Биылғы жылы Ақтөбеде 17,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған

Биыл 43 мыңға жуық ақтөбелік жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша өз нәпақаларын табатын болады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде айтты. Ол өз сөзінде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету аймақтың дамуындағы басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
- Басты мақсат - өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды белсенді экономикалық қызметке мүмкіндігінше тарту. Қолдау бағдарламасының аясында 11,2 мың адам сұранысқа ие мамандықтар және кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, жұмысқа орналастырылды, - деді облыс басшысы.
Былтыр арнаулы жоспарға сәйкес 40 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, 17 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 76%-ы тұрақты деп есептелуде. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы жұмыссыздықты 4,8%-ке, жастар жұмыссыздығын 3,2%-ке ұстап тұруға мүмкін болды.
Биылғы жылы кемінде 17,5 мың жаңа жұмыс орнын құру, жұмыссыздық деңгейін бір деңгейде ұстау және өнімді жұмыспен қамту арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын кемінде 10-15%-ке жеткізу жоспарланып отыр.
Дереккөз: Ақтөбе газеті.