Атырауда 165 орындық жаңа балабақша ашылды

Атырауда Геолог ауылдық округіне қарасты Мирас ықшамауданында жаңа балабақша ашылды,-деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Нұрәлем» бөбекжай-балабақшасында бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне сәйкес арнайы жеті топ ашылған. Олардың әрқайсысында 20-25 бала тәрбиеленеді. Балабақшаға бүлдіршіндерді 2 жастан бастап қабылдайды.
Бүгінгі күні қалада 7 800 бала балабақша кезегінде тұр. Өткен жылы Атырау қаласында және қала маңындағы елді мекендерде үш балабақша пайдалануға берілген болатын.
Сонымен қатар, Атырауда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 20 балабақшаның құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалады.
Осылайша, жақын арада қалалық және ауылдық округтерде мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешіледі деп жоспарланған.