Көне музыка әуендері

«Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен Камералық оркестр және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың басқаруындағы хор тыңдаушылар назарына барокко дәуірінің опералық жауһарларын ұсынады, деп хабарлайды Объектив.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
14 наурыз күні театрдың Камералық залында Baroque Opera Gala концерті өтеді.
Кешке танымал вокалистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Жәмиля Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ, Жан Тапин, халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Батыржан Смақов қатысады. Олармен бірге керемет аспапшы музыканттар – халықаралық байқаулардың лауреаттары Әнел Шәкірова, Дамиля Махпирова, Рахматали Бекбабаев (гобой), Әсет Нелдібаев (фагот), Алексей Косырев (флейта) өнер көрсетеді.
Тыңдарман қауымға атақты опера мен ораториялардан ариялар, дуэттер ұсынылады: Клеопатра ариясы, «Юлий Цезарь Мысырда» операсынан Корнелия мен Секста дуэті, «Ксеркс» операсынан Ксеркс ариясы, «Ариодант» операсынан герцог Полинессо ариясы, Г.Ф.Гендельдің «Мессия» ораториясынан тенор ариясы, К.Монтевердидің «Поппеяға тәж кигізу» операсынан Поппея мен Нерон дуэті, И.С.Бахтың Месса си минор шығармасынан альт ариясы және т.б. орындалады. «Астана Опера» Камералық хорының орындауында Ж.-Ф.Рамоның «Галантная Индия» туындысы шырқалады.
Сонымен қатар концерт бағдарламасына аспаптық туындылар – К.Монтевердидің «Орфей» операсынан токката, Г.Перселлдің «Абделазер», А.Вивальдидің скрипкамен оркестрге арналған «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Найзағай» және фаготқа арналған концерт (1-бөлім), Г.Ф.Гендельдің «Соломон» ораториясынан, К.В.Глюктың «Орфей мен Эвридика» операсынан аспаптық фрагменттер енді.