Шығыс Қазақстанда көктемгі су тасқынын болдырмау жұмыстары басталды

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында облыста бір мың адамнан құралған авариялық-құтқару тобы жасақталды. Бұдан бөлек үш жүзге жуық техника, 56 жүзу құралы мен тоғыз тікұшақ сақадай сай тұр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин мәлім етті.
– Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты және Солоновка өзендері арнасынан шығып, су тасу қаупі бар. Өйткені бұл өзендердің бетінде қалың мұз қатып қалған. Соған байланысты алдын алу шаралары жүргізілуде. Өкінішке қарай, биыл Глубокое ауданындағы Предгорное, Уварово, Кожохово, Черемшанка, Прапорщиково, Ушанов ауылдарының тұрғындары еріген қар суының салдарынан зардап шекті. Өйткені жергілікті атқарушы билік өкілдері дер кезінде арықтар мен каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізбеген, - дейді Александр Ломыгин.
Биыл облыс аумағындағы қардың қалыңдығы 25 сантиметрге жеткен.
«Қазгидромет» мамандарының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, қардың кеш жауып, қара суықтың ұзаққа созылуына байланысты Көкпекті, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Өскемен қаласындағы топырақ 40-тан 150 сантиметрге дейін тоңданып қатып қалған. Александр Ломыгиннің айтуынша, өңірде көктем мезгілінде су тасқыны болып, жұмыс күші жетіспей жатса, онда бұл іске Павлодар, Алматы, Қарағанды облыстарындағы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмылдырылатын болады.
Дереккөз: «Дидар» газеті.