ОҚО-да саятшылық өнерді ұлықтаған этнографиялық шара өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Салбурын - мереке ғой саятшыға» атты этнографиялық шара өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты - саятшылық, құсбегілік өнерді қайта жаңғырту. Мұнда қазақтың төл өнерін жанына серік еткен облыстағы жігіттер қауымы бақ сынады.
Этно-танымдық шараның ашылу салтанатына қатысқан белгілі жазушы Мархабат Байғұт, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Абданбекұлы, белгілі саятшы Мұхтар Атахан ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы мәні жайын сөз етті.
Шара аясында бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер айтылып, іс жүзінде ел алдында көрсетілді. Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы мағлұматтар беріп, саятшылық дәстүріміз туралы толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, саятшылық пен аңшылық жайлы қысқа метражды бейнефильм түсірілді. Танымдық шара соңында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, шарада ерекше көзге түскен саятшыларды марапаттады.