Құрылыс саласындағы еңбек қатынастары мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев құрылыс саласындағы еңбек қатынастары мәселесіне арналған жиын өткізді, деп хабарлайды министрліктің ресми сайты.
Жиынға ҚР құрылысшылар қауымдастығы, ҚР Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығы, ҚР кәсіподақтар федерациясы, «ҚР Құрылыс кешені және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері Салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігі өкілдері қатысты.
«Көп жағдайда жұмыс берушілер еңбеккерлерді жұмыстан босатқаны туралы жұмыспен қамту қызметтеріне хабарламайды және ешқандай алдын ала ескерту жасаймайды. Олардың әрі қарай жұмысқа орналасуына да ықпал етпейді. Осылайша құрылыс мекемелернің басшылары Еңбек заңнамаларының орындалуын сақтамай, туындауы мүмкін әлеуметтік зардаптардың алдын алмайды», - деді еңбек министрінің орынбасары.
Нұржан Әлтаевтың айтуынша, тұрғындар мен жұмыс берушілерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан тиімді шаралар қолға алынған. Бұл тұрғыда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы жүзеге асып келеді. Алайда жұмыс берушілер бұл бағдарламаның тетіктерін біле бермейді.
- Статистика құрылыс индустриясында адамдардың ең көп жарақат алатындығын көрсетіп отыр. Дегенмен, жарақат алу деңгейінің жалпы көлемінің төмендеуіне қарамастан, жыл сайын 1500-ден астам жұмысшы зардап шегеді – деп сөзін қорытындылады вице-министр Нұржан Әлтаев.
Кездесу қорытындысында тараптар құрылыс саласындағы еңбек қатынастарына қатысты проблемалық мәселелерді шешуде бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді көздеп отыр.