Қуыршақ театрының өнері жоғары бағаланды

Елордалық Қуыршақ театры «Тропикалық орман-2017» дүниежүзілік қуыршақтар карнавалы өткен малазиялық Борнеодан олжалы оралды. Бұл туралы қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы сайтында жарияланды.
Театр ұжымының қоржынында «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік көркемдік декорация» және ең жоғары марапат «Көрермендер көзайымы сыйлығы» марапаттары бар.
Артистер «Менің салған суретім» атты қойылыммен малазиялық көрерменнің жүрегін жаулады. Халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасын алған еңбектің авторы, Астана қалалық қуыршақ театрының қоюшы-режиссері – Айжан Салаева.
«Rainforest World Puppet Carnival» атты дүниежүзілік қуыршақ театрлары фестивалі Малайзияда Борнео аралында өтті. Фестивальге елордалық Қуыршақ театрынан басқа, Италия, Испания, Чехия, Бельгия, Польша, Финляндия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Аргентина, Тунис, Жапония, Қытай, Үндістан және Ресей мемлекеттерінің шығармашылық ұжымдары қатысты.