ОҚО-да «Жыл үздіктері» марапатталды

Шымкентте жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек еткен, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинацияларын тапсыру салтанаты өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев жыл бойы атқарған істі бағалап, сол жолда жемісті еңбек еткен азаматтар мен еңбек ұжымдарын 52 аталым бойынша марапаттап, құттықтады.
«Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы жылдан жылға өркендеп келеді. Бұл Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының және барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Сіздер өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістеріңіздің өрісін кеңейте білдіңіздер. Осы ізгі қасиеттеріңіздің арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандыңыздар. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жыл үздіктерінің қатарында сазгер Мұхтар Құралов «Жылдың үздік композиторы», айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков «Жылдың үздік ақыны», Дулат Тұрантегі «Жылдың үздік жазушысы», «Бөрте Милка» ЖШС-ның директоры Нұралы Әбішев «Үздік инновациялық жоба», «Петро Казахстан Ойл Продакс» ЖШС-ның директоры Цзян Ши «Жылдың үздік инвесторы» аталымын жеңіп алды.
Сондай-ақ, Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев «Жылдың үздік суретшісі», «NAR TV» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбек «Жылдың үздік журналисі», Шымкент Университетінің аға оқытушысы Айжарқын Садықбекова «Жылдың үздік ғалымы», Кентау қалалық №3 «Білім-инновация» ер балалар лицей-интернатының мұғалімі Ғани Орынбасаров «Жылдың үздік ұстазы», Шымкент қалалық №2 облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнар Әлменова «Жылдың үздік дәрігері», бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Жыл қорытындысымен үздік деп танылғандарға облыс әкімінің дипломы мен естелік кәдесыйлар табысталды.