Қазақстан дәрігерлеріне халықаралық деректер қоры қолжетімді болмақ

Астана қаласында «Қазақстанның дәлелді медицина бойынша ғылыми-тәжірибелік форумы» өтті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.
Шара аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының, жалпы медицина қауымының өкілдері, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары Elsevier компаниясының топ-менеджерлерімен қазақстандық денсаулық сақтау мамандарының ClinicalKey өнімінің бір бөлігі – ClinicalPharmacology ақпараттарына қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.
Қазіргі уақытта ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Elsevier компаниясымен 2018 жылға келісімге қол қойды, соған сәйкес аталған деректер қорының 200 нүктесіне қосылуға мүмкіндік туады. Осылайша, жоғары және орта медициналық білім беру ұйымдары, ғылыми және ұлттық орталықтар, сондай-ақ медициналық мекемелер дәлелді медицинаның толықмәтінді ақпарат көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады.
Қазақстандық медицина қызметкерлерінің дәлелді медицина бойынша кеңейтілген әлемдік деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігінің маңыздылығына тоқталған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былай деді: «Денсаулық сақтау саласының нәтижелілігі екі жағдайға негізделеді – қоғамдық денсаулық сақтау саласының сапалы жүйесі, яғни аурудын алдын алу және сырқатты анықтау, емдеу, қалпына келтіру сапасы. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз осы екі саланы да қамтиды. Сондықтан негізгі қозғаушы ресурс – медицина қызметкерлерінің интеллектуалды әлеуеті».
Elsevier өкілдері атап өткендей, ClinicalKey-ға жазылу барлық медициналық мамандықтар бойынша 900 кітап басылымына, 500 медициналық журналға, 800 дәлелді медицина бойынша жаңартылған шолуларға (FirstConsult), 350 егжей-тегжейлі сипатталған емшаралар мен оталарға (ProceduresConsult), бірнеше мың тәжірибелік ұсынымдарға (Guidelines), алаңда орналастырылған басылымдардың 4 млн.аса суреттемелеріне (иллюстрацияларына) және бірқатар басқа да медициналық дерекқорларға «есік» ашады.