестіктердің төрағалары аптасына бір рет жиналып, көптеген өзекті мәселелерді талқылаймыз,оған жауапты мекемелер өкілдерін шақырамыз. Бірге жиналып,аудандық әкімшілікке немесе дұрыс шешім қабылданбаса,қалалық әкімнің қабылдауына дейін барып жүрміз. Аулалардың тарлығы рас, бірақ бізде көлік тұрағының үстінен арнайы жабдықталған  балалардың ойын алаңы бар. Оны біз Есіл аудандық әкімшілігіне барып айтып, олар «100 аула» жобасына енгізіп, тегін жабдықтап берді. Балалар алаңының салтанатты ашылуына сол кездегі қала әкімі И.Тасмағамбетов келіп қатысып, біздің үйдің сыртқы қасбетін жөндеуге де қалалық әкімшіліктен қаржы бөлінетінін айтып қуантқан еді.Бірақ  соңғы кездері оның барлығына тұрғындар өздері жауапты болуы тиіс деген бағытта әңгіме естідік. Ең негізгісі- балалардың ойын алаңы бар,әрі қауіпсіз жерде орналасқан. Көлік қағып кетеді деп алаңдамайсыз. Көптеген мерекелік шараларды да сонда өткізіп жүрміз.

-  Бұл тұрғын үй кешенінде 504 пәтер бар,онда 1 мыңнан аса адам тұрады. Күн сайын әрбір адам чатқа өздерінің мәселелерін жазып жатады және оның бәрін жедел шешуге тиісті жағдайлар,пәтерде жылу болмай қалу,судың жоғары қабатқа жетпей қалуы, жөндеуден кейін бір-біріне су ағызу т.с.с осының бәрін шешуге қалай уақытыңыз бен төзіміңіз жетеді?

-Бұл жұмысты қолыма алғанда оның бәрі алдымнан кезігетінін сезіндім. Сіз айтып отырғандар жәй үйреншікті жәйттер ғой.Күнделікті тұрмыста кезігетін мәселелерді айтпағанда,менің ең бір қиналған жағдайымды айтпасқа болмас. Былтыр күзден бастап, 15 подъездің  жертөлесіндегі құдықтардың суы жайылып,КНС( канализация насос станциясы) істен шыққанда қатты қиналдым. Ол деген өте қиын жағдай болатын. Біздің тұрған жеріміз нағыз орталық деуге болады,маңайымыздың бәрінде әкімшілік ғимараттар, егер жағымсыз иіспен барлық қалдық сулар жер бетіне жайылып,қалқып шыққанын елестетіп көріңізші.Күн сайын әкімшілікке барып,ешкімнің иелігіне жатпайтын сол КНС-ты қала әкімінің қабылдауына күн құрғатпай барып жүріп,ақыры әкімнің орынбасары Қосман Айтмағамбетов бәрін жинап, «Астана су арнасына» өткіздіртіп,ол мәселені біржола шешіп берді. Бұл өте үлкен жеңіс, әрі біз үшін 4 жыл бойы шешімін таппаған мәселенің түйіні тарқаған қуанышты жағдай болды.Енді электр жүйесіне де сондай проблемаларды соңына жеткізу  міндеті тұр. Негізі айта кетейін,үйдің жұмысы бес бағытқа негізделген:1)әкімшілік,2)инженерлік жүйелер қызметі ,3) үйді ұстап тұру, 4) электротехникалық қамтамасыз ету,5)үйдің қауіпсіздік мәселесі.

-Көптеген көпқабатты үйлерде лифтілердің істен шығуы мен жер асты шахтасына құлап кету жағдайлары болып жатады.Сіз бұл мәселемен айналысып көрдіңіз бе?

- Бізде ондай мәселе болмаса да, лифтінің жағдайын біздің командамыз толығымен шешті деп айта аламын. Әр лифтіге паспорт жасатып, уақытымен тексеру, жедел шақыру нүктесін іске қосу жұмыстарын жүргіздік. «Сақтанғанды сақтаймын»- дегендей қайғылы жағдай болмай тұрып,алдын алып бұл тұрғыда нәтижелі жұмыс жүргіздік деп айта аламын.Ол жұмыстарға көп қаржы шығындағанымыз жоқ.Барлық кеткен қаржыға есеп беріп отырамыз.

- Астананың ауа-райында, әсіресе қатты жел соққан кездерде үйдің қасбетіндегі плиталар құлап,адамдардың басына түсуі мүмкін.Үйлердегі қауіпсіздік мәселесі,бейнебақылау жүйесінің жұмысы жолға қойылған ба?

