Болашақ отан қорғаушылар 68665 әскери бөлімшесіне барды

Астана қаласы Арнайы түзету мектеп-интернатының оқушылары мен «SOS балалар ауылының» 25 тәрбиеленушісі ҚР Қарулы күштерінің Аэромобильді әскерінің 68665 әскери бөлімшесінде болып қайтты. Шара Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орайластырылған.
Биыл құрылғанына 15 жыл толатын 68665 әскери бөлімшенің десантты-шабуыл бригадасы әскери дайындығын көрсетіп және қаруды бөлшектеу және жинау бойынша шеберлік сабақ өткізді. Сонымен қатар әскери бөлімшеге келген жеткіншектер объектінің инфрақұрылымымен танысып, мұнда болашақ отан қорғаушылар десантты-шабуыл бригадасының миссиясымен танысты.
«68665 әскери бөлімшесіне келген «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілері мен АТМИ оқушыларының жасы 14 пен 16 жас аралығын құрайды. Бұл балаларға әскери дайындық туралы алғашқы білім алып, жауапкершілік, батылдық сезімдерін, жалпы болашақ отан қорғаушысына керек адами қасиеттерді қалыптастыруға болатын кезең.
«4D – игі істер жасайық» жобасы аясында «АЯЛА» балалар үшін мемлекеттің басқа қалаларында да әртүрлі шаралар ұйымдастыруда. Бүгінгі экскурсияны да балалардың болашақта кәсіп таңдауына бағытталған жобаға жатқызуға болады. Қор ҚР Қорғаныс министрлігіне және 68665 әскери бөлімшесінің басшылығына бүгінгі шараны ұйымдастырғаны үшін үлкен алғысын білдіреді», - деп атап өтті «АЯЛА» қайырымдылық қорындағылар.