Биыл Ақтөбеде 13 жаңа мектеп пен 38 балабақша пайдалануға беріледі

Президенттің үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ақтөбе облысында 26 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде биылғы жылы кемінде 13-і пайдалануға беріледі, - деді тұрғындармен кездесу барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде 5,7 мың орынға арналған 38 балабақша ашу жоспарланып отыр. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 98% -ке арттырады.
- 2017 жылы 3500-ден астам орынға 39 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 93%-тен 96% -ке дейін арттыруға мүмкіндік берді. 32 мектептің құрылысы жалғасуда, оның ішінде 15 апаттық жағдайдағы, төрт ескі және жеті үш ауысымдық мектептің мәселесі шешілді, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы «Бақытты бала» жобасының аясында жүзеге асырылатын шараларға тоқтала келе, жоба бойынша 218 балабақша және 243 мектеп интерактивті жабдықпен жабдықталатынын, робототехникаға арналған ресурстық орталықтар ашылатынын жеткізді.