Қызылордада сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша комиссия отырысы өтті. Онда ауызсудың сапасы, аталған салада атқарылатын жұмыстардың барысы, алдағы міндеттер талқыланды.
Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2002-2010 жылдар аралығында республикалық «Ауыз су» салалық бағдарламасы іске асырылды.
Бағдарлама негізінде аудан орталықтары мен елді мекендерін сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеу, жаңарту жұмыстары жасалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, 2011 жылы Елбасы Жолдауында орталықтандырылған ауылдық елді мекендер санын 80 процентке жеткізу тапсырмасына сәйкес, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданды.
2015 жылдан бастап бірқатар салалық бағдарламалар ықшамдалып, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасына біріктіріліп, жалғасын тапқан. Бүгінге дейін бағдарлама арқылы 38 елді мекеннің су жүйелері жаңарды.
Қазір қалалық елді мекендер 100 процент ауызсумен қамтылған. Ал өңірде барлығы 260 ауылдың 199-ы топтық су құбырлармен скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Республика бойынша бұл көрсеткіш ауылдар санымен 56, халық санымен 80 процентті құрап отыр.
Дереккөз: «Сыр бойы» газеті.