Оңтүстік Қазақстанда «Қайырымдылық күні» өткізілді

Бұған дейін Объектив.kz тілшісі хабарлағандай, Оңтүстік Қазақстанда 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында онкүндік өтуде.
Оңтүстікте басталған онкүндіктің екінші күні - «Қайырымдылық күні» тақырыбында жалғасын тапты. Бұл күні облыс аумағында «Жан жылуы» акциясы аясында жалғызбасты және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіліп, балалар үйлерінде қайырымдылық шаралары өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Акцияға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен этномәдени бірлестіктер де белсене атсалысты.
Облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері Төлеби ауданындағы №2 балалар үйінің, Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар үйінің және Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлау және Алғыс айту күнінің мәнін ұғындыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып, сыйлықтар тарту етті.
Бүгін «Шабыт күні» аясында «Ынтымағы жарасқан Қазақстан!» тақырыбында облыстың барлық аудан, қалаларында қолөнер бұйымдарының көрмелері, Жалпы орта мектептер мен колледждерде шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.