Оңтүстік Қазақстанда 350 мың гектар аумаққа шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ағымдағы жылы үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары жалпы 350,046 мың гектар аумаққа жүргізілетін болады, деп хабарлайды Объектив.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ОҚО аумақтық инспекциясының басшысы Нұржан Кашкеновтың мәлімдеуінше, мақта көбелегіне қарсы 35,75 мың гектар, ал өрмекші кенесіне қарсы 16,45 мың гектар көлемге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізу жоспарлануда.
Инспекция басшысының айтуынша, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының» облыстық филиалынан 120-ға жуық маман мен 78 қызметтік автокөлік бөлінетін болады. Аудан әкімдіктері тарапынан қосымша 277 анықтаушы жұмылдырылып, 50 жұмыс тобы құрылған.
Ал химиялық өңдеу жұмыстарына 91 дана УМО, 1 дана газогенератор агрегаттары, 8 дана АН-2 ұшағы, 66 дана аспалы бүріккіш аппаратын жұмылдыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 43 су тасушы техника және пестицидтерді ерітуге қажетті 91 су көздері дайындалатын болады.
2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өсімдіктерді қорғау саласы бойынша 70-ке жуық субъектіге ішінара тексеру жүргізу жоспарланған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артып отырғандығын көрсетіп отыр.