Наверх

Погода в Астане: 18 июля, ночь: +17° 3 м/с18 июля, утро: +23° 2 м/с18 июля, день: +29° 3 м/с18 июля, вечер: +25° 3 м/с

Оңтүстік Қазақстанда шегірткемен күрес шаралары басталды

508
Фото: agroinfo.kz.

Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары басталды. Биыл зиянкестермен күрес жұмыстары өңірдегі 350 мың гектар алқапта жүргізілетін болады, деп хабарлайды Объектив.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның 60 пайызы жер үсті агрегаттарымен, 40 пайызы авиациямен өңделеді. Бұл туралы Сарығаш ауданы Бірлік ауылдық округінде облыс əкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен семинар кеңесте Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов мәлім етті.

Инспекция басшысының айтуынша, химиялық күрес шаралары былтырғыдан 1,3 есеге азайған. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары 341 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы 4,3 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 4,7 мың гектарда жүргізіледі.

«Биыл марокко шегірткесіне қарсы күрес шараларына 91 дана жерүсті бүріккіштері жұмылдырылмақ. Олар 184,4 мың гектарды залалсыздандыратын болады. Сондай-ақ, 6 дана АН-2 ұшақтарының көмегімен 137,6 мың гектарда химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарлануда. Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 50 инспектор және 19 автокөлік бөлінеді», – деді Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов.

Айта кетейік, 350 мың гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1121 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 128 анықтаушы және 83 қызметтік автокөлік бөлінген. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа тарту арқылы 278 адам тартылып, 406 анықтаушы зерттеу жұмыстарына жұмылдырылмақ.

Оценить материал
0