Ақтөбелік дәрігерлерге Германиядан келген онкогематолог семинар өткізді

Облыстық балалар клиникалық ауруханасында Германияның Берлин қаласындағы белгілі «Шарите» клиникасының профессоры, балалар онкогематологі Гюнтер Хенце ақтөбелік дәрігерлерге семинар өткізді.
Жиында балалар онкогематологиясы бойынша мәселелер жан-жақты талқыланды. Балаларға онкологиялық көмек көрсететін қызметті құрудың тиімділігі және балалар арасында аталған сырқаттың алдын алу, онымен күрес жөнінде кеңес берді. Сондай-ақ бұл күні отыз баланы қарап, тексерді.
Әлемде профессор Гюнтер Хенценің есімі балалар онкологиясы бойынша белгілі. Дәрігер ұзақ жылдар бойы балалар онкологиясының халықаралық қоғамын және Германиядағы «Шарите» медициналық клиникасында балалар онкологиясы қызметін басқарды.
2012-2016 жылдары професссор еліміздегі балалар онкологиясын дамыту, балалар онкологиялық қызметін қайта құру бойынша бағдарламалардың басты үйлестірушісі болып, осы бағытта жұмыс жүргізді.
Келер жылы медициналық кластердің құрамына кіретін облыстық балалар ауруханасы жанынан онкогематология корпусы салынады. Германиялық дәрігер осы қызметті үйлестіру бойынша жергілікті мамандарға дәріс берді.
Дереккөз: «Ақтөбе» газеті.