Таразда IT мектеп-лицей ашылады

Биыл облыс орталығында ІТ мектеп–лицей ашу көзделіп отыр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов халық алдында берген есебінде мәлімдеді.
Жиында жасаған баяндамасында аймақ басшысы ІТ мектеп-лицейдің ашылуына төртінші өнеркәсіптік революциялық даму бағыты оқу орындарына зор жауапкершілік жүктеуі себеп болып отырғанын айтты.
– Елбасы Жолдауда цифрлы білім беру ресурстарын дамытуға бет бұруды тапсырды. Бізде мектептерді жылдамдығы жоғары интернетке қосу және оларды видеоқұрылғылармен жабдықтау үшін толық мүмкіндіктер бар. Бүгінде онлайн білім құралдарына және ата-аналармен хабар алмасудың заманауи әдістеріне қол жеткізу үшін облыс бойынша мектептердің 99,8 пайызы цифрлық білім беру ресурстары порталына 70,7 пайызы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылған. Алайда, мұның өзі, әсіресе бала саны көп мектептерде, әрбір мұғалім мен оқушының ғаламторға шығу мүмкіндігін қамтамасыз етпейді, – деді А. Мырзахметов.
Сондай-ақ, облыс әкімі интернет жылдамдығын көтеру үшін жергілікті бюджеттен 229 млн. теңге қарастырылып отырғанын жеткізді.
Дереккөз: Ақ жол газеті.