Оралда жаңа мектеп ашылды

Жаңа №48 мектеп Деркөл кентінің «Көкжиек» шағын ауданында орналасқан. 600 оқушыға арналған білім беру нысанының құрылысы 2016 жылдың қараша айында басталған еді. Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің ресми сайты.
Облыс басшысы өз сөзінде бұл жыл басынан бері пайдалануға берілген екінші мектеп екендігін айтып,алдағы уақытта тек облыс орталығында емес, Бөкей Ордасы, Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарында мектептер салынатынын жеткізді.
- Облыс бойынша бұл саладағы бюджет соңғы үш жылда 20 млрд. теңгеге көбейді. Биылғы жылға да ауқымды жоспарларымыз бар. Мұғалімдер жағдайына да мемлекет басшысы баса назар аударуда. Осы орайда жаңа форматқа оқуға көшкен мұғалімдердің жалақысы көбейетін болады. Оған қазір республикадан тиісті қаражат күтіп отырмыз. Бастысы жыл сайын бұл бағыттағы жұмыс жалғасады,-деді А.Көлгінов.
Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метр мектеп ғимаратында 56 кабинет бар. Сонымен қатар 25 оқырманға кітапхана, 2 шеберхана, барлық құралдарымен жабдықталған спорт залы, 200 орындық мәжіліс залы, радиоторап кабинеті, 130 орынға арналған мектеп асханасы салынған. Барлық кабинеттер проектілік экранмен жабдықталған.
Мектепке 500 оқушы, шағын орталыққа 100 оқушы қабылданбақ.