- Менің өзімнің басыма плита құлап,ұзақ уақыт ауруханада жатқанмын.Қайта сәл-пәл қағыс тиіп,аман қалдым.Содан бері осы мәселені назарда ұстап келемін. Плита ауыстыру деген оңай емес. Көп қаржыны қажет етеді. Жәй ғана бір  альпинисті шақыртудың өзі 10-15 мың. Бірақ , жинап-теріп өткен айда біраз құлағалы тұрған плиталарды ауыстырдық. Соның өзінде әлі қаншасы сынатынын ешкім білмейді. Барлық подъездердің жауапты адамдары бар,олар өздерінің жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды.Бұрын осы үйдегі әрбір арканың астынан өту қорқыныш тудыратын.Қап-қараңғы кім тұрғанын білмейсің. Қазір оның бәріне үнемделген энергия көзімен қуаттанатын шамдар орнатылған.Кіреберістердегі шамдардың бәрі адамның қозғалысына сай жанып-сөнеді. Артық шығын кетпейді бәріне. Бейнебақылау жүйесі істеп тұр.Жергілікті полиция қызметімен тығыз байланыстамыз.Себебі қасымызда «Абу -Даби Плаза» салынып жатқандықтан, жақын деп түрлі ұлт өкілдері осы үйден пәтер жалдайды. Сондықтан пәтер жалдаған үйдің меншік иелерін тізімдедік, кез келген жағдайда пәтерлерінде бір жағдай болса, тез тауып алу үшін. Бір кезде өзім тұратын подъездің 10 техникалық қабатына наркомандар жиі жиналып қауіп туғызғасын,кейде жертөлелердің жанынан бомждар орналасып алып,үйдің маңайына түрлі қалдықтар тастап, бүлдіріп кетіп жүргесін, оның бәрін жауып, заттар қоятын немесе белгілі спорт түрлерінен жаттығу өткізетін залдар жасалды. Осы үйдің тұрғындарының балаларынан құралған «Арлан» командасы бар түрлі жарыстарға қатысып жүрген.

- Аулада арнайы автокөлік тұрағы болса да, тұрғындар көліктерін үйдің дәл алдына қоюды әдетке айналдырған.Кей кезде такси шақырсаң өте алмайды,үйдің маңайы толған көлік кептелісі.Бұл мәселенің бір шешімі бола ма?  

- Біздің ауладағы көлік тұрағы айына 25 мың тұрады.Оған біреудің қалтасы көтереді, біреу оған қойғысы келмейді. Кейде қар күреу үшін көліктеріңді ауладан алыңыздар деп ескертіп жатамыз. Бөлек көлік тұрағын ашамыз деген ниетімізді бәріне жаздық. Орын бар, жұмыс басталды.Әкімдікке айтып, рұқсат алдық.Тек қаржы қолбайлау болып тұр. Маңайымыздағы бірнеше үлкен тұрғын үй кешендерінде де автотұрақ болмағасын үйдің жанына қояды. Содан ғой осындай кептелістер. Болашақта әрбір тұрғын мұны түсініп,уақытылы ақшасын төлесе, өздеріне қажетті орнын сатып алса бұл мәселе шешілер еді.

- Сіздің мамандығыңыз қандай,бұл жұмысқа дейін қайда қызмет атқардыңыз,болашақта осы бастаған ісіңізден қандай нәтиже күтесіз?

- Менің туған жерім Шығыс Қазақстан облысы,Өскемен қаласы.Мамандығым- өнертанушы,суретші-дизайнер. Қаншама жылдар бойына ШҚО мәдениет саласында қызмет атқардым.

ШҚО облыстық әуесқой суретшілер Одағының жетекшісі, облыстық өнер музейі директорының орынбасары қызметтерін атқардым.Қолөнер,халқымыздың салт-дәстүріне қатысты дүниелер жаныма жақын. Астанаға 2009 жылы қоныс аудардым. Алғашында осы үйге үлескерлік құрылыс бойынша қаржы салғанда макет-сызбасын көрдім. Қандай керемет! Жан-жағы жасыл желекке оранған әдемі тұрғын үй кешенінің сызбасын көріп қуанған болатынмын. Болашақта бұл үйдің іші-сырты бірдей мұнтаздай,өзгелерге үлгі болатындай кешеннің келбетіне жеткіземін деп ойлаймын.Мүмкін әзірге бұл арман ғана шығар, бірақ күн сайын кезігетін жағдайларды бір қалыпқа келтіргесін,онымен де айналысатын боламын. Ең бастысы-  үлкен үйдің кішкентай мәселесі болмайтынын білемін, соның бәрін уақытпен есептеспей шешіп келемін.Жұмыс істеген сайын кедергілер де аз кездеспейді.Барлық атқарған ісіңнің көптің көңілінен де шыға бермесі анық.Атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі ашық түрде есептері сайтта жарияланады,болашақта «е-кск» жобасы жүзеге асса,бәрі электронды түрде көз алдарыңызда тұрады. Көңілі толмаушылық өзі араласпай, көзімен көрмей, көңілімен сезінбей сырттай қызықтап отырған жандарда ғана болады. Ал, менің мақсатым - бастаған ісімді абыроймен соңына дейін жеткізу.

Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.

Оценить материал
0