Ақтөбеде Наурыз мейрамында «Шұбат-Пати» ұйымдастырылады

Бұған дейін Объектив.kz тілшісі Ақтөбеде Наурыз мейрамы бір ай көлемінде тойланатыны жайлы хабарлаған болатын.
Ақтөбе облыстық мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша,
21 наурыз күні Ақтөбе қаласы мен аудандарда түйе, ат жеккен шаналарын безендіріп, сырнайлатып-кернейлеткен жастар жағы Жарапазан айтып, халықты мерекемен құттықтап, Наурыз мейрамына шақырады.
Келесі күні «Наурыз — құтты мекен Ақтөбеде!» халықтық қыдыру болады. Яғни, мереке күні Наурызға арналған мәдени көпшілік шаралар, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, сауда-саттық қыза түспек.
Облыс орталығында Ақтөбе қаласы мен 12 ауданның тауар өндірушілерінің қатысуымен «Ақтөбеде жасалған» ұлттық тағамдар көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылады. Сол жерде «Шұбат-Пати» ұйымдастырылады. Көрмеге халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдары қойылады. Ақтөбеліктер шұбаттан дәм татып, өз бағасын береді.
Наурыз тойын тойлауға арналған бір ай уақыт ішінде «Этно-fashion» ұлттық киімдер флешмобы, дефиле де өткізу жоспарда бар.
«Наурыз нақыштары» атты суретшілердің көрме-байқауына қатысушыларына қойылатын басты талап — жұмыстарында қазақ халқының бай мұрасы, салт-дәстүрі, ұлттық киім-кешектері мен ыдыс-аяқтары, музыкалық аспаптары бейнеленуі керек.
Облыс территориясында Наурызды тойлау шаралары сәуірде де өз жалғасын таппақ.
Келер айдың басында «Жалын жастар көктемі» жастар акциясы кезінде тал егу жұмыстары қолға алынып, үлкендерге құрмет көрсету, ауыл, қала жастарының слеті, сондай-ақ, түрлі спорттық шаралар өткізіліп, ән айтып, би билеуден сайыстар мерекені қыздыра түспек. Бата жарысы, «Береке басы — Наурыз!» этнографиялық танымдық көрмелерді өткізу сәуір айына жоспарланған.
Дереккөз: «Ақтөбе» газеті.