Мемлекеттік тілді үйретуде жаңашылдық қажет

Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыс әкімі Ерлан Қошанов Тілдерді дамыту басқармасының жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Объектив.kz облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аймақ басшысы қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмай отырған мекемелер мен өңірлерге қатысты шара қолдануды тапсырды.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекованың баяндамасына сай, облыстың 13 өңірінде мемлекеттік тілді оқыту жұмысы жүргізіліп, 2 мың адам оқытылған деген дерегі аймақ басшысының көңілінен шықпады.
- Оқыту жағынан мен сізге айтайын, біз алысқа кеткен жоқпыз. Мен мұны бақылап, тексеріп көрдім. Оқытуда әдістемелік құралдарыңыз, негізгі методикаларыңыз - оның бәрі сын көтермейді. Бұл негізі біздің болашағымызға, ұлт болашағына, ел болашағына қажет үлкен мәселе! Ал егер оған біз осылай немқұрайлы қарайтын болсақ қайда барамыз біз ертең?! Елбасы айтты қазақ қазақпен қазақша сөйлесін деп, соған қандай ықпал жасап жатырсыздар? Тіпті науқан қылу керек, оқыту керек, бұл әріптестеріміздің болашағына керек,-деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов өз сөзінде мемлекеттік басылымдарда қазақ тілінде шығатын контенттің үлесін ұлғайту әкімдердің міндеті екенін айтып, жоспарлы түрде кезең-кезеңмен қазақ тілдегі материалдар көлемін арттыру мәселесін шешу керектігін тапсырды.
Облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттік бағдарламада көрсетілген «Мемлекеттік БАҚ-ғы қазақ тіліндегі контенттің үлесі» нысаналы индикаторына облыс бойынша қол жеткізілгенмен, Шахтинск, Балқаш, Қарағанды, Жезқазған, Қаражал, Приозерск, Сәтпаев қалалары мен Осакаровка және Нұра аудандары жоспарланған көрсеткішке әлі жете алмай отыр.