Алматыда пестицидтерді өндіретін зауыт салынады

2019 жылы Алматы облысында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен түрік инвестициясына өсімдіктерді қорғайтын дәрілік заттарды өндіретін зауыт салынады, деп хабарлайды Объектив.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетелдік инвестор «Агробэст Груп» түрік холдингі Қазақстанда гербицидтер, инсектицидтер, фунгицидтер, дәндерді улағыштар мен глифосатты шығаруға 30 млн. АҚШ долларын салады.
«Kazakh Invest» осы жобаны жүзеге асыру үшін қажетті барлық рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын алуға ықпал етеді. Осыған орай, «Kazakh Invest» өңірлік өкілдігінің қолдауымен Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан «Қайрат» индустриалды аймақта осы жобаны іске асыруға жер телімі таңдалды.
Жобалау жұмыстарына инвестор таяу арада кірісуді жоспарлап отыр. Зауыттың құрылысы ағымдағы жылдың аяғында басталып, 2019 жылы аяқталады.
Өнімнің 60% пайыздан астамы ішкі нарықты қамтып, қалған бөлігі Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерге экспортталмақ.
Салынып жатқан зауыттың жалпы қуаты жылына 12 мың тоннаға дейін пестицидтердің өндірісін қамтитын болады. Аймақта шамамен 200 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.