Жезқазғандық кәсіпорын өндіріс қуатын 5 жылда 10 есеге ұлғайтқан

Жезқазған қаласында индустрияландыру картасы бағдарламасы бойынша іске қосылған 9 кәсіпорынның барлығы да қазір толық өндірістік қуатына шықты. Соның бірі - тау-кен және ауыл шаруашылық техникаларына сүзгі жасайтын кәсіпорын.
Олар 5 жылда өндірістік қуатын бірден 10 есеге ұлғайтқан. Осылайша отандық өніммен ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспортқа да шығара бастапты. Ал келесі жылы зауыт жанынан жаңа цех салынып, өнімнің өзге түрлері жасалмақшы. Оған қажетті қондырғыларын да сатып алған.
Осыдан 5 жыл бұрын индустрияландыру картасы бағдарламасы бойынша іске қосылған бұл кәсіпорын алғашында өнімнің бар болғаны 16 түрін жасайтын. Санаулы жылдарда өндіріс қуатын анағұрлым арттырып, өнім түрін 280-ге жеткізген. Жергілікті 40 адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын директоры Сергей Онищуктың айтуынша, жылына шамамен 50 мың сүзгі жасап шығарып отырған кәсіпорынға, тапсырыс түсіп жатса өнімді одан әрі көбейтуге мүмкіндік бар.Әрі оған жұмыс күші де, шикізат та жетеді.
Кәсіпорын негізінен тау-кен және ауылшаруашылық техникаларына қажетті жанар-жағар май, ауа сүзгілерін жасайды. Сапасы шетелдік тауардан кем түспейді, ал бағасы 50 пайызға арзан, - дейді мамандар. Сондықтан соңғы жылдары тапсырыс көбейген.
Дереккөз: «Сарыарқа» телеарнасы.